Тікелей эфир

Өрттен қайтыс болған бес баланың ата-анасына пəтер сатып алып берілетін болды. Жаңалықтарға шолу

Аяздың қаттылығына байланысты тас жолдар жабылып жатыр. Көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары қайта қаралады.

Аяздың қаттылығынан Астана маңындағы жолдың 8 бөлігі жабылды

Қазавтожолдың мәліметінше, ауа райының қолайсыздығынан Ақмола, Павлодар облыстарында барлық көлік құралдарына жол жабылған. Астана – Петропавл, Көкшетаудан СҚО шекарасына дейін, Астанадан Щучинскіге дейін, Щучинскіден Көкшетауға дейін жолдар жабылған. Сондай-ақ Көкшетау – Атбасар жолының барлық бөлігі және Екатеринбург – Алматы жолының Атбасардан Астанаға дейінгі бөлігі, Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолының Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейінгі тас жолы жабылған. Дәл осы жақта Ақмола облысы шекарасынан Шідерті поселкесіне дейінгі бөлігі де бүгін жабық.

Бүгіннен бастап Жамбыл облысында нан бағасы 5 теңгеге қымбаттады

Бағаны өсіруге облыс әкімі Асқар Мырзахметов "батасын" беріпті. Басты себеп – өңірдің тұрақтандыру қорындағы ұн түгесілген. Қаңтар айында нан бағасын осы қордың арқасында өсірмей ұстап тұрған екен. Бастапқыда қаладағы наубайханалар нан бағасын 10 теңгеге қымбаттатқысы келген. Алайда, облыс әкімі тек 5 теңгеге көтеруге рұқсат беріпті.

Денис Тенді өлтірді деп сотталғандар аппеляциялық шағым түсірді

18 жылға темір тордың ар жағына жіберілген А.Құдайбергенов пен Н.Қиясовтың қорғаушылары сот үкімімен келіспей, 31 қаңтар – 1 ақпан күндері сотқа аппеляциялық шағым түсірді.

Жəбірленуші тараптан Д.Теннің анасы да 1 ақпанда аппеляциялық шағым түсірген. Аппеляциялық істі қарау күні əлі белгіленген жоқ.

Жаһандық жылынудың салдарынан мұхит суының түсі өзгереді

Массачусетс техникалық университетінің климатологтары осындай тұжырымға келді. Олардың сөзінше, субтропиктік аймақтағы мұхит суы одан сайын көк түске бөленсе, экватор мен полюс маңындағы мұхит суы қанық жасыл түске боялады. 2100 жылға қарай климаттың өзгеруіне байланысты мұхиттардың 50 пайызы түсін өзгертеді. Жылынудың әсерінен түрлі фитопланктонды және өзге де теңіз өсімдіктері өседі. Ең қауіптісі, өсінділер токсиндер бөліп жануарлар мен адамдарға зияныны тигізуі мүмкін. Қазірдің өзінде АҚШ жағалауларында құстар, жануарлар мен балықтар қырылып жатыр.

Өткен жылы Қазақстан ақшаны аз жаратып, көп қаржы тапқан

Төлем балансы 2014 жылдан бері алғаш рет 0,9 млрд тг профицит көрсеткен. Операциялардың ағымдағы шоты Қазақстанның барлық сыртқы әріптестерімен жасаған сауданы көрсетеді. Шоттың оң көрсеткіші теңгенің номиналды бағамының, құнының әлеуеті бар екенін аңғартады.

Мемлекет басшысы өрттен қайтыс болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты

"Мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін қажетті шараларды жасау керек" деді Елбасы.

Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бұл отбасыға пəтер сатып алып берілетінін мəлімдеді. Имамның айтуынша, Хазірет сұлтан мешіті жамағатының қайыр садақасынан оған қажетті қаражат жиналған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары қайта қарастырылады. Бұл туралы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қолдау вице-министрі С. Жақыпова айтты. "Сіздер бұған дейін ешқандай шара қабылданбады деп ойламаңыздар. Өткен жылдың өзінде министрдің тапсырмасымен қолдау шараларының тиімділігіне зерттеулер жүргізілді. Əр жаңашылдықтың міндетті түрде негізі болуы тиіс", – деді ол.

Baq.kz: Нью-Йорк, Токио мен Шанхайға тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мəлімдеді. Айтуынша, осыған байланысты келісімге қол қою жұмыстары жүріп жатыр.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары