Тікелей эфир

"Тіске басуға да тұрмайтын ет". Тұрақтандыру қорларының жұмысындағы түйткілдер

Түрлі есептерге сәйкес, алматылықтарға жылына шамамен 1 миллион тонна азық-түлік өнімдері керек.

Зерттеу мақаланың аудиториясы түсінікті болуы үшін мысал келтірейік. Зәуреш (аты өзгертілген) жол апатының салдарынан мүгедек болған. Дәрігерлер оның оң жақ қолының сүйектерін бөлшектерден құрастырып, он шақты ота жасаған. Қазір оның темірмен бекітіп қойған қолы доғаша иілген. Шеккен соры аз болғандай, сансыз оталардан кейін ауруханада гепатит те жұқтырып алыпты. 3 топтың мүгедегі ретінде 41 163 теңге жәрдемақы алады. Карантин кезінде коммуналдық қызметтердің өтемақысы ретінде қала тұрғындарына берілген 15 мың теңгелік жәрдемақыны да ала алған жоқ. Өйткені ол қалада пәтер жалдап тұрады. Ал көмек тек Алматыда өз баспаналары барларға ғана берілді. Жұмысқа орналаса алмайды. Оның үстіне ол сияқты 40 жастан асқандарды ешкім жұмысқа алмайды. Соның салдарынан күнкөріс деңгейінен әрең асатын мемлекеттік жәрдемақыға аш дерлік күн кешуге мәжбүр. 2021 жылдың бірінші тоқсанында күнкөріс деңгейі 36 656 теңгені құрады.  

Ал Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ақпаратына сәйкес, мегаполисте 54 595 мүгедек жан тұрады. Сонымен қатар 29 212 адам немесе  5 920 отбасы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алады.

Ет нормасы қандай?

Ұлттық экономика министрінің № 503 бұйрығына сәйкес азық-түлік өнімдерін тұтынудың ғылыми негізді физиологиялық нормалары бекітілген. Оған сәйкес, ет және ет өнімдерін тұтынудың орташа жыллық деңгейі – 78,4 кг. Сәйкесінше Алматыдағы әлеуметтік осал топтарға жататын 83 807 адам 6 570 469 кг (83 807х78,4) ет тұтынуы тиіс.

"Ресми мәліметтерге сәйкес, Алматыда 1,9 млн адам тұрады. Бір адам жылына орта есеппен 68-78 кг ет жеген жағдайда алматылықтар жылына 133-140 мың тонна ет (сиыр еті, қой және құс етін қоса алғанда) тұтынуы тиіс. Ұлттық экономика министрлігі бекіткендей, жылдық орташа ет тұтыным деңгейі 78 кг деп алатын болсақ, Қазақстанның 18 млн тұрғыны жылына 1,4 млн тонна сиыр, қой, құс және балық етін тұтынады. Қазіргі санды нақты білмеймін, бірақ, 2018 жылы Қазақстан 477 мың тонна сиыр етін өндірген болатын. Демек, Қазақстан өзін етпен толық қамтамасыз ете алмайды деп нық сеніммен айта аламын", – дейді қаржы саласының сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Осындай ұлығаусар санға қарамастан, Алматы әкімдігі Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) арқылы бекітілген бағамен небәрі 63 750 кг еттің жеткізілімін ұйымдастыра алды. Бұл ретте еттің ең арзан бөлігі саналатын жауырын еті таңдап алынған. Әкімдіктің ақпаратына назар аударайық:

"2020 жылдың 24 қарашасында "Asyl Meat" ЖШС-мен 42 047 880 теңге сомаға келісім-шарт жасалған (қаражат 30.11.2020 ж. берілді), бұл сома 63 750 кг өнімге есептелген. Өнім "Асыл Еттің" 6 фирмалық дүкенінде  – 1 850 тг/кг және ВС санаттағы  65 дүкенде 2050 тг/кг бағамен сатылуда".

Осы орайда айта кетейік, 2019 жылдан бері Алматы қаласының Тұрақтандыру қорына азық-түлік өнімдері сатып алынбайды. ӘКК кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру арқылы бағаны тұрақтандыру механизмін пайдаланып отыр. Тұрақтандыру қорына арналған қаражат қайтарымдылық шартымен 3 жыл мерзімге бөлінген. "Айналымдылық схемасына" сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі іс жүзінде пайызсыз (0,01%) кредитті сауда субъектілеріне беріп отыр.

"Алматы" ӘКК қаланың кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан өнімдерге "бағаны тұрақтандыру" аясында несиеленеді. 2020 жылы тұрақтандыру қорын жасақтауға және кредиттерге деп 7 млрд теңге (оның ішінде 2 млрд теңгесі – 2019 жылдың желтоқсанында, 5 млрд теңгесі 2020 жылғы наурызда) бөлінген.

"7 млрд теңге аз ба, көп пе? Орта есеппен Қазақстанның көтерме сауда нарығында өндірушінің қолындағы салмағы 250-350 кг болатын өгіз шамамен 215-250 мың теңгені құрайды (ШҚО немесе Ақтөбедегі көтерме сауда бағасы). Бір өгізді сойғанда одан 55%, ал қыстың соңында тірі салмағының 42-43% шамасында ет шығады. Бұл есеп бойынша 1 кг үшін баға шамамен 1,5 мың теңге. Демек, 7 млрд теңгеге 4,7 мың тонна ет сатып алуға болады. Ал өнім түрлеріне шақсақ, 800-900 тонна ет, ондаған тонна картоп, макарон және басқа да өнімдер сатып алуға болады", – дейді Расул Рысмамбетов.

Түрлі есептеулерге сәйкес, алматылықтарға жылына шамамен 1 миллион тонна азық-түлік өнімдері керек. Яғни, Алматы әкімдігі "бағаны тұрақтандыру" мақсатында бөлген қаражатқа "тіске басарлық" ет те ала алмайсың деген пайымға келеміз.

Бұл ақшаға 22 728 кг (42 047 880/1 850) ғана ет тиеді. Біздің "қаражат неге 63 750 кг өнімге есептелген" деген сұрағымызға "бұл есеп сиыр етінің жауырын бөлігінің өзіндік құнына негізделген" деп жауап алдық. Санап көрсек, еттің бір келісі 659,57 теңгеге (42 047 880/63 750) бағаланған. Дегенмен, Алматы әкімдігінің басқармасы "арзан несие алған жалғыз сауда компаниясы өзіндік құннан небәрі 50 теңге ғана пайда табады" деп сендірді.

Осынша ет расымен нарықтағы бағаны тұрақтандыра ала ма? Әлде әкімдік жалғыз ғана сауда компаниясына тегін дерлік кредитпен қолдау көрсету арқылы бағаны тұрақтандырған сыңай танытып отыр ма? Мұндай сұраққа басқармадағылар сатушылардың бағаны арзандатуға келіспейтінін алға артты. Олардың сөзіне сенсек, өнім жеткізуші 20 компаниямен келіссөз жүргізілген. Алайда, тек "Meаt Processing and Service" ЖШС ғана талаппен келіскен. Бұл компания "Asyl Meat" ЖШС акционері болып табылады.

"Meаt Processing and Service" ЖШС – ет өңдеу кешені бар 3 мың бас ірі қара малға есептелген мал бордақылау алаңы.

Іс-қызмет саласы: "астық және астық-бұршақты дақылдар өсіру, оның ішінде тұқым шаруашылығы, ет өңдеу және консервілеу, аралас ауылшаруашылығымен айналысады" деп көрсетілген.

Алматы облысында 8 мал бордақылау алаңы, 10 репродуктор бар. Олардағы жалпы мал басы шамамен 43 мың ғана. subsidy.plem.kz мәліметіне сәйкес, 2020 жылы Алматы облысында 361 шаруашылық отандық ет және ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малды сатып алуға 861 420 000 теңге субсидия алған. (Осы орайда айта кетейік, бұл сайттағы субсидияға қатысты ақпаратта оның жалпы сомасы көрсетілмейді, бұл тұтынушы үшін ыңғайсыз). Бұл сомаға бір бас малды 150 мың теңгемен есептесек, небәрі 5 743 бас ірі қара мал сатып алуға болады. Бұл сан Алматы мен Алматы облысының нарығын мүлдем қамтамасыз ете алмайтыны айқын.

"Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" ҚР заңының 19-3-бабында жазылғандай, "Егер республикадағы азық-түлік тауарларының жылдық өндірісі физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің сексен пайызынан төмен болса, онда Қазақстан Республикасының азық-түлік тауарларының түрлері бойынша тәуелсіздігі қамтамасыз етілмеген деп есептеледі".

"Тұрақтандыру қорының қызметі тамақты тегін тарату деген сөз емес, ол белгілі бір тауарлардың тапшылығын жою және әлеуметтік науқандар шеңберінде дүкендерге оларды жеткізуді білдіреді", – дейді Расул Рысмамбетов.

Алайда, ӘКК де, арзан кредитті алушылар да, тауар интервенциясын әлеуметтік науқан ретінде өткізбейді, тауарды Алматының жалпы нарығына шығара салады.

Көп жағдайда осындай әлеуметтік өнімге мұқтаж жандар әкімдіктің іс-әрекетінен бейхабар. Ондай тауарлардың қайда сатылатынын біле бермейді.

"Асыл ет" сауда маркасымен сиырдың жауырын еті 1 850 тг/кг бағаға сатылатын фирмалық дүкендердің тізімі:

  1. Әуезов көшесі 169;
  2. Төле би көшесі 130 Б;
  3. 10 А ықшам ауданы, 13 үй;
  4. Жетісу 3 ықшам ауданы, 1 А үй;
  5. Сәтпаев көшесі 64 В;
  6. Орбита ықшам ауданы, Щепкин 39/Мұстафин 39 көшесі.

"Бекітілген бағамен сатылатын ет"

Арзан сиыр етінің сатылу дерегіне көз жеткізу үшін "Asyl Meat" ЖШС фирмалық дүкендеріне бірнеше рет бардым. Алғашқы күні Мұстафин 39 көшесіндегі сауда нүктесіне келгенімде "арзан сиыр еті" жоқ болып шықты. Сатушы қыз мұндай еттің тұрақтандыру қорымен арадағы келісім-шартына сәйкес сатылатынынан бейхабар екен. Ол маған осындай еттің күнде түсе бермейтінін жеткізді. Оның түсіндіруінше, бұрынғысы сатылған соң ғана етке тапсырыс беріледі. Тапсырыстан кейін де бірден келіп түспейді. Сатушы маған ертеңіне күндізгі сағат 11-де келуге кеңес берді. Бірақ, келесі күні де ет келген жоқ. Мен одан ет түскенде хабар беруді талап еттім. Ол қоңырау шалуға уәде берді. Бірақ, жуыр маңда қоңырау шала қойған жоқ. Тек бірнеше күннен кейін "ет келді" деп қуантты. 

Сәтпаев көшесіндегі тағы бір фирмалық дүкенде арзандау ет бар екен. Алайда, оның қандай ет екені туралы ақпарат болған жоқ. Тек таразының жанында келесі жазу болды:

"Бекітілген бағамен сатылатын ет". Алайда оның не екенін және бұл еттің кімге арналғанын сатушы тағы да түсіндіре алмады.

Әуезов көшесі, 169-үйдегі үшінші дүкенде бекітілген бағамен сатылатын ет бар екен, бірақ ол мұздатылған өнім болып шықты. Менің "бұл қандай ет?" деген сұрағыма сатушы қыз "сүйекті ет. МСК" деп жауап берді. Оның айтуынша, мұндай ет аптасына бір рет жеткізіледі екен. Бірақ, ол маған дәл осындай, бірақ мұздатылмаған етті сәл қымбаттау бағаға сатып алуға кеңес берді. 

"Бекітілген бағалы жауырын еті" деген жазудан оның кімге арналғанын түсіне алмайсың.

Демек, компания 42 млн теңгеден астам арзан кредит ала тұра тұрақты жеткізім жасамайды, арзан етке мұқтаж жандар тұрақтандыру қоры бойынша осындай өнім бар екенін білмейді Бұл туралы ақпарат еш жерде көрсетілмеген. Еттің кімге арналғанынан тіпті сатушылар да хабарсыз.

Менің осындай "айыптауыма" компания өкілі бұл іспен компанияның әлеуметтік жауапкершілікке байланысты ғана айналысып жатқанын алға артты. Оның ақпаратына сәйкес, айына 60-тан астам дүкенге шамамен 200 тонна ет жеткізілетіндіктен, ет мұздатылады. Ал шын мәнісінде мұздатылған ет жаңа сойылған еттен қымбаттау болуға тиіс, өйткені мұздату үдерісі шығынды талап етеді. 

Бұлданған бизнес

Қаланың кәсіпкерлік басқармасының өкілі еттің бағасын арзандату үшін  20 компаниямен келіссөз жүргізілгенін, олардың арасынан жалғыз "Асыл ет" қана келіскенін айтады. Демек, әкімдік бизнесті бағаны арзандатуға көндіруге тырысса, олар өз кезегінде келіспей, бұлданатын көрінеді. Бірақ, олар мемлекет беретін субсидиядан бас тартпайды және бағаны көтереміз деп қорқытып, мемлекетті әрдайым "бопсалаудан" кетәрі емес. 

Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ақпаратына сәйкес, бүгінгі күні мегаполистің тұрақтандыру қорында 2 199 тонна өнім бар. Оның ішінде 699 мың литр күнбағыс майы мен 1500 тонна қант бар.

Жеңілдетілген кредит алғандар кімдер?

Басқарма сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатуға шарт жасасылған кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін келтірді:

Алушы

Несие сомасы

Алған мерзімі

Қайтару мерзімі

Қайтарылған сома

Тауар позициялары

"Magnum Cash&Carry" ЖШС

1 500 000 000

10.10.2019 ж.

31.05.2020 ж.

500 000 000 тенге

4 ӘМАӨ (әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдері)

 "Magnum Cash&Carry" ЖШС

3 622 314 649 тенге

Тұрақтандыру мерзімі: сәуір – қыркүйек, 2020 ж.

 

 

12 ӘМАӨ

 "Magnum Cash&Carry" ЖШС

2 112 314 515 тенге

қазан мен желтоқсан аралығы, 2020 ж.

31.12.2020 ж.

 

10 ӘМАӨ

"Сабыржан Company" ЖШС

255 089 470 тг

19.11.2020 ж.

 

 

7 ӘМАӨ

 

 "ХБК "Ақсай" ЖШС

607 705 000 тг.

 

 

 

1 ӘМАӨ (нан)

 "ХБК "Ақсай" ЖШС

392 295 000 тенге

Банктік кепілдік күтілуде

 

 

1 ӘМАӨ  (нан)

"Asyl Meat" ЖШС

42 047 880 тг

2021 жылдың сәуіріне дейін

 

 

1 ӘМАӨ  (сиыр еті)

Бұл ретте қалада "қор" айтатындай қор да жоқ. Өнім түгел сауда компанияларының өзінде сақталады. "Асыл ет" шарт бойынша бағаны 2021 жылдың сәуіріне дейін тұрақтандыруы тиіс.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік өнімдерінің өңірлік тұрақтандыру қорларын жасақтау тауарлық интервенциялар жүргізу, азық-түлік өнімдерін өңірлік тұрақтандыру қорларында орналастыруды меңзейді. Өңірлік тұрақтандыру қорларын жасақтауға арналған қаржы жыл сайын жергілікті бюджеттен бөлінеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, өткен бес жылда келесі қаражат бөлінген:

Яғни, жергілікті бюджеттерден небәрі 8 миллиард 698 миллион 240 мың теңге, ал кәсіпкерлік субъектілеріне кредитке беруге 11 миллиард 801 миллион 850 мың теңге бөлінген. Барлығы 20 миллиард 500 миллион 90 мың теңге.

Егер қазақстандықтар нормаға сәйкес жылына 1,4 млн тонна ет жейтін болса, онда  (1400000000x1500=2100000000000) 2 триллион 100 миллиард теңге керек болар еді. Ал 20 500 090,00 теңгеге 13 666 727 кг, немесе 13 666,727 тонна ет сатып алуға болады. Былайша айтқанда, тағы да "тіске басарлық қана". 

Азық-түлік өнімдерінің тізбесін және үстемені кім анықтайды?

Ауылшаруашылығы министрлігі 2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру тетіктерінің типтік ережелерін жасап шығарған.

Типтік ережелерге сәйкес, өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлік өнімдерінің тізбесін комиссия анықтаса, азық-түлік өнімдерін сатып алуды Әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) жүзеге асырады.

Екі рет сұрату жібергенімізге қарамастан, Алматы әкімдігі комисия мүшелерінің толық тізімін беруден бас тартты. Ол үшін, әкімдік ақпаратына сәйкес, сол сәтте кім екенін біз білмеген комиссия мүшелерінің өздерінен келісім алу керек болған. Дегенмен, комиссия мүшелерінің толық тізімін "Алматы" ӘКК бізге берді:

  1. Комиссия төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары М. Кикимов;
  2. Комиссия төрағасының орынбасары, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы КҚБ басшысының орынбасары К. Абдижаббарова;
  3. "Сауда және өнеркәсіптік кәсіпорындар қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлесігінің төралқалары басшысының орынбасары Ш. Ақылбаева;
  4. АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ҚҒЗИ бөлім меңгерушісі Ш. Акимбекова;
  5. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің кәсіпкерлік, туризм және ауылшаруашылығы жөніндегі комиссиясының төрағасы Б. Джапаров;
  6. Алматы қалалық IV шақырылған мәслихатының депутаты С.Козлов;
  7. Қазақстанның Қант, азықтүлік және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті А. Наурызғалиева;
  8. "Қазақстан Республикасы май өнеркәсібінің кәсіпорындары қауымдастығы" заңды тұлғалары бірлестігі директорының орынбасары Н. Солохина;
  9. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік мәселелері жөнріндегі директорының орынбасары А. Ашметов;
  10. "Алматы қаласы кәсіподақтарының орталығы" аумақтық бірлестігінің төрайымы З. Өмірбаева.

Типтік ережелерге сәйкес, комиссия қорға сатып алынатын азық-түлік өнімдерінің тізбесін анықтау және олар бойынша шектеулі саудалық үстемеге қатысты шешімдерді қабылдайды. Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, шешім қабылдау кезінде нарықтағы үлес, халықты барынша қамту мақсатымен сату көлемдері ескеріледі.

Қазіргі ережелерге сәйкес, тұрақтандыру қорының қаражатын алушыларды анықтау үшін тендер немесе мемлекеттік сатып алулар жүргізу қарастырылмағанын баса айта кету керек. Ол үшін "Алматы" ӘКК кәсіпкерлік субъектілерінен өтінімдер қабылдайды. Ол өтінімдердің қабылдана бастағаны және қабылдау аяқталғаны туралы хабарлама жариялайды. Әкімдіктің хабарлауынша, Тұрақтандыру қорынан берілетін "айналымдық" жеңілдетілген кредиттер аясында 2020 жылы "Magnum Cash&Carry" ЖШС,  "Сабыржан компани" ЖШС (Тоймарт), "Asyl Meat" ЖШС, "ХБК "Аксай" ЖШС, "Meаt Processing and Service" ЖШС, "Gold trade Almaty" ЖШС-нен өтінімдер қабылданған. Бұлардың арасынан "Gold trade Almaty" ЖШС-інен басқасының бәріне қолдау көрсетілген. Бас тарту себептерін анықтамақ болып іздестіргенімізбен, оларды таба алмадық. 

Ал баға бекіту арқылы тұрақтандырылады. Тұрақтандыру қорының қаражатын алушыларды анықтау механизмі ашық емес. "Magnum Cash&Carry" ЖШС  мен "ХБК "Аксай" ЖШС қаражат алу себебін әкімдік Типтік ережелердің талаптарына сай келетіндігімен түсіндірсе, қалғандары жайлы түсіндірмейді. Біз тапқан ақпараттардан мынадай тұжырым жасауға болады: қаржы тек ӘКК – бөлшек сауда орны деген схема бойынша ғана беріледі. Ал тізбектегі ең басты тармақ болып табылатын өнім өндірушілер, "ХБК "Аксай" ЖШС-нен басқасы, негізінен назардан тыс және жүйеден тыс қалған.

Бірақ, "Magnum Cash&Carry" ЖШС де, "ХБК "Аксай" ЖШС де Қазақстандағы ауқатты адамдарға тиесілі. Forbes.kz мәліметінше, "Magnum Cash&Carry" ЖШС негізін қалаушы әрі бақылау құқығын иемденетін меншік иесі – Александр Гарбер (рейтингте №27 орында), мен оның әйелі Элина Пугач (оның үлесі 15%). 45% дейінгі үлес Вячеслав Кимге (рейтингте №8 орын) тиесілі болған. 

2019 жылдың аяғында Гарбердің үлесін бұрын Вячеслав Киммен аффилиирлік байланыста болған "Дочерняя компания Caspian Trading Investment Co. Ltd" (CTI) ЖШС сатып алған. Алайда 2019 жылдың ақпанында Ким CTI қатысушыларының арасынан шықты. Осылайша, қазір Magnumның жалғыз қатысушысы "Дочерняя компания Caspian Trading Investment Co. Ltd" (CTI) ЖШС болып табылады. Оған иелік ететіндер Данияр Арынғазиев пен Александр Роденков екенбес жыл мерзіммен компанияның бақылаушылар кеңесінің төрағасы ретінде қала бермекші. (Приключения "Магнума". Как крупнейшая сеть РК искала деньги на развитие и сменила хозяев — Forbes Kazakhstan).

"ХБК "Аксай" ЖШС – еліміздегі аса ірі нан пісіруші кәсіпорын. Оған кәсіпкер Рашит Сәрсенов ( ең ауқатты қазақстандықтардың рейтингінде №6 орында және Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің рейтингінде №7 орында) пен оның ұлы Эльдар Сәрсенов "Ардагер" ӨБ ЖШС арқылы иелік етеді. "ХБК "Аксай" ЖШС  "Ақсай нан" деген брендпен өнім шығарады.

Байланысты компаниялардың арасында мыналар бар: "Нұрбанк" АҚмен компаниялар тобы: ( "Гелиос" ЖШС, " BSB Французкий дом" ЖШС, "Caspian food" ЖШС, "Хлебобараночный комбинат Аксай" ЖШС,  "Восток Бройлер" ЖШС, "ВК-Мукомольный комбинат" АҚ, "Прииртышская Бройлерная Птицефабрика" ЖШС).

Бағаны тұрақтандырудың қазіргі механизмінен тиімсіздік пен сыбайлас жемқорлық схемаларын аңдауға болады. Сауда компаниялары қалай іріктеп алынатыны түсініксіз, баға түзілу үдерісі айқын емес, тұрақтандыру қорының мөлшері күмәнді, сауда орындарының азық-түлік өнімдерін қайдан сатып алатыны түсініксіз. Бірақ, бізге түсініксіз жайттардың барлығы заңсыз болмағанымен, бұл сұрақтардың барлығы ашықтық пен жауапты талап етеді.   

Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, "ӘКК" АҚ мен басқа да сауда субъектілерінің арасындағы коммерциялық шарт Азаматтық кодекстің  ережелерімен реттеледі және тараптар бір-бірінен алған қаржылық, коммерциялық және басқа да ақпараттың қатаң  конфиденциалдығын, сонымен қатар келісім шарттарының конфиденциалдығын сақтауға міндеттенеді".

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен механизмдері

Бұл ретте, біздің сауалымызға келтірген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің ақпаратына сәйкес, тұрақтандыру қорларының іс-қызметіне жүргізілген  мониторинг нәтижесінде келесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен механизмдері анықталған:

  • азық-түлік тауар өндірушілерден сатып алынбайды;
  • басқа салаларға маманданған компаниялардан азық-түлік тауарларын сатып алу (мысалы, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін компания) оқиғалары анықталған; Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) осы дерек туралы өздері хабарлап алып, біздің нақтылау мақсчатында жіберген екінші сұратуымызға жауап бергенде ондай компанияны атаудан және осыған байланысты кімнің жауапқа тартылғанын хабарлаудан бас тартты. 

Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Алик Шпекбаевқа жіберген хатқа  электронды пошта арқылы мынадай жауап алдық:

"2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жамбыл және Қостанай облыстарындағы азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорларын жасақтауға жауапты әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорацияларға қатысты екі сотқа дейінгі тексеру тіркелді. Сотқа дейінгі тексеру тараптардың татуласуымен (ҚР ҚПК 35-бабы 1-тармағы 12-бөлігі, ҚР ҚПК 68-бабының 1-тармағы бойынша) аяқталды, мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді". 

  • Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұдан бұрын Жергілікті атқарушы органдар қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру Ережелерінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігінің нақты реттелмеуін атап өткен болатын;
  • арзан бағамен тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда нысандарының орналасқан жері туралы халықты ақпараттандыру бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі; Біз "Асыл ет" дүкендерін аралап шыққан кезде, олардың бәрінде "бекітілген бағалы ет" деп жазылды. Бұл қандай баға және не себепті әлеуметтік аз қорғалған адамдарға тек сүйекті ет лайық деп танылғаны туралы сұрақтардың басы ашық күйінде қалып отыр.
  • сатып алынатын азық-түлік тауарларын сақтауға арналған орындардың болмауына байланысты үшінші тараптан қоймаларды жалға алу; Бұдан бұрын да атап өткеніміздей, Алматыда қор да, тауардың қорын сақтайтын арнаулы қойма деген де шын мәнісінде жоқ. Мұндай қорды жеңілдетілген кредит алған сауда орындарының өздері сақтауға тиіс. ӘКК біздің белгіленген бағаға тауарлардың сатылу дерегін қаншалықты жиі қадағаланады деген сұрағымызға шатқа жүгінеміз деп жауап берді.
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі комиссиялардың құрамында жұртшылық пен БАҚ өкілдерінің болмауы. Расында да, Алматыдағы өңірлік комиссияның құрамында бір де БАҚ немесе жұртшылық өкілі жоқ екенін айта кету керек. Онда тек әкімдік пен бизнес-бірлестіктердің өкілдері ғана бар.  

2020 жылы аталған салада бірқатар қылмыстық істер тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет біздің алғашқы сұратуға берген жауабында хабарлаған болатын.

Мысалы, агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 77,6 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын бір ЖШС-тің өкілімен жымқыру фактісі анықталды. Бұл сома 1 450 тонна 1 сортты ұнын жеткізу кезінде жымқырылған.

Агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаментінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде өңірдің азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінген 98 млн теңге қаражатын бір ЖШС өкілінің жымқыру фактісі анықталды. Бұл сома 700 тонна картоп жеткізуге арналған болатын.

Қорытынды пікір:

"Қазір қазақстандықтар азық-түлік өнімдеріне барлық ақшалай шығындарының тең жартысын жұмсайды, бұл туралы статистика айтып отыр, демек, алматылық бір отбасы орта есеппен айына кемінде 150 мың теңге немесе бір адамға шаққанда шамамен 40-50 мың  теңге жұсайды. Яғни, алматылықтар азық-түлік өнімдеріне айына  75 млрд теңге жұмсамайды деп болжауға болады. Бұл, әрине, тұрақтандыру қорынан әлдеқайда артық. Бірақ, тұрақтандыру қоры шұғыл жағдайларда, тапшылық кезінде және тек әлеуметтік аз қорғалған топтар үшін ғана қажетті", – деп санайды Расул Рысмамбетов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары