Тікелей эфир

Төле би бойындағы ескі үй: мұнда жерасты жолы мен құпия қазына жасырылғаны рас па?

Фото: Православие жаңалықтары агенттігі
Фото: Православие жаңалықтары агенттігі
Кинемотографтар ғашық болған Алматыдағы ескі үйдің жүз жылдық тарихын баяндаймыз.

Алматы орталығындағы Төле би мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында ерекше көне үй орналасқан. Салынғанына жүз жылдан астам уақыт өтсе де, ғимарат жақсы сақталған. XX ғасырдан сыр шертетін көне үй тарихи фильмдер түсіруге немесе мұражай ашуға сұранып-ақ тұр. 

Үйдің иесі – Алматы тұрғыны Әділбек Жаңбырбаев. Ол мұнда дүниеге келген уақыты – 1963 жылдан бері тұрады. Бұл үйдің байырғы тұрғындары туралы ата-анасынан және көршілерінің әңгімесінен естіп білген.

Әділбек Жаңбырбаев / Фото Православие жаңалықтары агенттігі

Үйдің сыртымен қоса, іші де ерекше ретро үлгіде безендірілген. Қожайын үйді барынша баяғы қалпында сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Үйдің ішіне кіргенде ғасырдың басынан бері сақталған төбедегі жапсырмаларға көз түседі. Мұқият қарасаңыз, есіктер революцияға дейінгі кезеңнен бері сақталғанын байқауға болады. 

Қонақ бөлме / Фото Православие жаңалықтары агенттігі

"Өкінішке орай, жөндеу жұмыстары кезінде есік тұтқасындағы ескі вензелді бояп тастадым. Бірақ, бояуды қырып тастасақ, оларды көруге болады", – дейді Әділбек Жаңбырбаев. 

Қонақ бөлмедегі үлкен голландиялық пеш көзге оттай басылады. Пеш жылыту мерзімі аяқталған соң, күз бен көктемнің салқын кездерінде ара-тұра жағылады. 

Голландиялық пеш / Фото Православие жаңалықтары агенттігі

Пешті үйдің алғашқы иесі орнатқан. Оның аты-жөні әлі күнге дейін белгісіз. Әділбек Жаңбырбаевтың айтуынша, бұл үй жібек саудасымен айналысқан Ибрагимов деген верныйлық көпеске тиесілі болған. Энциклопедияда көпестің бидай, ұн, нан секілді ауыл шаруашылығы тауарларын сатқаны жазылған.  

"Бұл үйді 1918 жылы Ғабдуллин атты көпес салдырған деп естідім. Алайда, бұл қате мәлімет шығар, өйткені үй одан ертерек – революцияның алдында салынған болуы керек. Көпес үйді ұзақ уақыт салған. Ғимаратты тұрғызудың мұндай технологиясы революцияға дейінгі Верныйда кең тараған: қаңқасы Тянь-Шань шыршасынан жасалып, сырты сыланған", – дейді ол.

Үйді тұрғызған көпес жертөледе байлыққа толы қазынасын жасырған деген аңыз әңгіме бар.  

"Қаладағы революцияға дейін салынған әрбір үйге қатысты осындай аңыз-әңгімелер бар шығар. Ал менің үйіме келер болсақ, бұл аңызға сенемін, мүмкін сол қазынаны бір кезде тауып алатын да шығармын", – дейді үй иесі.

Айта кетейік, бұл үйдің Вознесенск соборына жақын орналасуы тағы бір аңыздың шығуына түрткі болған. Оған сәйкес, "қызғылт үйден" жерасты жолы арқылы Вознесенск соборының астында орналасқан жұмбақ үңгірге баруға болады. Алайда 2020 жылы соборды реставрациялау кезінде дін қызметшісі протоиерей Александр Суворов көп жылдар бойы сеніп келсе де, бұл теорияны жоққа шығарды. 

"Іргетасты қалпына келтіру кезінде патшалық кезеңдегі цементті көрдік. Яғни, ғимаратты іргетасына дейін қаздық, өкінішке қарай, ешқандай жерасты жолын таппадық. Сондықтан да үңгір туралы әңгіме – жай ғана аңыз", – деп мәлімдеді Суворов.

Үйдің алғашқы қожайыны мұнда ұзақ қоныстанбаған. Азаматтық соғыс кезінде көпес Қытайға қашып, ал үй мемлекет меншігіне өткен. 

1920 жылдардың аяғында аталған ғимаратқа педагогикалық институт – қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары жайғасты. Верный ұлдар және қыздар гимназиясы, Ұлдар гимназиясының пансионы, аталған білім ордасы директорының үйі де дәл осы "қызғылт" үйдің жанында орналасқан. Гимназия директорының үйінде қазір Түркия елшілігі орын тепкен. Ал қалған ғимараттар Абай атындағы ҚазҰПУ мен Бегалин атындағы балалар кітапханасының қарамағында.  

1960 жылдардағы "қызғылт" үй / Архив фото

Сонымен қатар, көне "қызғылт" үйді "ғалымдар үйі" деп айтуға да болады. Себебі мүнда бір ғасырға жуық уақыт көрнекті ғалымдар тұрып келген.

Солардың алғашқысы – Напалеон дәуірін зерттеген ұлы тарихшы, академик Евгений Тарле. 1931 жылы ол "академиктер ісі" бойынша Алматыға жер аударылған. Бұл істі ғалымдардың "контрреволюциялық өткенін" көрсетуге нұсқау беретін сауалнамаларды енгізуге қарсы болған кезінде КСРО Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы қолдан жасады. Сол кезде көптеген ғалым атылып, ал кейбіреулері айдауда болды. Солардың қатарында Евгений Тарле де бар.

Ғалым әйеліне былай деп хат жазған:

"Алма-Ата Ташкентке қарағанда жақсы әрі таза, көшелерде ағаштар, үйлердің артында бақшалар бар. 120 мың тұрғын, айналада шыңын қар басқан әсем таулар. Бүгін бөлме тауып саған жазамын. Бұл оңай шаруа емес екен".

Ол бөлмені дәл осы "қызғылт үйден" тапса керек. Алайда, 1932 жылы ғалым рақымшылыққа ілініп, Мәскеуге оралды. Ал "қызғылт үйге" бұдан кейін де оқытушылар мен ғалымдар қоныстанды. 

1940 жылдары бұл жерде академик Орынбек Жәутіков тұрды. Ол алғашқы қазақстандық математика пионерлерінің бірі ретінде танымал болды. Жәутіковтің ғылыми зерттеулері негізінен дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелері теориясымен байланысты. Оның есімімен Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі аталады. Қазақстанның барлық математиктері әлі күнге дейін Жәутіковке бас иеді.

Сондай-ақ, үйдің басқа пәтерінде Нина Смирнова тұрған. Ол – қазақ фольклорын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен қазақ ақындарының мұрасын жазбаша жариялады. Қазір "қызғылт үйде" Нина Смирновадан қалған шкаф бар.

Нина Смирнованың шкафы / Фото Православие жаңалықтары агенттігі

Бөлмелерге кіргенде ХХ ғасыр ортасындағы кеңес ғалымдарының үйінде жүргендей боласыз. Қазіргі үй иесінің ата-аналары – Бегалы Сәдуақасұлы мен Қалыш Қалиқызы дәлдік ғылымдарды зерттеген. Алты баласының бесеуі өз өмірлерін осы ғылыммен байланыстырған.

Үйдің осы күнге дейін өз қалпында сақталғаны таңғалдырмай қоймайды. Қаладағы көптеген құрылыс алпауыттары бұл үйді бұзып, орнына басқа ғимарат тұрғызуды көздеген. Алайда, қиылыста бүйірімен орналасқан жер теліміне құрылысшылар аса қызықпаған соң, үйді сүріп тасау әрекеті тоқтады.

"Қызғылт үй" кинематографтардың да ерекше ықыласына бөленген. Мұнда бірнеше кинотуындының сахналары түсірілген.   

"Туыстарым үнемі барлығын ауыстырып, жөндеуге көндіргісі келеді. Алайда, маған өткен күндердің атмосферасы қатты ұнайды, бірдеңені ауыстыруға барынша қарсылық танытамын. Қалада тағы кімнің үйінде осындай пеш бар екен? Үйге келген қонақтарым таңырқап, үнемі суретке түседі. Ал көшеден өткен адамдар бұл үйде қандай мұражай бар деп сұрайды. Бұл кәдімгі тұрғын үй екеніне ешкім сенбейді. Ал үйдің неткен тарихы бар десеңізші!" – дейді Әділбек Жаңбырбаев.


Бұл мақаланы орыс тілінде де оқуға болады: Старый дом на Толе би: есть ли там подземный ход, спрятаны ли сокровища, что защищает его от сноса


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары