Сенат сайлауына 46 үміткер қатысты. Олардың ішінен тек 17 адам ғана жоғары палатаға өтті.
Нұр-Сұлтан қаласынан Сенатқа депутат болып Ақылбек Күрішбаев (1961 ж.т.) сайланды. Ол 75% дауыс жинаған.
Ол 2011 жылдан бері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры және Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты. Еңбек жолын В. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында лобарант болып бастап, директордың орынбасарына дейінгі лауазымдық қызметтер атқарған. 1997 жылы А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалған. 2002-2008 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, ҚР АШМ Ғылым департаменті директоры, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған. 2008 жылдан университет ректоры лауазымына тағайындалғанға дейін Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды.
Алматы қаласының 30 таңдаушысы бірауыздан Медеу ауданының әкімі қызметіндегі Мәкежанов Сұлтанбек Алмасбекұлына дауыс берді.
Сұлтанбек Алмасбекұлы Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы, әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап Алматы қалалық әкімі аппараты басшысының орынбасары, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болған. 2016 жылдың мамырынан Алматы қаласы әкімінің орынбасары, ал 2019 жылы Медеу ауданының әкімі болып тағайындалған еді.
Шымкенттен 72% дауыс жинап көш бастаған Айгүл Қапбарова (1975 ж.т.) өз мандатын сақтап қалды. Ол бұған дейін Сенат депутаты еді.
Айгүл Жарылқасынқызының мамандығы журналист. Бұған дейін Сенат депутаты ретінде Шымкент қаласынан сайланған еді. Ол "Оңтүстік Қазақстан" газеті саясат бөлімінің меңгерушісі, "Шымкент Медиа" МКК бас редакторының орынбасары, директор – бас редакторы, "Шымкент ақпарат орталығы" ЖШС директоры – бас редакторы болып қызмет атқарған.
Ақмола облысынан – Ақмола облысы бойынша ревизиялық комиссияның төрағасы Нұрлан Бекенов - 89.5%;
Ол ұзақ жылдар бойы Ақмола облысының қаржылық бақылау басқармасы басшысының орынбасары, "Қазақстан халық банкі жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ның Ақмола филиалының директоры, ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті сапаны бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған Нұрлан Жексембайұлының зооинженер, бухгалтер-экономист, экономика магистрі тәрізді үш жоғары білімі бар. Ол Ақмола облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сатып алулар және коммуналдық меншік басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Ақтөбе облысынан – Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев – 89%;
Бауыржан Нұралыұлы К.Скрябин атындағы Мәскеу ветеринария академиясын бітірген. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы әкімінің орынбасары, әкімі, Теміртау ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2016 жылдан қазіргі уақытқа дейін Шалқар ауданының әкімі болып істейді.
Атырау облысынан – "Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк." ЖШС басқарушы директоры (KPI Inc) Сағындық Лұқпанов - 82.69%;
Ұзақ жылдар бойы Атырау облысында темір жол саласында еңбек еткен Сағындық Есенғалиұлы "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясы АҚ басқармасының төрағасы, 5 және 6-шақырылған Атырау облыстық мәслихатының хатшысы болған. Тіпті, 2017-2018 жылдары аралығында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Батыс Қазақстан облысынан – іскер әйелдері қауымдастығының аймақтық басшысы Ляззат Рысбекова - 70.33%;
Педагогтардың отбасында дүниеге келген Ләззәт Тұяқбайқызы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында білім алған. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасында жұмыс істеп, өңір прокурорының көмекшісі де болған. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бері істейді. Сонымен қатар ол 2015 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығын басқарады.
Жамбыл облысынан – Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков - 92.09%;
Оны сенаторлыққа кандидат ретінде Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихаттары ұсынған-ды. Еңбек жолын кәсіптік техникалық училищенің оқытушысы болып бастаған ол Жамбыл облысына қарасты Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, әкімі болған. Одан кейін Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарған. Біраз жыл Тараз қаласының әкімі болған. Қазіргі қызметінде 2013 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді.
Қостанай облысынан – Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк - 87.21%;
Мамандығы инженер-химик-технолог Сергей Алексеевич Қостанай облыстық өнеркәсіп және сауда басқармасында, сондай-ақ Қостанай облыстық Экономика, индустрия және сауда департаментінде бөлім бастығы болып жұмыс істеген. Қостанай облыстық Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс департаментіне басшылық еткен. ҚР Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі, ҚР министрліктеріндегі бірқатар департамент пен комитеттерде басшылық қызметте болған. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Қызылорда облысынан - Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова - 77.86%;
Медицина ғылымдарының докторы Ақмарал Шәріпбайқызы еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастаған. Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Қызылорда облыстық басқармасының бастығы, Қызылорда медициналық колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған.
Маңғыстау облысынан - "Қаражанбасмұнай" АҚ бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев - 87%;
Қазіргі уақытта "Қаражанбасмұнай" АҚ бірінші вице-президенті қызметін атқаратын Сүйіндік Тәсеменұлы И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтын бітіріп, мамандығы бойынша ұзақ жылдар бойы "ҚазТрансОйл" компаниясының бірқатар филиалында қызмет атқарған. Мемлекеттік қызметте де бағын сынап, 2012-2017 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болған.
Павлодар облысынан – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы - 81.97%;
Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Инженерлік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Алтынбек Нұхұлы ҚР БҒМ Жоғары білім және ғылым департаменті мемлекеттік стандарттар және нормативтік база бөлімінің бас маманы, ЖОО аттестаттау бөлімінің бастығы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, Көпбағдарлы гуманитарлық-техникалық университеттің ректоры, Инновациялық Еуразия университетінің ректоры, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Премьер-Министр кеңсесінің индустриалды-инновациялық даму бөлімі секторының меңгерушісі болған.
Солтүстік Қазақстан облысынан – қазіргі сенат депутаты Ольга Перепечина - 87.57%;
Солтүстік Қазақстан облысынан іс басындағы сенатор Перепечина Ольга Валентиновна өзін-өзі ұсынып, таңдауға қатысқан 187 мәслихат депутатының 162-сінің көңілінен шықты. Ольга Валентиновна Солтүстік Қазақстан облыстық қаржы басқармасының бастығы, Статистика департаменті директорының орынбасары, директоры қызметтерін атқарған. 2014 жылғы 17 қазаннан қазіргі уақытқа дейін — Солтүстік Қазақстан облысынан VI шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Ол 2014 жылғы 17 қазаннан бастап Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, 2017 жылғы қыркүйектен бастап Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы болған.
Түркістан облысынан – қазіргі сенат депутаты Әли Бектаев - 91.53%;
Әли Әбдікәрімұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі қызметтерін атқарғаннан кейін 2014 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып сайланған. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы. Сонымен қатар ол 2015 жылдың қыркүйегінен бастап "Ауыл" халықтық-демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы қызметін атқарады.
Шығыс Қазақстан облысынан – Бородулиха ауданының әкімі Ольга Булавкина - 93.07%;
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алған Ольга Александровна 2000 жылдан мемлекеттік қызметке араласқан. "Нұр Отан" партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бері еңбек етеді.
Алматы облысынан – Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дюсембинов – 92.63%;
Алматы сәулет-құрылыс институтын, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген Сұлтан Мырзабекұлы Алматы облысы Ескелді ауданы әкімінің бірінші орынбасары, аудан әкімі, Қаратал ауданының әкімі, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы болған. Қазіргі қызметінде 2019 жылдан бері істейді.
Қарағанды облысынан – қазіргі сенат депутаты Сергей Ершов – 83.15%;
Алматы сәулет-құрылыс институтын бітіріп, құрылысшы-инженер мамандығын алған Сергей Михайлович Сенат депутаты болғанға дейін "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-інің Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры болып қызмет атқарған.
Айта кетейік, бүгін сайлауда 185 бақылаушы болды. Олардың ішінде 180 адам қазақстандық бақылаушылар болса, түркі тілдес мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің миссиясынан бес бақылаушы келді.