Тікелей эфир

Шағын Ащысайдағы еңбекқорлықтың ерен үлгісі

depositphotos.com
depositphotos.com
Батыс Қазақстан облысында тұратын Ораз бен Нұргүл Бекбосыновтар әулеті көпке үлгі.

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында Ащысай деген шағын ауыл бар. Бұл ауылда еңбекқорлықтың ерекше үлгісі ретінде айтуға болатын Бекбосыновтар отбасы тұрады. Ораз бен Нұргүл тоқсаныншы жылдардағы елдегі тоқырау кезеңінде шаңырақ құрған.

"Әлі есімде, ең алғаш отбасы құрғанымызда отағасы қисық өскен талдарды іздеп жүріп шауып әкеліп, үйге кіргізіп кептіріп, қайқы ат шана жасады. 1997 жылы елде ақша болмады. Әлгі өзі қолдан жасаған ат шананы бұзауға ауыстырдық. Жаз шыға қол орақпен шөп шаптық. Мен ат арбамен шөпті үйге тасимын. Бар болғаны жиырма жастамын ғой, атты дұрыс жеге алмайтын болып тұрмын: жолшыбай ауылдас қариялар тоқтатып, қайта жегіп беретін. Алты арба тасыған трактордың бір тіркемесіндей шөп жиналатын. Шөпті құлынға ауыстыратын едік", – деп қызығы да, қиындығы да мол жастық шағын еске алады Нұргүл апа. 

Ол жолдасымен бірге сыпырғыш буып сатқан. Ресейдің көршілес Орынбор облысының Октябрь ауданына барып қой қырқып, еңбене бұзау, ұн алатын Ораз, тіпті, қой қырқу жарысынан екі жыл қатарынан бірінші орын алыпты.

"Сөйтіп мал құрадық. Сағыз сатумен сауданы бастадық. Несиелер алып шаруамызды ұлғайттық. Қазір шаруа қожалығымызда трактор, шөп шабатын барлық техникаларымыз бар. Қолда бар жылқымыз бен сиырымызға шөпті өзі дайындайтын отағасы Ораз біртіндеп-біртіндеп өзі қалаған техникасы мен көлігін алып, шаруашылықты да үлкейтіп келеді", – дейді Нұргүл апа.

Әкесі Семей ядролық полигонында әскери қызметте болған Ораз Бекбосынов есту-сөйлеу қабілеті төмен боп өмірге келген. Жұбайы екеуі алғаш танысқанда қағазда жазып сөйлескен Нұргүл апамыз кейін ым-ишарамен сөйлеу тілін меңгерген. Кейін сурдоаудармашы мамандығын алған. "Он бес жылдан бері осы қызметке үлес қосып келемін. Сурдоаударма қызметіне жүгінетін адамдар аудандық, ауылдық жерлерде де бар. Олар мемлекеттік қызмет аларда, тіпті кейде тойларында да аудармашы боламын" дейді өзі. 

"Үлкен ұлымыз ДЦП диагнозымен, кенжеміз Даун синдромымен дүниеге келді. Генетиктер полигон зардабы екенін айтады. Кенжеміздің жасы он үшке келсе де, күтім керек, сондықтан мен үйдемін. Құдайға шүкір, ортаншы қызымыз дені сау боп туылды. Қазір Орал қаласындағы медициналық колледжде оқиды. Біздің отбасындағы қиындықтарды көріп өскен қызымыз ақылды, қайратты, алғыр болып өсіп келеді. Келешекте екі бауырына жауапкершілікті өзі көтеретінін айтып, біздің уайымымызды сейілтеді. Әкесінің шаруа қожалығына қатысты барлық құжаттармен қызым бірге жүреді, сурдоаударманы менен де жақсы біледі. Медицина мамандығын мұқтаж жандарға көмектесу үшін таңдады", – дейді Нұргүл Бекбосынова.

Қызын айтқанда Нұргүл апаның жанарындағы мұң жоғалып, жүзі бал-бұл жанып, келешекке нық сенімі байқалды.

"Тұңғышымыз Оралдағы №15 мектептен негізгі білім алған соң Шыңғырлаудағы колледжден фермерлік мамандығын алып шықты. Одан кейін бағдарламашы кәсіптік білімінде оқыды. Жұмысқа қабілетті болғанымен, диагнозына қарап жұмысқа алмайды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына билік көбірек көңіл бөлсе екен деген тілегім бар", – дейді Нұргүл апа.

Еңбекқор отбасы өмірдің ешбір қиындығына мойымай, тек алға ұмтылумен келеді. Мұндай қарапайым еңбек адамдары қандай құрметке де лайық.

Авторы: Н. Рахман

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары