Тікелей эфир

Зейнетақы жинағын пайдалану: өтінімдер неге мақұлданбай жатыр?

БЖЗҚ өтінімді қабылдағаны туралы статусты көрген азаматтар өзінің арнайы шотындағы соманы Тұрғын үй жинақ банкі мобильді қосымшасында көре алады.

5-31 қаңтар аралығында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жеке зейнетақы шотынан жинағын мерзімінен бұрын алу үшін 1,2 миллионнан астам салымшы мен алушы жүгінген. БЖЗҚ 4 уәкілетті оператормен келісім жасасқан. Олар:

  • Отбасы банк;
  • Халық банк;
  • Altynbank;
  • Банк ЦентрКредит.

2021 жылғы қаңтарда БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан 52 001 салымшының өтінімі келіп түскен.

"23 қаңтардан бастап қазақстандықтар Отбасы банкіне өтінім бере бастады, өтініш қаралғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде тиісті НҚА және БЖЗҚ-мен жасалған келісімде белгіленген тәртіппен электронды хабарлама шеңберінде БЖЗҚ-ға мәліметтерді жібереді. 25 қаңтарда БЖЗҚ "Отбасы Банкінің" уәкілетті операторынан өтінімдер қабылдауды бастады. Барлық өтінімдер бір күн ішінде қаралды", – деді "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алуға өтінім қабылдайтын сайт іске қосылды. Азаматтар нені білуі қажет?


"Жалпы сомасы 212,1 млрд теңгеден асатын 38 389 өтініш, яғни 74 пайызы өңдеуге қабылданды. Төлемнің орташа сомасы 5,5 млн теңгені құрады. 28 қаңтардан бастап БЖЗҚ-ға Қазақстан Халық банкінен өтінімдер түсе бастады, ал үш күн ішінде, яғни 28-30 қаңтар аралығында БЖЗҚ-ға 132 өтінім түсті. Оның 118-і өңдеуге қабылданды, жалпы сомасы 510 млн теңгеге жуық", – деп түсіндірді БЖЗҚ төрағасы.

Демек, өтінімдерді қабылдаудың басынан бастап 30 қаңтарға дейін БЖЗҚ 212,6 млрд теңге сомасына 38 507 өтінімді алдын ала мақұлдады және өңдеуге қабылдады.

"Өтінімді қабылдамаудың негізгі себебі – салымшылар өтінімде зейнетақы жинақтарын шешіп алу үшін қолжетімді сомадан артық соманы көрсетеді. Өтінімнің мақұлданбауының 13 пайызы сұралып отырған сома қолжетімді сомадан асып түскендігіне байланысты. Бұдан басқа, қайталанған және дұрыс ресімделмеген өтінімдер болды", – деді Жанат Құрманов.

Оның айтуынша, "БЖЗҚ" АҚ деректер базасында жеке зейнетақы шоттары және тиісінше зейнетақы жинақтары жоқ тұлғалардан да өтінімдер келіп түскен.

50 мың салымшының шотына таяу күнде ақша аударылады

"БЖЗҚ порталы мен біздің банктің порталына бүгінге дейін 80 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде 50 519 өтініш иесі туралы айтар болсақ, қазір олар жеке кабинетіне кірсе, онда БЖЗҚ өтінішін қарауға қабылдағаны туралы жаңалықты көре алады. Қарау мерзімі 3-тен 5 күнге дейін созылады. 50 мың салымшы іс жүзінде бірінші кезеңнен өтті. Олардың өтініші арнайы шотқа ақша аудару сатысында тұр. Оның 8 мыңы – кеше сағат 16:00-ге дейін өздерінің арнайы шоттарындағы ақшаны көрді. Бұл мобильді қосымшада көрініп тұр", – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ол сонымен қатар БЖЗҚ-ның өтінімді қабылдағаны туралы статусты көрген азаматтар өзінің арнайы шотындағы соманы көре алатынын, ол үшін Тұрғын үй жинақ банкі мобильді қосымшасына кіруі керектігін ескертті. Ләззат Ибрагимова баспана бағасы қымбаттап кеткен шақта үй іздеушілерге аздап күте тұруға кеңес берді.

"Сұраныс пен ұсыныс теңесуі керек. Меніңше, осы жылдың мамыры мен маусымы аралығында баға мәселесі өткен жылға ұқсас кезеңге оралуы тиіс", – деді Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар ол зейнетақы жинағының бір бөлігіне 45 күннің ішінде үй таба алмай қалатын азаматтарды сабыр сақтауға шақырды.


Оқи отырыңыз: Толық емес отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? Өзекті 15 сұраққа жауап


"Мұндай жағдайда 45 күнннен кейін қаражат жеке зейнетақы қорына қайтарылады. Ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Одан кейін де қайта өтінім жіберуге әбден болады", – деді ол.

Ләззат Ибраимова қазақстандықтар жинақтарын қандай мақсатта алып жатқандары туралы сөз етті. Оның айтуынша, зейнетақы жинағын алуға өтініш тастағандардың 41 пайызы, әрбір екінші адам қолданыстағы ипотека қарызын өтеушілер.

  • Екінші мақсат – толық сатып алу арқылы тұрғын үй сатып алу. Біз оған қатты таңғалдық, себебі 21 пайызы, яғни әрбір бесінші өтініш осы мақсатта түскен. Ең алдымен ол зейнетақы қорында 15 миллион теңгеден жоғары қаржысы бар адамдар.
  • Үшінші мақсат – 17 пайызы туыстарына баспана алуға қолдану. 9069 қазақстандық бір-біріне көмектесуді ұйғарған: әкесі қызына, ағасына, әпкесіне деген секілді.
  • Төртінші мақсат – өтініш берушілердің 8 пайызы "Отбасы банкінде" тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде тұрғын үйге ипотекалық қарыз алу. Жалпы бұл мақсатта 3708 өтініш түскен.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары