Тікелей эфир

Turkish Airlines әуе компаниясы Түркістан-Ыстанбұл бағыты бойынша жаңа халықаралық рейсті іске қосты

Бастапқы кезеңде рейстер сенбі күндері орындалатын болады, билет құны – 119 500 теңгеден басталады.

Turkish Airlines әуе компаниясы Түркістаннан Ыстанбұлға тұрақты жаңа халықаралық рейсті іске қосты. Ұшулар сенбі күндері Б-737 типті әуе кемесінде орындалатын болады, бірақ эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай рейстердің санын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда. Билет құны 119 500 теңгеден басталады, деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстанбұлға рейстер орындалуда және осы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Түркістанды аптасына 50 рейс жиілігімен 10 облыс орталығымен –  Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскеменмен қосу жоспарлануда.

Түркістан әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін "ашық аспан" режиміне енгізілген. Бұл оны ұшу географиясын кеңейту үшін тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді.

31 мамырдан бастап Fly Arystan әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Ташкентке рейстің ашылуы қарастырылуда.


Оқи отырыңыз: Turkish Airlines және Pegasus Airlines әуе компанияларының рейстері ашылады


2020 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап Түркістан әуежайынан 160-тан астам рейс орындалып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 83%-ды құрады.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалатынын болады, деп атап өтті ААК.

Серіктестер жаңалықтары