Тікелей эфир

Солтүстік Қазақстан облысы жаңа жылдық безендіруден бас тартты. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
"7-20-25" бағдарламасымен несие алушылардың арасында Астана тұрғындары көш бастап тұр. Алдағы күндері ауа райы күрт суытады.

ҚТЖ онлайн билет сатудың жаңа қызметін іске қосты

Азаматтардың ұсыныстары мен ескертулерін ескеріп, bilet.railways.kz интернет-порталының жаңа нұсқасы әзірленді. Сайттың әріп шрифтісі, вагондардың кестесі өзгертілді – бос емес орындар ашық түстермен белгіленді. Қажет бағыттарға билет іздеушіге енді оңай. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі сайттың мобильді нұсқасы да іске қосылды.

"7-20-25" бағдарламасы бойынша 3 мыңнан астам өтінім мақұлданды

Бүгінге дейін бағдарлама бойынша банктерге жалпы сомасы 57 млрд теңгенің несиесіне 4831 өтінімі келіп түскен. Оның 3144-і (37 млрд теңге) мақұлданған. Бағдарламамен баспана алуға ниет танытқандардың арасында Астана, Алматы және Маңғыстау облыстарының тұрғындары көш бастап тұр. Елордалықтар рәсімдеген ипотекалық несие сомасы 15 млрд теңгеден асады.

Сот Эксимбанкті тарату туралы қаулы қабылдады

2018 жылғы 28 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ын мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлғалардың тарапынан сот актісіне шағым болмаған жағдайда, түпкілікті формада шешім шығарылған уақыттан бастап 30 күн ішінде шешім заңды күшіне енеді. Сол күні ҰБ банктің тарату комиссиясын тағайындайды.

Одан кейін 14 жұмыс күні ішінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры агент ретінде еліміздегі банктердің қайсысы Эксимбанк салымшыларымен төлем жүргізу жөніндегі жұмыс істеп, есеп айырысатындығын хабарлайды.

Солтүстік Қазақстан облысы жаңа жылдық безендіруге бюджет қаражатын жұмсаудан бас тартты

Облыс билігі былтыр да безендіруден біраз қаржы үнемдеген еді. Биыл Петропавл қаласын қолдан жасаған бұйымдармен безендіретін болды.

"Облыстың бюджеті аз, бар болғаны 9 млрд теңге. Өзге аймақтармен салыстырғанда 10 есеге кем. Бюджет қаржысы басқасы былай тұрсын, қаланы безендіруге қаражаты жетпейді", – деп мәлімдеді облыс әкімі Қ.Ақсақалов.

Атырау облысындағы мұнай компаниялары жұмысшыларының жалақысын 10-30 пайызға өсірді

"Caspian contractors trust" ЖШС-нің цех басшысы үстеме ақыларымен айына 350 мыңға дейін жалақы алатынын мәлімдеді. Бұған дейін ол 250 мың айлық алып келіпті. Айтуынша, компания қызметкерлерінің жартысының, оның ішінде жұмысшылардың жалақысы өскен.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалының директоры А.Идрисовтың айтуынша, өңірдегі 250-300 адам жұмыс істейтін 6 мұнай компаниясы қызметкерлерінің жалақысын 10-30%-ға дейін өсірген.

Apple Pay байланыссыз төлемдер жүйесі іске қосылды

Елімізде алты бірдей банк (Halyk bank, Forte Bank, Қазақстан Сбербанкі, Евразиялық банкі, Центркредит банкі, АТФ банкі) осы жүйеде қызмет көрсете бастайды. Apple Pay қызметін іске қосу үшін клиенттеріне банк картасын Wallet қосымшасы арқылы төлем қызметіне қосу қажет.

Дүкендерде төлем жүргізу үшін iPhone SE, iPhone 6 және одан кейінгі жаңа үлгілері, сонымен қатар Apple Watch қолдануға болады. Ол үшін Apple Pay орнатылған телефонды пост-терминалға тақап тигізсе жеткілікті.

Девальвациядан кейінгі үнемделген қаражатқа Астанадан Алматыға дейінгі жол жөнделетін болды

Қазір бұл тас жолы төртінші санатқа жатқызылып отыр. Жөндеуден өткеннен кейін 2021 жылы Балқаш-Бұрылбайтал жолын бірінші санатқа өткізу жоспары бар. ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасынан 490 млн доллар үнемделген. Осы қаражаттың бәрі "Балқаш-Бұрылбайтал" тас жолын жөндеуге жұмсалады. 297 шақырымдық жолды үш жылда жөндеп бітірмекші.с

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы тәуліктерде күн күрт суытады. Алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым бөлігінде күн суытады. Синоптиктердің мәліметінше, бұл оңтүстік-батыс тропосфералық ағындардың солтүстік-батысқа ауысып, Баренц теңізі жақтан арктикалық ауа массаларын әкелетінімен байланысты. Күн суытар алдында Қара теңіз циклоны мен соған байланысты атмосфералық ағындар республиканың солтүстігіне қарай жылжиды. Нәтижесінде қар жауып, бұрқасындатады, батыстан қатты жел соғып, оңтүстікте тұман түсіп, көктайғақ болады.

Baq.kz: Павлодарда бір мекемені екі шенеунік басқарған. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін үш айы бойы екі шенеунік басқарған. Коммуналдық мекемеге қатысты Павлодар қаласындағы кондоминиум нысандарын басқару органдары және қамтамасыз ету қауымдастығының төрайымы С.Иванованың шағымынан соң, қала әкімінің орынбасары Андрей Балашовқа сөгіс жариялау жөнінде ұсыныс айтылды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары