Халық жазушысы Шерхан Мұртаза бақилық болды
"Қызыл жебе", "Қара маржан" сынды өшпес туындылар жазған саңлақ сөз шебері биыл 86 жасқа толған еді. Елбасы Н.Назарбаев бүгін марқұмның туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. 11 қазан күні сағат 10.00-де М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында абыз жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.
Доллар бірден 3 теңгеге арзандады
Бүгін Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сессиясында доллар 369,05 теңгеге бағаланды. Теңгенің бұлай күш алуына кешегі бір баррель мұнай бағасының 84,8 долларға көтерілгені әсер еткен.
Спидке қарсы орталық 650 теңгеге сатқан анықтаманы енді тегін береді
Алматыда қызмет бағасын негізсіз көтерген 23 медициналық ұйым анықталды. Қалалық прокуратура 086, 083 формалы анықтаманың ақысын аспандатып жіберген 20 жуық емхана дәрігерлерін тәртіптік жауапкершілікке тартты. Наркологиялық орталықтың 250 теңгеге сатқан анықтамасын 180 теңгеге, Психикалық денсаулық орталығынікін 250 теңгеден 205 теңгеге түсірді.
Судың да сұрауы бар
Суға талас көрші елдер арасында араздық туғызуы мүмкін деген Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Трансшекаралық сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ Конвенциясы кеңесінің VIII сессиясында әлемдегі су проблемасына қатысты үндеу жариялады. Мемлекет басшысы ортақ су ресурстарын пайдалануда көрші мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырды.
Ата-аналар комитеті мектепте жемқорлыққа жол ашады
"Астана – адалдық алаңы" жобасының жетекшісі Ж.Жылқышиева Білім және ғылым министрлігінен қосымша қажеттіліктерге қаржы жинай беретін мектептегі ата-аналар комитетін жоюды сұрады. Министрлік бұл ұсыныстан бас тартты. "Баланың үлгерімі, тәртібін бақылауда мектеп пен ата-ана жұмыла жұмыс істеуі қажет. Алайда, ақша жинау – ата-ананың міндетіне жатпайды. Бұл мәселемен күресте ата-аналармен кері байланысты үзуге болмайды" деді БҒМ департамент басшысы Ш.Каринова. Министрлік демеушілер үшін мектептерде қайырымдылық шоттарын ашуды ұсынды.
Ақтауда сарбаз асылып өлді
24 жастағы сарбаз Түпқараған ауданында орналасқан №25425 әскери бөлімшесінде келісім-шартпен жұмыс істеген. Бөлім басшылары сарбаз өзін-өзі өлтірген деген хабар таратты. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғаушылар анықтауда.
Төленбеген әкімшілік айыппұлдарды онлайн тексере аласыз
Жеке тұлғалар бұл қызметті eGov.kz порталы арқылы алады. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңбаны пайдаланып, "Құқықтық көмек" бөліміне кіру керек. Анықтама 15 минут ішінде беріледі.
Bilimland электронды білім порталына тегін кіру мүмкіндігі ашылды
Цифрлық порталға еліміздің барлық мектебі қосылған. Жүйеде 250 мыңға жуық мұғалімнің аккаунттары бар. Бұдан былай оқушыларға да тіркелуге болады. Порталда қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі барлық пәндерді қамтитын 30 мың электронды сабақ, интерактивті жаттығулар, видео, анимациялық фильмдер бар.
Тәртіп сақшысы тәртіп бұзды
Астанада 7 қазан күні ащы суға тойып алған полиция қызметкері жүргінші жолағында жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ауыр жарақат алған зардап шегуші ауруханаға жеткізілген. Полиция қызметкері сол күні ұсталып, екі айға қамауға алынды деп хабарлады ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев. Қызметтік тексеру жүргізіп, полиция қызметкерінің басшыларын да қатаң жазалаймыз деп сендірді.
Қазақстандық БАҚ бүгін не жазды:
INFORM.KZ: Қазақстанның солтүстігінде қар жаууы мүмкін. 11-13 қазанда жауын-шашынның соңы қарға ұласып, күн суытады. 11 қазан күні күндізгі ауа температурасы 13-20°С аралығында, 13 қазанда түнде 0-5°С аралығында болады.
BAQ.KZ: III Азия Параойындары-2018: Ел құрамасы үшінші күнде 6 медаль алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 12 орынға көтерілді.
EGEMEN.KZ: Түркістан мен Алматы арасында туристік пойыз қатынайды. Ол қараша айынан бастап жүре бастайды. Саяхатшы жолаушылар қонақ үй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар.