Тікелей эфир

Танымал хирург өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Жаңалықтарға шолу

Еуропада қызылша өршіп тұр. Ақпан айының соңында қар ериді.

Доллар 380 теңгеден асып кетті

Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысы бойынша АҚШ валютасының орташа бағамы 380,15 теңге болды. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 381-382 теңгеге сатып жатыр.

Еуропада қызылша өршіп тұр

2018 жылы бұл аурумен 82 596 адам ауырып, 72-сі қайтыс болған. 2017 жылдағы көрсеткіштен үш есе, 2016 жылғыдан 15 есе артық. Еуропада да бұл дерттің кең етек жаюына екпе салдырмаудың кесірі тиді деп аталып отыр.

Аймақтардағы дүкен сөрелерінен мерзімі өтіп кеткен тағамдар табылды

Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы дүкендерге тексеріс жүргізді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысының дүкендеріндегі Ресейден әкелінген ет өнімдерінің құрамынан бөгде ДНҚ табылды. ("Говядина тушёная" консервілері ("Орелпродукт" АҚ), "Птичий" ( "Омский бекон" АҚ), "Фантазия" шұжығы ( "Омдел")).

Сондай-ақ санитарлық дәрігерлер Алматы, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы дүкен сөрелерінен бірқатар мерзімі өтіп кеткен тағамдарды алғызып тастап, иелеріне айыппұл салды. Комитет тұтынушыларды тамақ таңдау кезінде сақ болуға шақырады.

Елімізде алғашқы химиялық кастрация жасалмай қалды

Оны кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін сотталған Түркістан облысы,Төлеби ауданының тумасына бірінші рет қолданбақ болған. Сот оны химиялық кастрация бойынша мәжбүрлеп емделуін тағайындады. Алайда, прокуратура сот шешімін тоқтата тұру туралы шешім қабылдады, алты айдан кейін апелляциялық комиссияда химиялық кастрация туралы сот шешімінің күші ақыры жойылды.

Қазақстанда химиялық кастрация туралы заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Заң бойынша, ол балаларға қатысты жыныстық қылмыстар үшін сотталғандарға тағайындалады. Бұл тақырып қоғамда әлі де қызу талқылану үстінде.

Танымал хирург өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, танымал хирург Мәди Биғалиевтің мұндай қадамға бару себебі әлі белгісіз. Оның мәйіті 7 ақпан күні сағат 15:00 шамасында өз үйінен табылған. Полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 105 "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Ауған соғысы ардагерлеріне 100 мың теңгеден төленетін болды

Алматы қалалық мәслихаты Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылуының 30 жылдығына орай мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына осындай бір жолғы әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім шығарды. Шешім жобасы 21 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Ақпан айының соңында қар ериді. Метеостансалардвң көп жылдық бақылау мәліметтері бойынша, ақпан, наурыз және сәуірде бір тәулік ішінде жауын-шашынның бір айлық нормасы түсуі мүмкін. Айлық синоптикалық болжам бойынша (дұрыстығы – 20-80 пайыз), ақпанның үшінші онкүндігінде күндіз және түнде ауа температурасы көтеріліп, өз кезегінде қардың еруіне, ағынның қалыптасуына және су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады.

Baq.kz: Қазақстанда жалдамалы баспана қымбаттады. 2019 жылдың қаңтар айында жалдамалы пәтердің құны 1 шаршы метр үшін 1,4 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың желтоқсан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5% жоғары. Түркістан мен Талдықорғанда жалдамалы баспана бір ай ішінде сәйкесінше 15% (1 ш.м. үшін 1,7 мың теңгеге дейін) және 5,3% (1 ш.м. үшін 1,2 мың теңгеге дейін)қымбаттаған. Сонымен қатар, Тараздағы жалдамалы пәтердер 2,8%, Астанада – 2%, Ақтөбеде – 1,2% және Оралда – 1,1% қымбаттады. Басқа өңірлерде қаңтар айында баға өзгере қойған жоқ.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары