Тікелей эфир

Құлаққап таңдағанда неге мән беру керек?

Құлаққапты пайдаланғанда дыбыс деңгейін 60 пайыздан асырмаған жөн.

Құлаққап – күнделікті қолданатын гаджеттердің бірі. Әсіресе, қоғамдық орында музыка тыңдағанда, кино көргенде таптырмас құрал. Ал микрофоны бар құлаққаптар сөйлесуге ыңғайлы. Құлаққаптың түр-түрі бар, бірақ оны таңдағанда қандай құрылғыға қосатыныңызды, не тыңдайтыныңызды, қандай мақсатта пайдаланатыныңызды анықтап алыңыз.

Құлаққапты қалай таңдау керек?

Құлаққаптардың бірнеше түрі бар:

  • үйге арналған;
  • кез келген жерде қолдана беретін портативті немесе ықшам;
  • ойынға арналған;
  • спорттық;
  • кәсіби немесе дыбыс жазатын студияға арналған;
  • диджейлерға арналған.

Пішініне қарай дөңгелегі толықтай құлақты жауып тұратын, құлақтың ішіне киілетін болып бөлінеді. Құлаққаптардың сымды және сымсыз түрлері бар. Сымы бар құлаққап құрылғыға жалғанады. Ал сымсыз құлаққап құрылғыға Bluetooth немесе AirDrop арқылы қосылады. Сымсыз құлаққап сымы бар құлаққаптан қымбат тұрады.

Акустика жағынан құлаққаптар ашық және жабық типті болып бөлінеді. Екеуін қабынан айыра аласыз: ашық типте дыбыс өткізетін саңылаулар бар, ал жабықта бұл жоқ. Ашық типтің артықшылығы – құлаққаптан естілетін дыбыс табиғилау, құлақты ауыртпайды және айналада болып жатқан барлық нәрсені естуге мүмкіндік береді. Жабық құлаққаптардан шығатын дыбыс қатты болғаны сонша, сыртқы шу естілмейді.

Сыртқы дыбыстар естілмеуі үшін актив және пассив шуылды басу тәсілдері бар құлаққаптарға зер салыңыз. Ашық құлаққаптардағы актив тәсіл арқылы жасырын микрофон фондық шуды қабылдап, электрлі сигналдарға түрлендіреді, өңдейді, қажетсіз акустикалық тербелістерді жауып, таза дыбыс шығарады. Бір кемшілігі – актив шуылды басу кезінде дыбыс бүлініп, сапасы нашарлайды. Пассив тәсіл ашық және жабық типтегі құлаққаптарда болуы мүмкін. Мұндай тәсіл арқылы құлаққап дөңгелегінің құрылымына байланысты фондық шу азаяды.

Құлаққаптың бекіту тәсілдері де әртүрлі. Дөңгелегі үлкен құлаққаптардың жоғарғы жағындағы бекіткіш құлаққапты ұстап тұрады. Екі басы бір-біріне жалғанатын құлаққаптардың сымы мойыннан өтеді. Адамдар құлақтың ішіне силиконмен бекітілетін құлаққаптарды көп қолданады.

Құлаққап таңдағанда жиілік диапазонына назар аударған жөн. Диапазон кең болса дыбыс спектрі де көп деген сөз. Стандарт – 20-20 000 Гц. Одан жоғары дыбысты адам құлағы қабылдай алмайды, сол себепті осы стандартқа сай болғаны жөн. Жарғағы үлкен құлаққаптан дыбыс жақсы естіледі. 

Құлаққаптарда дыбысты төмендетіп жоғарылататын, келесі әуенге ауыстыратын, қоңырауға жауап беретін түймелер бар. Адамдармен сөйлесу үшін микрофон болғаны да маңызды. 


Оқи отырыңыз: WhatsApp құпиясы: Жойылған чатты қалай табуға болады?


Құлаққап адамды керең қыла ма? 

Иә. Бірақ, анығында құлаққап емес, одан шығатын тым қатты дыбыс құлақты керең қылуы мүмкін. Күнделікті қолданып жүргенде бізге оның әсері білінбейді, алайда уақыт өте келе құлақ естімей, салдары көріне бастайды.

Құлақ жарғағы дыбыс толқындарын жинап, құлақ пердесіне жібереді. Ол жақта дыбыстан діріл пайда болады. Дірілдерді ортаңғы құлақтың кішкентай сүйектеріне, ал олар – сопақша терезеге, сосын басқа жарғаққа жібереді. Ішкі құлақта арнайы сенсорлық жасушалар бар, олар түкшелердің көмегімен осы қозғалыстарды қабылдап, оларды ми талдайтын электрлі импульстарға айналдырады.

Қатты дыбыстар осы жасушаларға шамадан тыс күш түсіреді. Мысалы, концерттен кейін адамның құлағында біразға дейін шу кетпей тұрады. Құлаққа ұзақ әрі қатты күш түскенде жасушалар зақымданып, мұның арты есту қабілетінің жоғалуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.


Оқи отырыңыз: Компьютердің құпия сөзін ұмытып қалсаңыз, не істеу керек?


Нені есте ұстау керек? 

Құлаққап кесірінен есту қабілетіңізге зақым келмес үшін қарапайым сақтық шараларын ескерген жөн:

  • Құрылғыңыздағы дыбыс деңгейін 60 пайыздан асырмаңыз;
  • Сырттағы шуды басатын құлаққап алыңыз. Сонда метро шуын немесе басқа да дыбыстарды басу үшін құрылғыңыздағы дыбыс деңгейін көтерудің қажеті жоқ;
  • Айналаңыз у-шу болса немесе құлаққаптан тып қатты дыбыс шықса, сізге ескерту жіберетін қосымшаны жүктеп алыңыз. Мұндай бағдарламалар Android пен iOS үшін қолжетімді. Мысалы, Sound Meter, Noise, Designer Meter сияқты ақысыз қосымшаларды жүктеп алыңыз;
  • Қауіпсіз тыңдау функциясы орнатылған смартфондар мен құлаққаптарды пайдаланыңыз. Олар дыбыс деңгейін өлшеп, қатты дыбысты шектеп отырады. Мысалы, балалар құлаққаптарының көпшілігі 70-85 дБ-ден (децибел – шу деңгейін өлшеу мәні) асыруға жол бермейді. Балалардың есту қабілеті қалыптасып бітпегендіктен олар өз бетінще дыбыстың қатты екенін қадағалау қиынға соғады. Сондықтан оларға дыбысты қатты шығармау керек екенін түсіндірген жөн;
  • Мүмкінігінше дыбысты қатты шығарып тыңдамауға тырысыңыз.
Серіктестер жаңалықтары