Тікелей эфир

Дін мен діл: Рухани әлем неден тұрады?

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазіргі заманда материалдық құндылық алға шығып, рухани әлем, жан-дүниенің байлығы соңғы орынға ысырылып қалған сыңайлы.

Кішкентай баладан "кім болғың келеді?" десе, "миллионер болғым келеді" дейтіндер көбейді. Жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптаған психологтар да материалдық байлықты бірінші орынға қоюды үйретіп жатқандай. Рухани әлемнің қайнар көзі кітапты қолға алмайтындар көбейді. Бұрынғы әкелер шай ішіп отырып, газет оқыса, қазіргі әкелер шай үстінде телефон шұқылайды. 

Діннің өзі сан тарауға бөлініп, бірінікін бірі мойындамайтын заман келгендей. Ұлттық құндылықтар жоғалып, заманның көшінен қалмаймын деген жастар қазақылықтан ажырап бара жатқандай. 

Бұл – халық арасында желдей есіп жүрген ой-пікірдің тең жартысы. Аға буын жастарға көңілі толмай желіде базынасын айтуда. 

Бұған мамандар не дейді?

Музыка пәнінің мұғалімі Батес Ғабдрахимқызының пікірінше, рухани байлық бала кезден бастау алады. 

"Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Отбасында ана мен әке, мектепте мұғалім баланың тәрбиесімен айналысуы керек. Бала ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алатындай сана деңгейіне жеткенге дейін біз оның қасында жетелеушіміз, бағыт сілтеушіміз. Бала – айна. Аузымыздан шыққан әр сөзді аңдап сөйлеп, балаға дұрыс тәрбие бере білсек, жел соқса құлап түсердей әлсіз шыбық діңгегі мықты алып ағашқа айналады. Одан бөлек, баланы әртүрлі үйірмелерге қатыстыру керек. Мектеп мұғалімдері мен ата-аналар баланың көңілін басқа жаққа бұру үшін би, ән, музыкалық аспаптар, қазақтың ұлттық аспаптары сияқты үйірмелерге жазу керек. Баланың жүрегі нені қаласа, сол жаққа оны беру керек. Қазіргі кезде заманауи үйірмелер де көп, робототехника сияқты бұрын болмаған үйірмелер бар. Заманның жақсы жақтарын ала білген жөн деп ойлаймын", – дейді Батес Ғабдрахимқызы. 

Дін мен діл – руханияттың ажырамас бөлігі. Қандай дін болмасын, ол адамгершілікті, сыйластықты, татулық пен бейбітшілікті, әділеттік пен теңдікті, білім мен парасатты насихаттайды. 

Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Руханияттың өзегі – ислам, христиан және басқа да ресми діндер. 


Оқи отырыңыз: Астанада діни сауат тақырыбына арналған фильм жарыққа шықты


Алматы қаласы Вознесендік соборының психологы Виктория Левинаның сөзінше, рухани байлыққа жетуге болады:

"Руханияттың өзі неден тұратынын анықтау керек. Мысалы, менің ойымша, бір нәрседен бас тарта алатын адам оған дейін өз еңбегімен, өз білімімен бір нәрсеге жеткен. Дұға, Құдаймен байланыс рухани әлемге жатады. Рухани әлем дегеніміздің өзі сенім, дұға, медитация арқылы келеді. Рухани бай адам Құдай жаратқан мына әлемді түсіне отырып ешқандай материалдық құндылық ішкі әлемін толтыра алмайтынын түсінеді. Өкінішке орай бұл бәріне бірдей қолжетімді емес". 

Психологтың айтуынша, бұл үшін бүкіл білім беру жүйесін, отбасы тәрбиесін өзгерту керек. Егер отбасының тұрмыстық мәселесі шешілмеген болса, рухани әлем туралы айтудың өзі артық. Мысалы, Виктория атеистермен, мұсылмандармен, христиандармен, кришнаизм өкілдерімен жұмыс істейді. Бәрінің өз мәселесі бар. Ол тек мешіт, шіркеу сияқты жерлерге барумен шешілмейді. Барлық жерде саналылық керек. Адам қайда бара жатқанын түсінуі тиіс. 


Оқи отырыңыз: Өзбекстан шіркеуінің епископы: Әртүрлі дін өкілі болсақ та, бауырмыз


"Ересек адам қай нәрсеге ұмтылса, бала да соған ұмтылады. Егер отбасы материалдық құндылықтың соңынан кеткен болса, айфонның соңғы үлгісіне, екінші көлікке ұмтылса, бала да "өмір деген осы екен" деп түсінеді. Қазіргі таңда байлыққа шақыратын марафон көп. Бұрын біз отбасыдағы мәселелер туралы көп талқылайтын болсақ, қазір көбі ақшасыз өмірден шығудың жолын іздейді. Адам материалдық құндылығы түгел болған жағдайда ғана философияға беріле бастайды. Мысалы ғалымдар, тарихшылар, философтар зияткерлік жұмыс істесе де, олар үшін бірінші орында зияткерлік жұмыс тұрса да, олардың материалдық жағдайы жақсы. Яғни адамның материалдық қажеттілігі толық өтелген болса, адам ары қарайғы өмірін ойлайды. "Мен не үшін өмір сүріп жатырмын?" деген сұрақтар пайда бола бастайды. Сөйтіп өмірдің мәнін түсінуге ұмтылады. Психологияда 40+ кезеңде адам өзіне әртүрлі сұрақтарды қоятыны дәлелденген", – дейді психолог.  

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары