Тікелей эфир

"Партияның Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендету керек". Президент депутаттар алдында сөз сөйледі

Бүгін елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттің бірінші сессиясы жұмысын бастады.

"Құрметті депутаттар! Баршаңызды сайлаудың аяқталуымен құттықтаймын және жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тілеймін. Өткен шақырылымның депутаттарына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.

Президент дерегінше, 5 жылға жуық уақытта Парламент қабырғасында 410 заң қабылданды. Депутаттар өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын толық пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындады.

"Бұл осыған дейінгі 5-ші шақырылым депутаттарының бастамаларын қоса алғаннан да көп. Жаңа депутаттар алдыңғы әріптестерінің осы қарқынын сақтай отырып, анағұрлым қарқынды жұмыс істеуі қажет. Себебі, бәрімізді зор міндеттер мен ауқымды істер күтіп отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент: Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек.

Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес

"Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат. Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек, – деді Президент. – Сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал".

Жаңа стандарттарға сәйкес 3 500-ден астам ауыл жаңғыртылады.

"Жаңа стандарттарға сәйкес 3 500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы: Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. 

Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді

"Өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді. Бұған партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота белгілеу арқылы қол жеткіздік. Құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен түспа-тұс келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне қадам бастық. Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, отанымызға адал қызмет етті деп кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы. – Осы маңызды оқиға мемлекеттігіміздің тұғыры биік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан қоғамының жоғары саяси мәдениетін және азаматтық кемелдігін танытты. Барлық өңірдегі дауыс беру нәтижесі мемлекеттің стратегииялық бағытын халық жаппай қолдайтындығын байқатты. Біз болашаққа сеніммен бет алу үшін қажетті алғышарттарды бірге жасадық. Саяси ұстанымдарымыз әртүрлі болса да, міндетіміз бір. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанды қуатты елге айналдыру".

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізіледі

"Жылдың басында сайлау өткізу арқылы қиындықтармен күресіп қана қоймай жаңғыруға жол ашып, жаңа серпінге ие болдық. Осы қарқынды сақтап, бағдарымыздан жаңылмау өте маңызды. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілдетін болады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділет қоғам құруға жұмылдыруымыз керектігін баса айтты.

"Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп,қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қасатындығын білгені жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонымен қатар, Президент саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5% төмендету керек. Бұл заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандыратынын айтты.

"Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы, мықты да инклюзивті қоғам құрудың негізгі құралы – тиімді әлеуметтік саясат. Адам даму индексінің көптеген көрсеткіштері бойынша айтарлықтай ілгерілеуге қарамастан Қазақстан жетекші елдерден артта қалып келетінін айтты. 

"Бүгінде Тәуелсіздік буыны саны жөнінен біздің еліміздің барлық азаматтарының жартысын құрайды. Қазіргі балалар мен жастар 2050 жылға қарай Қазақстанның еңбек нарығын айқындайтын болады. Елдің болашақтағы әл-ауқаты дәл солардың бәсекеге қабілеттілігіне тәуелді. Отандық денсаулық сақтауды жаңғыртудың маңызы зор. Пандемия жағдайында бұл мәселенің өзектілігі айқын аңғарылды. Денсаулық сақтау жүйесі науқастарға жұмыс істеуі керек, оның негізгі мүддесі адам денсаулығы мен өмірі болуы тиіс", – деді Президент. 

Президент: Азаматтардың салауатты өмір салты – дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі шарты. Сондықтан бұқаралық және балалар спортына аса мән беру керек, бұл туралы мен Жолдауда бұған дейін айтқан болатынмын. Қайталап өтемін, бұл – стратегиялық маңызға ие басым міндет. 

"Бізге әлеуметтік қамсыздандыру бойынша саясатты қайта жандандыру керек. Мемлекет басымдығы ең осал азаматтарды қолдау болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік көмектің нақты иесін табуын және оны алудағы сәйкес талаптарды күшейту қажет. Біз маңызды да бірегей реформаны – зейнетақы активтерінің бөлігін шешіп алу және қолдану мүмкіндігін іске қостық. Бұдан бөлек, азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқару мүмкіндігін беру керек",– деді мемлекет басшысы.

Үкімет пен Ұлттық банк Зейнетақы жүйесін әрі қарай датыту концепциясын әзірлеп жатыр. Оның жүзеге асыру сапалы заңнамалық қамсыздандыруды қажет ететіні анық. 

Мемлекет басшысы: Тағы бір міндет – бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау. Жаңа реттеу саясатына негізделген кәсіпкерлікті қолдау механизмдерін әзірлеу қажет. 

"Өнеркәсіптік саясат туралы" заңын қабылдаудың өзектілігі артып келеді. Ол шектеулі болуы тиіс. Онда отандық бизнесті дамыту және ынталандырудың нақты шаралары мен қолдау механизмдерін қарастыру керек. 29 қаңтарда өтетін Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің жуырдағы отырысында жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесін, 2025 жылға дейінгі ел дамуының жаңартылған ұлттық жоспарын, сондай-ақ, мемлекеттік басқарудың жаңа концепциясын мақұлдау жоспарланып отыр. Менің тапсырмама сәйкес Үкіметтің алдында бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мембағдарламалардың Ұлттық жобаларға трансформациясын қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл жұмыстар аясында бағдарламалық құжаттарға Nur Otan сайлауалды бағдарламасында айтылған бастамаларды енгізу қажет. Партия ұсынған шаралар мен мәсілдер жұмысқа алынып, жүзеге асырылуы тиіс. Парламентке өткен екі партияның бағдарламаларындағы конструктивті ұсыныстарды да Үкімет мұқият зерттейді", – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады

"Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады. Осы мақсатта электронды үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланған абзал. Парламенттің заң шығарумен қатар бақылау функциясы да бар екенін білесіздер. Оның тиімділігі халықаралық тәжірибеде дәлелденген", – деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің пайымынша, осы аса маңызды құзыретті тиімді пайдалану қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің институционалдық негізін едәуір орнықтырады.

"Бұл менің "күшті Президент, ықпалды Парламент, жауапты Үкімет" деп аталатын саяси формуламмен үндесіп жатыр. Депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғап, әрдайым табандылық танытуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Онлайн петиция институтын да заң жүзінде рәсімдеуіміз керек. Бұл туралы 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

"Алтыншы – азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау. Өздеріңіз білесіздер, жыл басында мен кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті Заңға қол қойдым. Сол арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттігін едәуір күшейттік", – деді Мемлекет басшысы.

Президент енді азаматтық белсенділікті арттыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалатынын айтты.

"Бұл – талқыланып жатқан қоғамдық бақылау туралы заң. Біз онлайн петиция институтын да заң жүзінде рәсімдеуіміз керек. Бұл бастамалардың мақсаты – мемлекет қызметінің тиімділігін арттыру, шешім қабылдауға азаматтық қоғамды тарту", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады.

Президент: Тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау. Биыл жекелеген ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады.

Президент мұнынмен де шектеліп қалмауымыз керектігін, саяси жүйені орнықтырып, шешімдер қабылдау үдерісіне азаматтардың ықпал етуін күшейте түсу үшін тың серпін қажеттігін баса айтты.

"Бұл бағытта реформалардың екінші бөлігін әзірлеу барысында ауқымды жұмыстар жасалды. Онда барлық партияның, соның ішінде кеше Парламентке өтпей қалған саяси күштердің де ұсыныстары ескерілді және болашақта да назарымызда болады. Ұлттық кеңес мүшелерінің және басқа да беделді сарапшылар мен белсенді азаматтардың идеялары, бастамалары қамтылып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырысқа Сенаттың 49 депутатының 42-сі, Мәжілістің 107 депутатының 99-ы қатысты.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары