Тікелей эфир

Түрікмен елшісі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы жұмысымен танысты

Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджеповтың орталық ұжымына түрікмен президентінің «Духовный мир туркмен» атты кітабын сыйға тартқан сәті
Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджеповтың орталық ұжымына түрікмен президентінің «Духовный мир туркмен» атты кітабын сыйға тартқан сәті
Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджепов Қазақстандағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына арнайы келді.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Мәлік Отарбаев құрметті мейманды қордың жұмысымен таныстырып, құнды сирек кітаптар сақталған көрме залын, реставрация зертханасы мен оқу залын көрсетті.

Бүгінгі таңда Ұлттық орталық қорында 11 мыңға жуық кітап сақталған. Құнды мұралардың қатарында VII ғасырға тиісілі "Мұстаф аш Шариф" қасиетті Құран кітабы бар. Араб халифатының үшінші халифы, Мұхаммедтің (с.ғ.у.) сенімді серіктерінің бірі әрі ізбасары Османның тұсында (574-656) Құранның бес дана түпнұсқасы жазылған еді. Оның біреуі қазір Ыстанбұл қаласындағы "Топқапы" мұражайында сақталған. Бұл Құранның факсимильдік нұсқасын Түркиядағы "Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу халықаралық ғылыми орталығы" жасап, 2018 жылы Ұлттық орталыққа бір данасын сыйға тартқан.

Суретті Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының баспасөз қызметі ұсынды

Орталық қызметкерлері биыл жазылғанына 755 жыл толған "Диуани лұғат ат-түрік" кітабының тарихи маңызына да тоқталды. Сондай-ақ, дипломатқа қазақ хандығы тұсындағы қолжазбалар мен Ресей империясы кезеңіндегі статистикалық деректер жинағын, кеңестік заманда шыққан ақын-жазушылардың еңбектерімен қатар, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жаңа тарих белестерін айқындаған құнды жазба мұрасын көрсетті. Орталықтың реставрация зертханасының басшысы Сырым Ботабеков көне кітаптарды қалпына келтіру жұмыстарының қалай жүргізілетінін баяндады.

Өз кезегінде Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджепов орталық ұжымына алғысын білдіріп, түрікмен президентінің "Духовный мир туркмен" атты кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ, кездесуде Түрікменстанның тиісті Қолжазбалар және сирек кітаптарды зерттеу институтымен меморандумға қол қою мәселесі де айтылды.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Түркия, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран, Армения, Өзбекстанның зерттеу институттары, кітапханалары арасында халықаралық байланыс орнаған.

Серіктестер жаңалықтары