Тікелей эфир

"Тальгода" зорланған келіншектің ісі қайта қаралатын болды. Жаңалықтарға шолу

Елорда мектептерінде 200 мұғалім жетіспейді. Қазақстандықтарға қай елден көп ақша жіберіледі?

Ажырасу саны бойынша Қазақстан әлемде 10-шы орында

Биылғы маусым айынан бері "Бақытты отбасы" жобасының аясында отбасы соттары жанынан еліміздің сегіз қаласында отбасыларды ресурстық қолдау орталықтары ашылды. Олардың әрбірінде психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер азаматтарға тегін кеңес береді. Осы уақытқа дейін орталықтарға 600-ден астам адам жүгінген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 250 отбасы қайта табысу туралы шешім қабылдаған.

"Дағдарыс орталықтары одағының" төрайымы З.Байсақованың айтуынша, елімізде ажырасқысы келетіндердің арасында жас отбасылармен қатар бірнеше жыл некеде тұрғандар да көп. 2019 жылдың бірінші тоқсанында 63 917 неке қиылып, 29 073 жұп ажырасқан.

Қазақстанда білім саласына салынған инвестиция бір жылда 10%-ға азайған

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап шілдеге дейін білім саласына құйылған инвестиция көлемі – 92,8 млрд теңге. Сарапшылардың сөзіне сенсек, салаға салынған қаражат былтырғы жылдан бастап (16,4%) азайған.

Тартылған инвестициялардың басым бөлігі Түркістан облысына, содан соң Астана мен Алматыға тиесілі.

Магистратураға түсуге тест тапсырғандардың жартысы грантқа үміткер

10-15 тамыз аралығында елімізде 27 бекетте магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу өткізілді. Оған 28 131 адам қатысты, бұл – өтініш берген түсушілердің жалпы санының 92%-ы. Тестілеуді өткізу үшін аймақтарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жіберіліп, Республикалық апелляциялық комиссиясы және жергілікті жерлерде апелляциялық комиссия құрылған. Бақылаушылар ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен арнайы мониторингтік топтар тартылған.

Оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін магистратураға мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін кемінде 75 балл, ақылы негізде қабылдау үшін кемінде 50 балл жинау керек. Тест нәтижесі бойынша 12 853 үміткер (немесе тестілеуге қатысушылардың 45,7%-ы) мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік алыпты.

Google мен Mozilla Қазақстандағы қауіпсіздік сертификатын бұғаттады

Ел билігі "сынақтан сәтті өтті" деп хабарлаған қауіпсіздік сертификаты тағы да әлемдік баспасөздің басты жаңалығына айналды. Mozilla и Google компаниялары Қазақстан Үкіметінің елде жаппай енгізбек болған Qaznet Trust Network сертификатын өз браузерлерінде бұғаттайтынын хабарлады. Бұған қоса билікке желіні қолданушыларының деректеріне қол сұғуға жол бермейміз деп мәлімдеді.

"Біз мемлекеттік немесе басқа ұйымдарға Chrome қолданушыларының деректеріне қол сұғуға жол бермейміз. Бұл мәселеге байланысты қорғаныс шараларын енгіздік. Әлемнің барлық бөлігіндегі қолданушыларымызды қорғау үшін үнемі қажет шаралар қабылдауға дайынбыз" деп мәлімдеді Chrome браузерінің технологиялар бойынша аға директоры Париса Табриз.

Елорда мектептерінде 200 мұғалім жетіспейді

Тамыз конференциясында қала әкімі А.Көлгінов осылай деп мәлімдеді. Мәселені шешу үшін 2018 жылы әкімдік оқытушыларды даярлауға университеттерге 100 грант бөлген.

Әкімнің айтуынша, жылдан жылға халық санының артуына байланысты Елордаға жаңа мектептер керек.

– Соңғы 10 жыл ішінде Бас қалада мектептер саны 1,5 есеге артты. Сонда да көбірек қажет. Қазіргі кезде қалада 108 мектеп бар. Қыркүйекте 185 мың оқушы білім алуға барады, – деді әкім. Айтуынша, алдағы 5 жылда қалада 40 білім беру нысанын, соның ішінде мектептер салу жоспары бар. Қазір жеке инвестициялар есебінен 11 мектеп салу жайлы келісім бар. Оған 30 миллиард теңге керек. Осының арқасында жаңа 12 мың орын пайда болады. Ал, бүгінгі таңда қалада 17 мың орын жетіспейді.

Әскерилер жоғалған альпинистерді іздеп, Жеңіс шыңын 14 рет айнала ұшып өткен

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Тянь-Шань тауында жоғалған қазақстандық альпинистерді іздеу жұмыстары 5 100-ден 6 мың метр биіктікке дейінгі аралықта жүргізілген. Іздеу-құтқару операциясының жетекшісі Василий Пивцовтың айтуынша, көзбен шолу, сонымен қатар жылу сезгіш құралды пайдалану арқылы қарау еш нәтиже бермеген. Тірі екендігін білдіретін ешқандай белгі жоқ, мүрделері де табылмаған.

Василий Пивцов аталған ауданда қар көшкіні қаупі сақталғандықтан жаяу операция мақсатқа сай келмейтіндігін айтып отыр. Бұл бағдарға шығатын адамдар үшін үлкен тәуекел әрі қауіп төндіреді. Қазіргі уақытта әскерилер Қарқара лагерінде көрінеді.

Тальго пойызында зорланған әйелге қатысты сот үкімінің күші жойылды

"Тұлпар-Тальго" жолсеріктеріне қатысты апелляциялық шағымдар Қостанай сотында қаралды. Апелляциялық инстанция сотталғандарға қатысты қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы шешім қабылдады.

Бұған қоса, апелляциялық инстанция "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшылығына қатысты жеке қаулы шығарды. Компанияның қызметіндегі анықталған кемшіліктер, атап айтқанда, жауапсыздық пен бақылау, қызметкерлердің тәртібі мен мінездемелері ескерілді. Екінші қаулы – ҚР Бас прокуратурасы жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының Қылмыстық кодекстің 120, 121, 122, 123-баптарындағы жазаларды қатаңдату және осы қылмыстарды ауыр санатқа ауыстыру туралы бастамасының маңыздылығына қатысты.

Сот үкімінде істе келтірілген барлық дәлелдер тиісті түрде зерттелмегені, іске объективті баға берілмегені, іс жүргізу заңының нормаларын елеулі түрде бұзу назардан тыс қалдырылғаны жазылған. Судья сотталғанарға қатысты бұлтартпау шарасының мерзімі іс прокурорға жіберілген күннен бастап 1 айға ұзартылатынын хабарлады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстандықтарға қай елден көп ақша жіберіледі. Шетелден қазақстандықтарға алты айда 173 миллиард теңге жіберілді. Бұл 2018 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 17,3% көп. Қаржының басым бөлігі Ресейден аударылған: 72 млрд теңге. Екінші орында Корей елі - 32,3 млрд теңге. Өзбекстан үздік үштік қатарында:Бұл елден Қазақстанға 14,9 млрд теңге аударылған.

24.kz: 1$ = 386,04 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 386,04 теңге болды.

Altaynews.kz: 79 қылмыс жасаған өскемендік әйел ұсталды. 37 жастағы әйел соңғы қылмысын 14 тамыз күні жасады. 27 жастағы тұрғынның автокөлігінің жүк салғышынан көлік саймандарын ұрлап кеткен. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықтап, қолға түсірді. Бұған дейін 78 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған әйел бұл жолғы кінәсін де мойындап отыр. Оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары