Тікелей эфир

Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?

Мұндай ұйымдардың кіру жарнасы, қажет лицензиялары, меншік қаржысы мен бағалы активтері болмайды.

Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының басшысы Санжар Әділов қаржы пирамидаcының тоғыз негізгі белгісін атады.

"Ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымнан төменде аталған белгілердің барлығын немесе бірнешеуін анықтасаңыз, олар сізді кезекті бір қаржы пирамидасына тартуға тырысып жатқан жоқ па деген сұрақты өзіңізге қойып көріңіз", – деді Санжар Әділов. 

№1. Әкелген клиенттер үшін сыйақы уәдесі – бонустар.

Компанияға әкелген әрбір клиент үшін қосымша ақы төлеуге уәде берсе, онда бұл ол жерге ақша салудан бас тартып, таныстарыңызды мұндай қауіпті дүниелерге жоламауға үгіттеуге негіз болады. 

№2. Нарық деңгейінен бірнеше есе жоғары кепілдендірілген жоғары табыс

Әртүрлі "инвестициялық компаниялар" табыс табуға кепілдік бере алмайды, заңмен бұған тыйым салынған. Егер біреу кепілдік берсе, бұл – алаяқ. 

№3. Қажет лицензиялардың болмауы

Егер компания халықтан ақшалай салымдар тартса немесе қор нарықтарына инвестиция салуды ұсынса, бірақ оның лицензиясы болмаса, онымен байланысудың қажеті бар-жоғын үш рет ойланыңыз. Мұндай ұйымдар Қаржы мониторингі агенттігімен бақыланбайды, яғни жәбірленушілердің құқықтар мен мүдделерін ешкім қорғай алмайды.

№4. Кіру жарнасының болуы: рәсімдеу, оқыту, акциялар үшін

Әдетте, бұл жарна пирамиданы ұйымдастырушылардың негізгі табысы. Сонымен қатар қаржы пирамидасына тән нақты белгі.


Оқи отырыңыз: Әлеуметтік желіде қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады? 


№5. Меншікті қаржысы, бағалы активтерінің болмауы

Соңы сәтсіз аяқталса компанияның қолда бар мүлкі мен активтері сатылып, ең болмағанда салынған ақшаны ішінара қайтаруы мүмкін. Бірақ қаржы пирамидасында мұндай активтер жоқ.

№6. Агрессивті жарнама науқаны

Қаржы пирамидалардың жарнамасы тұтынушыларды жылдам тартуға арналған және пирамидалардың негізін қалаушыларға ғана пайдалы ақпаратты ғана қамтиды. Әрине, жарнама берушілер мұндай компанияның клиенті тап болуы мүмкін қатерлерді айтпауға тырысады.

№7. Ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы

Қаржы пирамидасының өз салымшыларынан басқа клиенттері жоқ. Сізге ешқашан жеткізушілерін, басқа бизнес серіктестерін көрсетпейді. Компанияға ақша салмас бұрын ол туралы мүмкіндігінше көбірек ақпарат білу керек. Ұйым туралы адамдардың пікірін зерттеңіз. Мүдделі тұлғалар да жағымды пікір қалдыратынын ұмытпаңыз. Барлық құжатты оқыңыз. Компания нақты немен айналысатынын, ақшаңыз қайда кететінін біліңіз. Компания қандай да бір сылтаумен ақпарат алуға, құжаттармен танысуға мүмкіндік бермесе салған ақшаны алу одан да қиын болары сөзсіз.

№8. Тек жеке кездесу арқылы консультация беру

Жеке кездесу кезінде клиенттің сеніміне кіріп, оны ақша салуға көндіру үшін түрлі психологиялық айла-амалдарды қолдану оңайырақ.


Оқи отырыңыз: 2021 жылы 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидасының құрбаны болды 


№9. Олар "келісімшартқа" ойланып-толғанбай қол қоюға шақырады

Асығыс шешім қабылдамаңыз. Келісімшарт үлгісін сұраңыз және оны мұқият оқып, зерттеңіз. Кейбір ережелері сізге қиындық тудырса, маманмен кеңесіп көріңіз. Қолыңызда салған ақшаңыздың орнына қандай құжат қалатынына көз жүгіртіңіз. Оның заңды күші бар ма?

Кез келген қаржылық құжатты, әсіресе келісімшартты мұқият оқып шығуды әдетке айналдырыңыз. Түсініп алмайынша ештеңеге қол қоймаңыз. Келісімшарт немесе оның жеке ережелері ұнамаса қол қоймаңыз.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары