Тікелей эфир

Скрининг кімдерге тегін және қалай өтуге болады? Дәрігер түсіндірді

Скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.

Медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексерулерге, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар дерттерді анықтау шараларына қаражат бөледі. 2023 жылы Алматы қаласында ауруды ерте анықтауға арналған скринингтерге 5,4 млрд теңге қарастырылған. 

Скринингтік зерттеулерден қалай өтуге болады және бұл тексерулердің маңызы қандай? №21 қалалық аурухана директорының орынбасары Дина Тапалова осы жайында әңгімелеп берді.

"2023 жылы емханамызда жүргізілген скринингтік тексерулер барысында тіркелген азаматтар арасында 230 адамның артериалды гипертонияға, 35 пациенттің жүректің ишемиялық ауруға шалдыққаны анықталды. Тағы 61 адамның қант диабетімен ауыратыны белгілі болды. Сонымен қатар 4 адамның қатерлі ісікке шалдыққанын ерте анықтауға мүмкін болды", – дейді Дина Тапалова. 

Ауру ерте анықталса, ем-дом да нәтижелі болады. Сол себепті дәрігер профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп тұру керек дейді. 

№1. Скрининг дегеніміз не және оның қажеті қанша?

Скрининг – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді. 

№2. Скрининг арқылы қандай сырқаттарды анықтауға болады?

  • Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторларын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер:
  • Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтау – аталған диагноз негізінде динамикалық бақылауға алынбаған 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • Глаукомаға тексеру (көз іші қысымын) – 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • Жатыр мойны обырын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы әйелдер;
  • Сүт безі обырын ерте анықтау – 40-70 жас аралығындағы әйелдер;
  • Колоректальды обырды ерте анықтау – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • В және С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.

Оқи отырыңыз: Әйелдердің жүкті болмас бұрын қандай дәрумендер ішкені абзал? Гинекологтан кеңес


№3. Балалар профилактикалық тексерулерден өте ала ма?

Иә, профилактикалық тексерулерден 18 жасқа дейінгі балалар да өте алады. Оған баланың психофизикалық және жыныстық даму деңгейін бағалау, зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын анықтауға арналған тексерулер кіреді. Белгілі бір ақау табылған жағдайда салалық маманға жолдама беріледі.

№4. Профилактикалық тексеруден өтуге жолдаманы кім береді? 

Скринингтен өту үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден (терапевт) жолдама алу қажет. Жас мөлшеріне қарай бекітілген скринингтерден бірден өтуге болады. Профилактикалық тексерулер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.  

№5. Скринингтен қаншалық жиі өтіп тұру керек?

Скринингтік зерттеулердің кей түрі – бес жыл сайын, кейбірі екі немесе төрт жыл сайын жасалады. Бұл мерзім әр аурудың даму қарқынына қарай белгіленген.


Оқи отырыңыз: Жүрек саулығын сақтау үшін не істеу керек? Дәрігерден кеңес


№6. Скрининг нәтижесін қалай білуге болады?

Скринингтік зерттеуден өткен пациенттер денсаулығынан ақау табылған жағдайда салалық мамандардың консультациясына жіберіледі. Қажет болса ем тағайындалады.

Серіктестер жаңалықтары