Тікелей эфир

Үшінші мегаполис. Инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау өңір дамуына қалай әсер етеді?

Халықаралық бизнес университетінің Бизнесті талдау орталығының инвестициялық жоба бойынша жасаған зерттеуін ұсынамыз.

Республикалық маңызы бар үшінші қала Шымкентте 2016 жылы 885 799 адам тұрса, 2020 жылдың тамыз айында 1 054 413 адамға дейін жеткен. Ең әуелі қала халқының өсіп, 1 миллионнан асқанының өзі бұл қаланың өмір сүруге қолайлы екенін және болашағы бар екенін айғақтап тұр. Халық санының өсуі инвестицияның тартылуының негізгі қозғаушы күші. Кез-келген инвестор халық көп шағырланған жерге қызығушылық білдіруі орынды, бірақ ол жердегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өмір сүру деңгейі, төлем қабілеттілігінің болуы өз алдына бір мәселе.

Осыған байланысты қаланың ескі ипподромы және оған іргелес жерде "Grand Park/Atamura" жаңа тұрғын үй кешенін салу ұсынысын көріп отырмыз. Алайда, "бұл тұрғын үй кешенінің салынуы қаланың экономикалық және әлеуметтік жағдайына, халықтың өмір сүру сапасына, қаланың экологиялық жағдайына оң әсері бар ма?" деген заңды сауал туындайды. Соған байланысты Шымкент қаласының тұрғындарының негізгі мәселелерін анықтап, жаңа тұрғын үй кешенінің бұл мәселелерге қалай әсер ететінін қарастырайық.

Халықтың әлеуметтік жағдайы

Шымкент қаласының 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қаланың нақты ЖІӨ жылына 3%-ға өседі деп айтылған.

Алайда, бұл болжамда 2020 жылғы Covid-19-ға байланысты пандемия мен соның салдарынан болатын карантин ескерілмеді. Ал карантин өз кезегінде қала халқының жұмыссыздық деңгейіне әсер еткені анық. 2020 жылдың 1 қаңтары мен 1 қараша аралығында жалпы тіркеуде тұрған жұмыссыздар саны 9 067-ден 12 117-ге жетіп, жұмыссыздық деңгейі күннен күнге артуда. Бұл қаланың болжанған ЖІӨ көрсеткіштерінің кері төмендеуіне ықпал етіп отыр.

Қалада еңбекке жарамды тұрғындар саны – 506 мың. Төтенше жағдай кезінде 295 мың адам 42 500 теңгеден әлеуметтік көмек алды, ол Шымкенттің экономикалық белсенді халқының 58 пайызын құрайды. Біз бұл үлес 295 мың адамнан 12 117-ге бірден азайып кетті дегенге сене алмаймыз. Ұйғаруымызша, жұмыссыздар саны 100 мың адамға жетті деп айтуға негіз бар. Бұл әдеуметтік осал топтағы кедей адамдардың үлесін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, жергілікті әкімшілік тарапынан тез арадағы шұғыл қимылды талап етеді. Әзірге маусымдық жобаларға жұмыссыз азаматтарды тарта тұрса, кейінірек азаматтарды жұмыспен қамтудың кешенді бағдарламаларын әзірлеу қажет.

Бұл мәселелерге қатысты "Grand Park/Atamura" тұрғын үй кешенінің жобасы бойынша 6 151 пәтер ұсынылмақшы. Осы тұрғын үйлерді салуға 2021-2026 жылдар аралығында 6 мың жұмыс орны ашылады, ал 2022 жылдан бастап тұрғын үйлер пайдалануға берілген соң, тұрақты 2 500 жұмыс орны ұсынылмақшы. Демек, жұмыссыздықтың үлесін азайтуда бұл жобаның біраз көлемде тигізер үлесі бар. Жұмыс орындары: құрылыс, қызмет көрсету, білім беру және көңіл көтеру салаларын қамтиды.

Шымкенттің өңірлік ішкі өнімі 2 трлн теңге, ал 200 млрд теңге инвестиция 5 жылдық құрылысқа арналған. Сонда жылына 40 млрд теңгеден болады. Ол жергілікті Өңірлік ішкі өнімнің көрсеткішін 2021-2026 жылдары жыл сайын қосымша 2% дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, шартты түрде салықтық түсімдерді 10 пайыз деп алсақ, ол жергілікті бюджетке шамамен 5жылға 20 млрд, ал жыл сайын 4 млрд теңге кірістілікті қамтамасыз етуі мүмкін.

Әрине, осы инвестицияны қарастырғанда бір мәселе туындайды. Тұрғын үй кешені салынғанда жабдықтаушы ретінде Шымкент қаласы және оған іргелес аймақтағы құрылыс кәсіпорындарымен қаншалықты бірге жұмыс істейтіні. Себебі, тұрғын үй кешені құрылысында компания жергілікті жабдықтаушылармен жұмыс істейтін болса, бұл қаланың экономикасының дамуына үлкен септігін тигізеді.

Келесідей қауіптің де бар екенін айтып кетуіміз қажет. Бұл көрсеткіштер 100 пайыз құрылыс жұмыстарына жергілікті өнімді алған жағдайда ғана жүзеге асырылмақ. Құрылысқа 95 млрд теңге жұмылдыру көзделуде, құрылыс материалдарының 70 пайызы жергілікті кәсіпорындардан алынады деген мәлімет бар. Сонда 66,5 млрд теңге жергілікті өндірушілерді қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Ең маңыздысы сол жердегі кәсіпкерлер сұранысты қанағаттандыруға дайын болулары қажет.

"Бұл инвестиция қала экономикасының дамуына мультипликативті әсер ете ме?" деген сауалға жауап берейік. "Сөзсіз әсер етеді" деп айтуға негіз бар, оны келесі көрсеткіштерден байқауға болады:

  • 2019 жылы Шымкент қаласына 194,9 млрд теңге инвестиция құйылған. 200 млрд теңге бұл сомадан да көп, ол тек қана құрылыс саласына ғана бағытталып отыр.
  • 2019 жылы Шымкенттің құрылыс саласына 87,6 млрд теңге инвестиция құйылған. 200 млрд теңге Шымкент қаласының құрылыс саласына салынған 2 жылдық инвестициядан да асып түседі.
  • 2019 жылы Шымкент қаласында 280,1 шаршы метр көпқабатты тұрғын үйлер қолдануға берілді. Ал "ВІ Group" салып жатқан комплекстің тұрғын үйлерінің ауданы 403 283 шаршы метр. Ол Шымкент қаласындағы 2019 жылғы берілген көпқабатты үйлердің ауданынан 44 пайызға үлкен.
  • 2019 жылы жеке компаниялар 126,2 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үй салды. Ал "ВІ Group" салып жатқан кешен ол көрсеткіштен 3,2 есе көп.
  • 2019 жылы Шымкент қаласында 3 208 пәтер қолдануға берілді. Оның 2094 пәтерді мемлекет салып берсе, 1 114 пәтерді жеке меншік компаниялар салған. Ал "Grand Park/Atamura" кешендерінде жалпы саны 6 151 пәтер болады. Ол Шымкент қаласы бойынша 2019 жылы берілген пәтер санынан 92 пайызға көп.

Кәсіпкерлік және инвестиция

Шымкент қаласының экономикалық белсенді халқының 30%-ы орта және шағын бизнесте жұмыс істейді. 2020 жылдың қарашасындағы мәліметке сәйкес 72 598 кәсіпкерлік субъектісінде 160,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл дегеніміз Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамытып және сол арқылы жұмыссыздықпен күресуге негіз бар деп айтуға болады. Әрине, "Бизнестің жол картасы – 2020" және "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы" бойынша жұмыс жүргізілуде. Алайда, жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы халықты толықтай жұмыспен қамтуға жетпейді.

Сонымен қатар, тұрғын үй кешенін салған соң 430 мың шаршы метр қамтитын үй-жай беріледі. Соның ішінде 23 302 шаршы метр коммерциялық кеңістік бөлінеді. Бұл Шымкент қаласында жаңа шағын және орта бизнес кәсіпорындарының ашылуы және сол бизнесте біршама жұмыс орнының пайда болуына себепкер болатыны анық.

Сонымен қатар қаланы дамытуда экологиялық тұстарына да мән беру қазіргі заманның талабы. Қазір ипподром орнында 1,5 га ағаштар отырғызылған. Жаңа кешеннің аумағында 20 га жасыл желектер отырғызылады деп күтілуде. Сондықтан жобаға қарайтын болсақ тұрақты дамудың үш тағанын толық ескергенін байқауға болады. Ол: экономика, әлеуметтік жағдай және экология. Кез келген қаланы дамытуда осы негізгі құндылықтар ескерілсе ол қаланың болашағы жарқын болып, тұрақты даму жолына түсетінін әлемдегі озық қалалар дәлелдеп отыр. Ең маңыздысы жобадағы шарттардың орындалуын халық бақылауда ұстау қажет деп есептейміз.

Шымкент қаласының басқа аймағынан салынатын жаңа ипподром да BI Group компаниясының есебінен салынуы, сонамен қатар жобада көрсетілген бірнеше әлеуметтік нысандар мектеп, емхана, ортопедиялық ауруларды емдейтін реабилитациялық орталықтар қала бюджетінің қаражатын үнемдеп, дағдарыстық кезеңде басқа бағыттарға жұмсауына мүмкіндік береді.

Әдетте, кез-келген қаланың динамикалық түрде дамушы қала екендігінің негізгі белгісі қала инфрақұрылымымен тікелей байланысты, қосымша-жанама инвестициялардың ағымын бұрушы құбылыстардың бірі  әсем де көрікті, биік, сәулеті ерекше ғимараттар болып келеді (Малайзия, Дубай секілді).

Сондықтан, осындай заманауй көрікті ғимараттарға инвестиция салу арқылы, қаланың экономикасын дамытуға, инфрақұрылымын жақсартуға болады. Мұндай жобалардың көп болғаны жаңа қала келбетін қалыптастырып, инвестициялық тартымдылығын арттырып қаланың синергиялық түрде дамуына үлкен себтігін тигізетін болады.

Мысалы: Әрбір қаланың ауқатты тұрғындары, өз қаражаттарына Нұрсұлтан мен Алматы сияқты ірі қалалардан заманауй пәтерлер мен кеңселер сатып алып отырады. Яғни, өз қаласында тапқан қаржысының белгілі бір бөлігін өзге қалалардың экономикасына салып отырады деген сөз. Мұны экономикада капитал ағына деп атаймыз. Сәйкесінше, өзге өңірде кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер етіп үлес қосады. Ол одан әрі сол өңірдің тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік ахуалының көтерілуіне әсер етеді.

Нысанның сапасы мен орналасу аумағы

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында заманауи стандарттармен салынған сапалы тұрғын үй нысандарының 80%-ы құрылыс аяқталғанға дейін сатылып кеткен. Бұл дегеніміз, өңірде сапалы нысандарға деген сұраныс та, тұрғындарының төлем қабілеті де жоғары деген сөз. Жоғары сұранысқа сай көлемде дүниелерді ұсынып отыру – сол өңірдің қаржысын өзінде ұстап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Әрі қосымша өзге өңірлердің де қаржыларының Шымкент қаласына құйылуына, кәсіпкерліктің қарқынды дамуына әсер етеді. Сәйкесінше Шымкент қаласы кәсіпкерлерінің өнімдеріне деген сұраныс молаяды.

Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполистің осындай құрылыс саласына салынып жатқан инвестициялардың тек Шымкентке қатысты бөлігін ғана емес, толықтай көрші өңірлерді де өздерінің сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуге мүміндігі мол. Әрине, дер кезінде сұранысқа қарай бейімделе алса.

Дәл осылай ішкі сұранысына сай сападағы өнімдерді өндіруді одан әрі молайта алса, көрші өңірлерге бөлінген қыруар қаржы ағымдарының да үлкен бөлігін, тікелей Шымкент мегаполисінің экономикасына бағыттауға мүмкіндік береді. Әрі салықтан түсетін табыстар молайып, жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелердің азаюына оң әсер етеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары