Тікелей эфир

"Салқындату тізбегі". Дәрілік заттар қалай сақталады және тасымалданады?

Сурет: Elorda Aqparat
Сурет: Elorda Aqparat
"СҚ-Фармация" ЖШС дәрілік заттарды тасымалдауда жақын қашықтыққа термоконтейнер, ал алыс жерге терморежимі бар көліктерді қолданады.

Дәрілік заттарды өндірушіден тұтынушыға жеткізу жолында оңтайлы температуралық режимді қамтамасыз ету "салқындату тізбегі" деп аталады. Фармацевтикалық препараттардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін барынша сақтау үшін логистика мен сақтау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Иммунобиологиялық препараттар – вакциналар, иммуноглобулиндер, анатоксиндер қатаң температуралық режимді сақтауды қажет етеді. Сақтаудың шартты талаптарн бұзылған жағдайда олар өзінің бастапқы сапасын жоғалтып қана қоймай, сонымен бірге ағзаға енген соң жанама, ал кейде тіпті кері әсер береді. Дәрі-дәрмекті тасымалдау мен сақтау кезінде температураның жоғары болуымен қатар төмен болуы да зиянды. Демек, салқындату тізбегінің кез келген сатысында бір режим бұзылса, өнімнің барлық дерлік маңызы жоғалады.

Препараттарды сақтау нұсқаулығын бұлтжытпай ұстанып, кездейсоқ салдарды болдырмау үшін "СҚ-Фармация" ЖШС бірыңғай дистрибьюторы иммунобиологиялық препараттарды GDP стандартына сәйкес келетін фармацевтикалық хабтар мен қоймаларда сақтайды.

GDP (Good Distribution Practice, Тиісті дистрибьюторлық практика) – дәрілік заттарды өндірушілерден сатып алу процесінде бірізділік тәсілді белгілейтін халықаралық стандарт. Ол өндірушіден бастап бөлшек сауда желісіне және медициналық мекемелерге дейінгі барлық жолда препараттардың сапасын қамтамасыз етуге бағытталған нұсқау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған қағидаттарға негізделген.


Қойма ішіндегі термокөрсеткіш / "СҚ-Фармация" ЖШС суреті


Бірыңғай дистрибьютордың орталықтандырылған 4 сақтау хабы бар:

  • терең салқындату: -15°С-тан төмен;
  • тоңазытқышта сақтау: +2°С-тан +8°С-қа дейін;
  • салқын жерде сақтау: +8°С-тан +15°С-қа дейін;
  • бөлме температурасында сақтау: +15°С-тан +25°С-қа дейін.

Температура нормадан ауытқыған жағдайда дабыл жүйесі қосылады және жауапты тұлғаға смс-хабарлама келеді. Ал электр қуаты тосыннан сөнген жағдайда дәрі-дәрмектер сақталатын тоңазытықшар мен мұздатқыштар бір сәтте бірыңғай электр қуатымен қамтамсыз ететін генератор жүйесіне қосылады.


Дәрі қоймасының іші / "СҚ-Фармация" ЖШС суреті


"Салқындату тізбегінде" көлікпен тасымалдаудың да маңызы зор. Вакцинаны тасымалдаудың барлық сатысы құжаттарда тіркеліп, онда дәрілік заттардың қандай температурада сақталғаны көрсетіледі.

Дәрілік заттар алдын ала валидациямен расталған, яғни температуралық режимі анықталған автомобиль көлігімен тасымалданады. Тасымалдау үшін температураны бақылау және GPS сенсорлары бар тоңазытқыштар қолданылады. Көлік межелі жерге келгеннен кейін жүру жолындағы сақтау температурасы туралы ақпарат алушыға беріледі.


Дәрілік заттарды тасымалдайтын көлік іші

Дәрілік заттарды тасымалдайтын көлік іші / "СҚ-Фармация" ЖШС суреті


Ал вакциналарды жақын аралыққа тасымалдау кезінде термоконтейнер қолданылады. Әрбір контейнердің ішінде температураны бақылайтын термоиндикатор, яғни датчиктер орнатылған. Қажетті жағдайда термоконтейнерді мұздататып тұратын индикаторлар іске қосылады.


Термоконтейнер

Термоконтейнер / "СҚ-Фармация" ЖШС суреті


Салқындату тізбегінің кезеңдері:

  1. өндірушіден бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына дейін;
  2. бірыңғай дистрибьютордың қоймаларынан жергілікті денсаулық сақтауды басқару органдарының дәріхана қоймаларына дейін;
  3. жергілікті денсаулық сақтауды басқару органдарының дәріхана қоймаларынан медициналық ұйымдарға (стационар, емхана) дейін;
  4. науқастардың (аурухана, емхана және тағы басқа жердегі) қолдануына дейін сақтау.

Ұлттық екпе күнтізбесіне кіретін вакциналарды "СҚ-Фармация" ЖШС бірыңғай дистрибьюторы сатып алады. Олар:

  • моновакциналар (дифтерия, сіреспе, туберкулез, полиомелитке қарсы вакцина);
  • аралас вакциналар.

Олардың ішінде -18°С-ты температураны талап ететін полиомелитке қарсы вакцинаны қоспағанда, +2°С-тан +8°С-қа дейін салқын жерде сақтау көзделген препараттардың бірнеше түрі бар.

Дәрілік заттарды өндіру, тасымалдау және сақтау кезінде белгілі бір температураны сақтау емдеу тиімділігінің маңызды шарты екенін ұмытпаған абзал. Мысалы, Сovid-19-ға қарсы "Спутник V" ресейлік вакцинасын сақтаудың температуралық режимі -20°С деп белгіленген. Ал басқа елдерде коронавирусқа қарсы вакциналарды сақтау үшін тіпті -70 – 80°С температуралық режим талап етіледі.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасындағы өзара түсіністік туралы келісім бойынша "Спутник V" вакцинасының 2 млн екпесін "Қарағанды фармацевтік кешенінде" өндіру жоспарланып отыр. Вакцинаны республика аумағында өндіру логистикалық шығындарды қысқартуға және қысқа мерзімде медициналық мекемелерге жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл "салқындату тізбегінің" оңтайлы жағдайларын сақтау тұрғысынан да маңызды. Өйткені, препарат тек ел ішінде тасымалданады.

Коронавирус індетіне қарсы көптен күткен вакцинаны ел аумағында өндіру – оны қажетті температуралық режимде тасымалдауға оңтайлы жағдай туғызады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары