USD: 489.9 / 492.9
  • EUR: 572.0 / 577.0
  • RUB: 6.53 / 6.65
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

Мемлекеттік қызметке қабылдау толықтай онлайн форматқа көшті. Жаңа тәртіпті түсіндіреміз

Фото: shutterstock.com
Фото: shutterstock.com
Үміткерлердің барлығы заңнаманы білуге арналған және жеке қасиеттерін бағалау тестілеуін тапсыруы қажет.

Қазақстанда 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі өзгеріп, іріктеу жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшті. Жаңашылдықтарға сәйкес мемлекеттік қызметке орналасуға арналған конкурс кезеңдері қысқартылған. Ашықтыққа, конкурстың әділ өтуіне мән берілген.

Осы орайда Информбюро порталы мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тәртібін түсіндіреді.

№1. Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар өтініштерін енді eqyzmet.gov.kz порталы арқылы онлайн түрде береді. Онлайн платформада:

  • тестілеуден өту;
  • конкурсқа қатысуға өтінім беру;
  • құжаттарды жүктеу;
  • конкурстық кезендерден өту мүмкіндіктері қарастырылған.

Цифрлық форматқа адами фактордың ықпалын азайтуға септігін тигізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Жүйе 24/7 форматында жұмыс істейді.

Жалпы іріктеу кезеңдерінің ашықтығы, объективтілігі және әділдігін қамтамасыз ету мақсатында (әңгімелесу кезеңін қоспағанда) барлық кезеңдерде прокторинг қолданылады. Жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетіп, оның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіби кадрларды тартуға бағытталған.

№2. Конкурсқа қатысу үшін не істеу керек?

Мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар конкурсқа қатысар алдында eqyzmet.gov.kz порталында тіркеліп, екі тестілеуден өтуі қажет:

  • Мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеу;
  • Жеке қасиеттерін бағалау тестілеуі.

Жеке кабинет арқылы тестілеуге кемінде бір күн бұрын өтініш беру керек. Тестілеу уақытын кандидат өзі таңдайды. Жалпы конкурсқа қатысу үшін веб-камера мен микрофоны бар компьютер, тұрақты жылдамдығы кемінде 5 мб/сек интернет қажет. Тестілеуді конкурс басталғанға дейін немесе құжат қабылдау кезінде онлайн тапсыруға болады.

№3. Заңнаманы білу тестілеуі қанша сұрақтан тұрады?

Заңнаманы білу тесті барлығы 55 сұрақтан тұрады және тапсыруға 55 минут беріледі:
  • ҚР Конституциясы – 15;
  • Мемлекеттік қызмет туралы заң – 15;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң – 15;
  • Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі – 10 сұрақ.

Конкурстан өту үшін кемінде 30 сұраққа дұрыс жауап беру керек. Әр заң бойынша кемінде 5 дұрыс жауап болу қажет.

№4. Жеке қасиеттерді бағалау тесті қалай өтеді?

Жеке қасиеттерді бағалау үш бағдарлама бойынша өткізіледі және 120 минут уақыт беріледі:

  1. Басшылық лауазымдарға арналған (10 құзырет). Қөшбасшылық, стратегиялық ойлау, жауапкершілік, нәтижеге бағдарлану бағаланады. Өтудің шекті мәні – кемінде 30 балл.
  2. Басшылық емес лауазымдарға арналған (7 құзырет). Кемінде 20 балл жинау қажет.
  3. Жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі лауазымдарға арналған. Онда үміткердің эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық ойлау қабілеті (EQ-SQ-IQ) бағаланады. Кемінде 10 балл жинау қажет.

1-бағдарлама нәтижесі 2-бағдарламаға жарамды. Ал 1 және 2-бағдарлама нәтижелері 3-бағдарламаға жарамсыз.

№5. Тестілеу кезінде не істеуге болмайды?

Тестілеуден өту кезінде кандидатқа тыйым салынады:

  • бөгде адамдардың болуына;
  • өзін өзге жеке тұлғамен алмастыруға;
  • орнын тастап кетуге;
  • экраннан бұрылуға;
  • бейнені жауып қоюға;
  • веб-камераны, микрофонды өшіруге;
  • телефонмен сөйлесуге, сұрақтарды дауыстап оқуға;
  • бөгде бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануға;
  • құлаққап пайдалануға;
  • қосымша баспа, қағаз және өзге де материалдарды, сондай-ақ заттарды пайдалануға болмайды.

№6. Тестілеу нәтижелері қанша уақытқа жарамды?

Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері мен жеке қасиеттерді бағалау қорытындылары тест тапсырылған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады. Осы мерзім ішінде кандидаттар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатыса алады. Сонымен қатар, жеке қасиеттерді бағалау тестілеуін бір ай ішінде үш ретке дейін тапсыруға болады.

№7. Конкурс қанша кезеңнен тұрады?

Жалпы конкурс мына кезеңдерді қамтиды:

  • бос лауазым туралы хабарландыруға өтінім беру;
  • құжаттарды ұсыну;
  • эссе жазу және мемлекеттік органның конкурстық комиссиясымен әңгімелесу (басшылық лауазымдар үшін);
  • практикалық бағалау (қалған лауазымдар үшін);
  • мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.

№8. Конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар талап етіледі?

Конкурсқа жеке қасиеттерді бағалау нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған үздік бес кандидат жіберіледі. Құжаттар жеке кабинет арқылы ұсынылады:

  • Еңбек кітапшасы және/немесе қызметтік тізім (біліктілік талаптары өтілінің болуын көздейтін лауазымдар үшін). Бұл құжаттар болмаса еңбек қызметін растайтын құжаттарды тапсыруға жол беріледі;
  • Білімі туралы құжаттар мен олардың қосымшалары.

Құжаттарды растау кезінде құжаттардың көшірмелерін eGov порталы және мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі байнктердің қосымшалары арқылы алуға болады. Алайда білім туралы құжаттардың қосымшалары да қоса берілуге тиіс.

№9. Конкурс қалай өтеді?

Конкурс кезінде басшылық лауазымдарға кандидаттар 250 сөзге дейін эссе жазып (онлайн), бейнебайланыс арқылы әңгімелесуден өтеді. Эссе жазу күні жүйе арқылы автоматты түрде айқындалады. Эссені онлайн режимде тәуліктің кез келген ыңғайлы уақытында қазақ не орыс тілінде жазуға болады. Бұл тапсырмаға 45 минут беріледі. Тапсырманы орындаған соң нәтиже прокторға тексеруге жіберіледі. Келесі жұмыс күні эссені проктор тексеріп, жалпы конкурстық комиссия мүшелері бес баллдық шкаламен бағалайды.

Эссе жазу кезеңінен сәтті өткен кандидаттар бейнебайланыс арқылы өтетін, кәсіби сипаттағы сұрақтар қойылатын әңгімелесу кезеңіне қатысады. Әр кандидатпен әңгімелесу ұзақтығы 15 минуттан аспайды. 

Ал басшылық емес және төменгі лауазымдарға кандидаттар бір жұмыс күні ішінде екі практикалық тапсырманы орындайды. Тапсырмаларды орындауға 120 минут уақыт беріледі. Тапсырманы орындаған соң нәтиже прокторға тексеруге жіберіледі. Басшылық емес лауазымдар үшін:

  • аналитикалық жазба дайындау;
  • ресми сауалдар мен хаттар дайындау немесе жеке өтініштерді қарау.

Жұмыс өтілі талап етілмейтін төменгі лауазымдар үшін:

  • ашықтықты, ойды анық, қисынды түрде білдіру қабілетін анықтауға, сондай-ақ жеке құзыреттері тұрғысынан жалпы сипаттағы екі сұраққа жазбаша жауап беру.

Эссе жазу және практикалық тапсырмаларды орындау барысында прокторинг қолданылады. 

№10. Конкурс нәтижесі қашан шығады?

Жүйе барлық нәтижелерді автоматты түрде есептейді. Ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады. Балл тең болған жағдайда еңбек өтілі мен білім деңгейі ескеріледі.

Жаңа тәртіпке сәйкес конкурс рәсімдерінің ұзақтығы айтарлықтай қысқарып, орта есеппен 5-7 жұмыс күнін құрап отыр. Құжаттарды қабылдауға және оны қарауға үш жұмыс күні кетсе, конкурс кезеңдерінен 3-4 жұмыс күні ішінде өтуге болады. Бұрын мұның бәрі 23-30 күн алатын.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз