Тікелей эфир

Сайлауда қандай құқық бұзу анықталды? Жаңалықтарға шолу

Тоқаевты бірінші болып Өзбекстан Президенті құттықтады. Алдағы үш күнде де жаңбыр толастамайды.

Тоқаев сайлаушылардың 70,76% дауысын жинап, жеңіске жетті

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) кезектен тыс Президент сайлауының алдын ала қорытындысын жария етті. ОСК төрағасының орынбасары К.Петровтың таратқан мәліметтеріне сәйкес, сайлауда айқын басымдықпен сайлаушылардың 6,5 млн дауысын (70,76%) жинаған Қ.Тоқаев жеңіске жетті.

Екінші орында 1,4 млн дауыс жинаған (16,2%) "Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған кандидат Ә.Қосанов. 478 мың дауыспен "Ақ жол" партиясының өкілі Д.Еспаева үшінші орынға табан тіреді.

Ж. Ахметбековке сайлаушылардың 167 249-ы (1,83%), Т.Рахымбековке 294 271-і (3,2%), А.Таспиховқа 190 304-і (2,07%), С.Түгелге 84 348-ы (0,92%) дауыс беріпті.

Президент өзіне сенім білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты

Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялағаннан кейін, Қ.Тоқаев өзіне сенім білдірген отандастарына алғыс айтты. Қоғамдық штабына, сенімді өкілдеріне, белсенділер мен партияның жақтастарына рақметін жаудырды.

– Мен сайлау алды кампанияның өркениетті сипатта, тыныш өткеніне қуанып отырмын. Бұл Қазақстанда саяси мәдениет деңгейінің өскенін көрсетеді. Алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр, - деді мемлекет басшысы.

Қосанов Тоқаевты жеңісімен құттықтады

Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін кандидаттар бірінен соң бірі пікір білдіре бастады. Көпшіліктің күткені өзін "оппозиция кандидаты" деп атайтын Ә.Қосановтың соңғы сөзі еді. Халықтың 16,2% дауысын жинаған "Ұлт тағдыры" қозғалысының өкілі өзінің жеңілісіне кінәні "біріккен оппозицияның кандидаты" болмағанынан іздеді. "Шетелде жүрген демократиялық лагерь бойынша бұрын әріптес болған азаматтардың сайлауға "бойкот" жариялауы да жеңісіме кедергі болды" деді ол.

Бұдан әрі Қ.Тоқаевтың билік пен халық арасында байланыс орнату туралы айтқан сөзі жерде қалмайтынына сенім білдіріп, Президентті сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Сайлауда қандай құқық бұзу анықталды?

Прокуратура 11 адамға қатысты әкімшілік іс қозғаған. Оның ішінде Қызылордада 1 сайлаушыға 5 бюллетень берген сайлау комиссиясының мүшесі бар. ОСК өкілі З.Баймолдинаның айтуынша, құқық бұзушыға заң бойынша 25 АЕК (1 АЕК – 2525 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сайлау комиссиясының мүшелері барлығы 29 бюллетеньді заңсыз таратқан. Осы фактілер бойынша қазір Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Атырау облыстарында тексеру жүріп жатыр.

"Аманат" азаматтық бірлестігі сайлауда Алматы облысының өзінен 8 құқықбұзушылықты анықтағанын мәлімдеді. Айтуларынша, заңбұзушылықтардың басты себебі халықтың есептен шығару талонынсыз дауыс беруімен байланысты.

ТМД байқаушылары сайлауға жоғары баға берді

ТМД бақылаушыларының миссиясы Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы еркін және жоғары дайындықпен өткізілді деп таныды. Бұл туралы миссияның басшысы Сергей Лебедев айтты.

"Тоғыз миллионнан астам адам дауыс беретін сайлауда азын-аулақ кемшіліктер болады. Осыншама дауыс берушілердің жанында мұндай кемшіліктер көзге көрінбей қалады және олар сайлау нәтижесіне әсер ете алмайды" деп мәлімдеген соң шетелдік қонақ науқанның елдегі заңнама талаптарына сәйкес өткенінін қоса айтты.

Тоқаевты бірінші болып Өзбекстан Президенті құттықтады

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёев телефон арқылы тілдесті. Өзбекстан Президенті Қ.Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Мемлекет басшысын сонымен қатар Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, Ресей Президенті В.Путин, Түркия Президенті Р.Ердоған мен Әзірбайжан Президенті И.Әлиев те құттықтады.

1$=383,04 теңге

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы орташа бағаммен 383,04 теңгеге сатылды. Өткен жұмадағы бағаммен салыстырғанда доллар 0,3 теңгеге арзандады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы үш күнде де жаңбыр толастамайды. 11-13 маусымда республикаға салқын және ылғал ауа келетіндіктен ауа райы қазіргісінен өзгермейді. Бұрынғыдай еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы болады, найзағайлы өткінші жаңбыр, республиканың таулы аймақтары мен тау бөктерлерінде қатты нөсер күтіледі. Ауа температурасы орташа көпжылдық мәннен 3...5°С төмен сақталады. Тек батыс және оңтүстік батыста жоғарғы атмосфералық қысымның әсерінен жауын-шашынсыз және ыстық ауа райы күтіледі, күндіз ауа температурасы 30...38°С дейін жоғарылайды.

24.kz: Қазақстандықтар шілдеде қанша күн демалады? Биыл шілде айында қазақстандықтарды 22 жұмыс және 9 демалыс күні күтіп тұр. 6 шілде елорданың мерекесі болғандықтан, ол күн демалыс болып саналады. Ол сенбіге түскендіктен, демалыс күні 8 шілдеге ауысады, яғни дүйсенбіге. Сондықтан бес күндік жұмыстағы қазақстандықтар үш күн демалады, чғни 6-8 шілде аралығы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары