Тікелей эфир

Зейнетақыны SMS-пен рәсімдеуге болады. Жаңалықтарға шолу

Тағы бір әнші министрдің кеңесшісі болып тағайындалды. Алдағы үш күн жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді.

Қостанайдан Астанаға дейін ұшу ақысы – 5999 теңге

FlyArystan әуе компаниясы Қостанайдан Бас қалаға дейін күн сайын ұшатын рейсті іске қоспақшы. Бірінші рейс 3-ші қазанға жоспарланған. Лоукостердің сайтына билеттері сатылымға шығарылды. Бір бағытқа ең арзан билеттің бағасы 5999 теңге болып белгіленген. Қостанай-Астана бағытындағы әуе рейсінің ұшу ұзақтығы 1 сағатты құрайды. Жолаушылар 180 орындық Airbus A320 ұшақтарымен тасымалданады.

Зейнетақыны SMS-пен рәсімдеуге болады

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы зейнеткерлікті проактив әдісімен рәсімдеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бұрын болашақ зейнеткерге зейнетақы төлемдерін тағайындау қызметін алу үшін міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет болса, енді зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін смс-хабарлама жолданады. Келісім берілген жағдайда кадр бөліміне алдын ала тапсырылған құжаттар жауапты мемлекеттік органның мақұлдауына электронды түрде жіберіледі.

Қызметті осылай алу үшін зейнеткер жұмыс берушісінің кадр бөліміне алдын ала еңбек өтілі, зейнеткерлік жүйеге қатысуы сияқты мәліметтерді ұсынады. Бұл ақпарат еңбек келісімдерін есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Пилоттық жобаның алғашқы кезеңінде осындай әдіспен корпорацияның өз қызметкерлері зейнеткерлікті рәсімдеп жатыр. Нәтижесіне сәйкес жобаны басқа ұйымдарға да енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Тоқаев "Азия қаламгерлерінің" бірыңғай кітапханасын құруды ұсынды

Елордада Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. Оған 300-ге жуық шетелдік және отандық жазушылар қатысып қатысып отыр. Арасында халықаралық Нобель, Букер сыйлықтарының лауреаттары бар. Шараның ашылуында сөз сөйлеген Президент Қ.Тоқаев Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте "Азия алыбы" халықаралық әдеби сыйлығын тағайындап, Азия жазушыларына ортақ бірыңғай кітапхана құруды ұсынды.

Ақмола облысындағы түйнеме карантинінің күші жойылды

"Ақмола облысының Аршалы ауданы Ольгинка ауылында түйнеменің табылуына байланысты 2019 жылғы 17 тамызда енгізілген карантин қазіргі таңда алынды" деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Ведомство таратқан ресми ақпаратта ауылдың барлық үйлері зарарсыздандырылғаннан кейін ауруды қоздырғыштар табылмағаны туралы жазылған. Бұны сараптаманың қорытындысы растаған. Абырой болғанда малдардың ауруды жұқтыруы мен өліміне әкеп соққан жаңа деректері тіркелмепті.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы ұсталды

"Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қарасты басқарманың басшысы сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды" деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінен. Таратылған ақпаратқа сүйенсек, ол еліміздің бірнеше аймағындағы компания басшыларынан бірнеше мәрте (8 млн теңгеден астам) пара алды деген күдікке ілініп отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 2018 жылы дәл осындай қылмыс жасағаны үшін осы басқарманың бұрынғы басшысы Әлімжан Қарқынбаевтың да істі болғанын хабарлады.

Әнші Қыдырәлі Болманов министрдің кеңесшісі болып тағайындалды

ҚР Мәдениет және спорт министрінің көмекшісіне Қ.Болмановты тағайындау рәсімі 3-ші қыркүйекте өткен. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әнші мәдениет мәселелеріне жетекшілік етеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы үш күн жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. 5-7 қыркүйекте Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда нөсер жаңбыр жауады. Сондай-ақ күздің негізгі сипаты ретінде тұман түсуі мүмкін. Соған байланысты түнгі және таңғы уақыттарда көру қашықтығы 200-500 м дейін нашарлайды. Республиканың батыс аймақтарына антициклон ығысып, жаңбыр басылады. Ауа температурасы Қазақстанның бүкіл аймағында климаттық нормадан 3…6°С төмен болады.

24.kz: 1$=388, 18 теңге. Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сесисиясының қорытындысында АҚШ долларының орташа бағамы 388,18 теңгені құрады.

Тengrinews.kz: ІІМ Жаңаөзендегі заңсыз митингілердің жолын кеседі. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев айтты. "Бір топ адам Қазақстанда 55 қытайлық кәсіпорын ашылады дегенге қарсы шықты. Бүгін бұл ақпарат жалған және ешқандай кәсіпорындар ашылмайды, бірлескен кәсіпорындар бар, инвестициялар бар. Бірақ әлеуметтік желілерде қате ақпарат тарап жатыр, бұл заңсыз. Егер заңсыз митингіге шақыратын болса, ішкі істер органдары бұл митингілерді жолын кесетін болады. Бүгінгі таңда бәрі тыныш" деді Тұрғымбаев. Министр Жаңаөзенде тұрғындардың әкіммен кездескенін, соның нәтижесінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары