Тікелей эфир

Қытай, АҚШ, Түркия және Еуропа елдері. Тегін оқуға арналған гранттар мен стипендиялар топтамасы

Фото: Projects-abroad.org
Фото: Projects-abroad.org
Грант пен шәкіртақыны тек университет қана емес, ел үкіметі, компаниялар мен ұйымдар да төлей алады.

Қазақстандықтар әлемнің бірнеше елінде тегін білім ала алады. Ол үшін түрлі стипендиялар мен гранттар бар. Кей бағдарламаларға қазірден бастап құжат тапсыруға болады. 

Нидерландтар

Нидерландтарда NL шәкіртақысы арқылы білім алуға бағытталған. Бағдарлама аясында елдегі бірқатар жоғары оқу орындарында бакалавриат немесе магистратурада оқуға болады.

Шәкіртақы алғашқы жылы 5 мың еуроны құрайды. 

Бағдарлама талаптары:

  • Еуроаймақтан тыс мемлекет азаматы болу;
  • Голландия жоғары оқу орындарының түлегі болмау.

Құжат тапсыру мерзімі: Қазір 2025-2026 оқу жылында оқуға өтініш қабылдау ашық. 

Толық ақпаратты сайтынан табуға болады.

Түркия

Turkiye Bursları Түркияның жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура немесе докторантура оқуға, ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Бағдарлама оқу ақысы, әуе тасымалы, жатын орын, медициналық сақтандыру, бір жылдық түрік тілі курсы шығындарын қамтиды.

Ай сайынғы шәкіртақы көлемі бакалавр студенттеріне – 4 500 лира, магистратура студенттеріне – 6 500 лира, докторанттарға – 9 000 лира. 

Бағдарлама талаптары:

  • бакалавриат – 21 жастан аспаған болуы тиіс;
  • магистратура – 30 жастан аспауы керек;
  • докторантура – 35 жастан аспауы тиіс;
  • тағылымдамадан 50 жастан аспаған ғалымдар өте алады;
  • Түркия азаматы және қазір сонда білім алып жатқандар үміткер бола алмайды.

Құжат тапсыру мерзімі: Бағдарламаға құжат тапсыру мерзімі 2025 жылдың 10 қаңтарында басталды. Құжат қабылдаудың соңғы күні – 2025 жылдың 20 ақпаны.  

Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.

Қытай 

Қытай үкіметі жыл сайын Қазақстан азаматтары үшін білім грантын бөледі. Бағдарлама сайтында құжаттарды тапсыруға арналған университеттердің толық тізімі бар. 

Грант иегерлеріне университет жатақханасы тегін. Ай сайынғы стипендия мөлшері бакалавриат үшін – 2500 юань, магистратурада – 3000 юань, докторантурада – 3500 юань. Оған қоса, жылына бір адамға 800 юань медициналық сақтандыру шығыны өтеледі.

Қазақстан азаматтары оқуын аяқтағаннан кейін елге келіп, бір жыл жұмыс істеуі қажет.

Бағдарлама талаптары:

  • бакалавриат – 25 жасқа дейін;
  • магистратура – 35 жасқа дейін;
  • докторантура – 40 жасқа дейін.
  • бакалавриатқа түсу үшін қытай тілін білу міндетті емес. Үміткер бастапқы бір жыл қытай тілі курсын оқи алады;
  • ағылшын тілінде білім аламын десе, онда IELTS (5,5) немесе TOEFL (46) сертификаттары болуы керек.

Құжат тапсыру мерзімі: Бағдарламаға құжат тапсыру мерзімі 2025 жылдың қаңтар – сәуір айларын қамтиды. Дегенмен бағдарламға қатысатын университеттер құжатты осы мерзім ішінде, бірақ әртүрлі күндері қабылдауы мүмкін.

Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.

Германия 

Германиядағы университеттердің бірінде DAAD бағдарламасы арқылы білім алуға болады. Академиялық деңгейі мен стипендиялық бағдаралмаға байланысты талапкерлер айына 934 евродан 1,300 евроға дейін алады. Бағдарлама медициналық сақтандыру және Германияға барып-келу ақысын төлейді.

Бағдарлама талаптары:

  • кемінде 2 жыл кәсіби жұмыс тәжірибесі;
  • бакалавр дәрежесінің болуы (бітіргеніне алты жыл болмауы керек);
  • неміс тілінде оқитын болса 6 айлық тіл курсына қатысу;
  • өтініш беру кезінде неміс тілін білу деңгейі кемінде A1 болуы керек;
  • ағылшын тіліндегі бағдарламаларда оқу үшін IELTS немесе TOEFL сертификаттары болуы керек.

Құжат тапсыру мерзімі: Бағдарламаға өтініш беру процедуралары мен мерзімі  стипендияға байланысты өзгеруі мүмкін.

Бағдарлама туралы толығырақ ресми сайтынан табуға болады.

Жапония 

Жапония үкіметінің шетелдік студенттерге арналған  MEXT оқу бағдарламасының аясында магистратура немесе докторантурада оқуға болады. Бағдарлама стипендия иегерінің жатын орын, оқу ақысы, әуе тасымалы және жапон тілі курсы шығындарын қамтиды. Магистратура студенттері ай сайын – 143 000-145 000 иен көлемінде, бакалавриат студенті 117 000 иен көлемінде шәкіртақы алады. Кейбір бағдарламалар оқуды аяқтағаннан кейін елге қайтуды талап етеді. 

Бағдарлама талаптары:

  • бакалвриатқа үміткер – 25 жастан аспауы керек;
  • магистратураға үміткер – 35 жастан аспаған болуы керек. 
  • жас көшбасшы бағыты бойынша 40 жастан аспаған талапкер тапсыра алады. 

Құжат тапсыру мерзімі: Құжат қабылдау мерзімі сәуір айында басталады. Толығырақ Жапонияның Қазақстандағы елшілігі ресми сайтында жарияланады.

Бағдарлама туралы толығырақ ресми сайтынан табуға болады..

Венгрия

Венгрия үкіметінің халықаралық студенттерге арналған Stipendium Hungaricum бағдарламасы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура және мамандандырылған бағдарламалар бойынша білім алуға болады. Грант оқу ақысын, жатақхананы немесе пәтер жалдау үшін қаржылық қолдауды, медициналық сақтандыруды қамтиды. Егер талапкер оқуын венгр тілінде оқиты болса, оған тегін дайындық курсы беріледі.

Бакалвриат және магистратура студенттері ай сайын – 110 еуро, доктаранттар 350-450 еуро алады. 

Бағдарлама талаптары: 

  • бағдарламаға 18 жастан асқан барлық талапкер қатыса алады;
  • аттестат орташа балы кемінде 4,0 (5,0-ден) болуы керек;
  • GPA кемінде 4,0-ден 3,0 болуы керек.

Құжат тапсыру мерзімі: Бағдарламаға қыркүйек-қаңтар айларында құжат тапсыруға болады.

Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.

Еуропа елдері

Қазақстан азаматтары бірнеше Еуропа елінің жоғары оқу орындарында магистратура оқи алады. Ол үшін Еуропа одағының Erasmus Mundus бағдарламасы бар. Бағдарламаның ерекшелігі – магистранттар бірнеше университетте қатар оқып, ортақ диплом ала алады.

Бағдарлама оқу ақысы, жатын орын, әуе тасымалы, медициналық сақтандыру, виза шығындарын қамтиды. Ай сайынғы шәкіртақы 500 еуродан басталады, оның көлемі елге және оқу мерзіміне байланысты.

Бағдарлама талаптары: 

  • үміткерлердің бакалавр не магистр дәрежесі болуы керек;
  • Орташа бал (GPA) жақсы болуы керек;
  • IELTS 6.5 балдан жоғары, TOEFL 90 балдан жоғары болуы керек.

Құжат тапсыру мерзімі: Құжат өткізу уақыты университет пен бағдарламаға байланысты. Көптеген оқу орны құжатты қазан-қаңтар айлары арасында қабылдайды. 

Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.

Италия

Италияда білім алғысы келетін талапкерлер DSU стипендиясына қатыса алады. Бағдарлама оқу ақысын, жатақхана, университет асханаларында тегін тамақтану, оқу материалдары, спорттық құрал-жабдықтар және т.б жеке шығындарды өтейді. Ай сайынғы стипендия мөлшері оқитын аймаққа және өтініш берушінің қаржылық жағдайына байланысты 7 мың еуроға жетуі мүмкін.

Бағдарлама талаптары: 

  • әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлер өтінім бере алады;
  • студент пен оның отбасының материалдық жағдайы назарға алынады, яғни отбасының жылдық табысы белгілі бір шектен аспауға тиіс;
  • байқауға қатысу үшін жас шектеуі жоқ.
  • стипендияға тек университетке түскен студенттер немесе pre-enrollment letter алған студенттер ғана өтініш бере алады.

Құжат тапсыру мерзімі: Әдетте, университеттерге өтініштер 15 сәуірден шілдеге дейін қабылданады.  

АҚШ

Қазақстандықтар Fulbright халықаралық студенттер бағдарламасы арқылы АҚШ-та білім ала алады. Бағдарлама түлектерінің қатарында 60 Нобель сыйлығының лауреаты, 75 Макартур стипендиаты, 89 Пулитцер сыйлығының лауреаты және 40 мемлекет, үкімет басшысы бар.

Бағдарлама оқу, әуе тасымалы, жатын орын, медициналық сақтандыру және зерттеу шығындарын қамтиды.

Бағдарлама талаптары: 

  • ағылшын тілін жетік білу;
  • бакалавр дәрежесі немесе академиялық біліктілігі болуы керек;
  • мамандық бойынша кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі болуы қажет;
  • АҚШ оқу орындарында білім алған азаматтар қатыса алмайды.

Құжат қабылдау мерзімі: жыл сайын ақпаннан қазан айына дейін.

Толық ақпаратты АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі сайтынан білуге болады.

Ұлыбритания

Ұлыбритания үкіметінің Chevening Scholarship халықаралық стипендиялық бағдарламасы арқылы магистратурада білім алуға мүмкіндік береді. 

Бағдарлама университеттің оқу ақысы, ай сайынғы стипендия, Ұлыбританияға келу-кету шығындары, көшіп келгенде берілетін бір реттік жәрдемақы, жатын орын, виза және бағдарлама аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға бару шығындарын жабады.

Бағдарлама талаптары: 

  • жоғары білімі бар азаматтар Ұлыбританиядағы бір оқу орнымен келісімшартқа отыру керек;
  • кемінде екі жыл жұмыс тәжірибесі болуы шарт;
  • оқуды аяқтаған соң Қазақстанға оралып, кемінде екі жыл жұмыс істеу қажет. 

Құжат қабылдау мерзімі: Бағдарламаға құжат қабылдау науқаны тамыз-қараша айларында ашылады.

Толық ақпаратты бағдарлама сайтынан білуге болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары