Футболдан әлем біріншілігі Ресейдің 11 қаласында маусымның 14 мен шілденің 15 аралығында өтеді. Жарыс басы, ақтық ойын мен 12 турнир кездесуі Мәскеу қаласында өтеді деп жоспарланған.
Биылғы мундиаль қай елдер арасында?
Биылғы әлем біріншілігінің іріктеуінен 32 ел өткен, арасында Азиядан 5 (Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы, Аустралия), Еуропадан 14 (Ресей, Бельгия, Германия, Англия, Испания, Польша, Исландия, Сербия, Франция, Португалия, Швейцария, Хорватия, Швеция, Дания), Африкадан 5 (Нигерия, Египет, Сенегал, Тунис, Марокко), Оңтүстік Америкадан 5 (Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия, Перу) және Солтүстік Америкадан 3 (Мексика, Коста Рика, Панама) ел бар.
Тасталған жеребеге орай әлем біріншілігінің А тобында Ресей құрамасы Сауд Арабиясы, Египет және Уругвай командаларымен кездеседі. Мұнда Уругвай мен Египет футболшыларының мүмкіндігі көбірек.
Ал Марокко мен Иран футболшылары В тобындағы фаворит Испания мен Португалиямен ойнап, өз бақтарын сынайды.
С тобында Франция мен Дания көш басында. Әйтсе де, соңғы үш онжылдықта әлем біріншілігіне қатыса алмағанымен, Америка кубогінде айтарлықтай көрсеткішке жеткен Перу құрамасы осы топта. Ал Аустралия топтан шығу мүмкіндігі аз деген елдер қатарында.
D тобындағы Аргентина мен Хорватия топтық кезеңде Исландия және Нигерия елдерінің ұлттық құрамаларымен ойнайды.
E тобында да тартысты жарыс болуы керек. Мұнда әлемнің 5 дүркін чемпионы Бразилия Еуропаның Швейцария және Сербия, Солтүстік Американың Коста Рика командаларымен бақ сынасады.
F тобында соңғы ұйымдастырылған біріншілік титулын иемденген Германия құрамасы – сөзсіз фаворит. Немістер Мексика, Швеция және Оңтүстік Кореяға қарсы ойнау үшін алаңға шығады.
Англияға биылғы жарыста топтық кездесуде қалып қоймау керек. Себебі ағылшындар G тобында Панама, Бельгия және Тунис елдерімен кездеседі.
Ал H тобына әлемнің төрт құрлығынан командалар жиналған. Сенегал мен Жапонияға топтан оза шығу үшін алдыңғы орындардағы Польша және Колумбияның құрамаларын жеңулері керек.
Кімдер фаворит?
Батыс Европа елдерінің спорт басылымдарындағы сараптамаларға көз жүгіртсек, Германия 2014 жылғы жетістігін биыл да қайталауы мүмкін. Бірақ бұл титулға Бразилия, Франция, Испания және Аргентина командалары да үміткер.
Одан бөлек, 2016 жылы Еуропа біріншілігін жеңіп алған Португалия да қанжығасын майлап қайтуды көздейді. Жеңістің дәмін көптен татпаса да, Бельгия мен Англияның бұрын фаворит болған құрамаларының биылғы мундиальден үміттері мол.
Спорт сарапшыларының айтуынша, Перу мен Уругвайдың мүмкіндіктерін болжау да, баға беру де қиын. Олар жарыс қызғанда, намыстарын қамшылап, алдыға шығулары бек мүмкін.
Әлем біріншілігін ұйымдастырушы қалалар
Ресей Федерациясы әлемдегі ең танымал спорт түрінің әлемдік біріншілігін өткізу мүмкіндігін 2010 жылы жеңіп алды. Содан бері, көрші ел жарысқа дайындық қарқынын бәсеңдеткен емес.
Ресми ақпаратқа сай, ұйымдастырушы ел Ресейдің батыс және оңтүсті-батысындағы 11 қала (Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Екатеринбург, Саранск, Дондағы Ростов, Қазан, Калининград, Самара, Волгоград, Төменгі Новгород) футбол матчтары өтетін жер ретінде таңдалып алынған.
Туристердің қажеттілігін қамтамасыз ету жағына әр қалада жағдай жасалған. Сонымен қатар, жанкүйерлер үшін қала аралық транспорт қызметі тегін жұмыс істейді.
Жанкүйер паспорты (Fan ID)
Ресей Федерациясы футболдан әлем біріншілігі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір жанкүйерге арнайы куәлік (Fan ID немесе жанкүйер паспортын) беріледі. Мұндай жүйе осыған дейінгі мундиальдерде болған емес.
РФ Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) төтенше жағдай мен террористік шабуылдардың алдын алу мақсатында әрбір жанкүйер туралы ақпаратты бір платформаға жинауды қолға алған. Орталықтандырылған ресурстың болуы зорлық-зомбылық пен ұрлықтың азаюына да тиер әсері зор.
Жанкүйер куәлігін шетелдіктермен бірге Ресей азаматтары да міндетті түрде алулары керек. Стадионға жанкүйер паспортынсыз балаларға дейін кіргізілмейді.
Шетелдіктер жанкүйер куәлігінің көмегімен Ресей территориясына визасыз кіруге мүмкіндік алады. Оны алу үшін мына сілтемеге өтіп, өтініш берулері қажет.
Ал қазақстандықтарға өзге Орта Азия елдері азаматтары секілді Ресей территориясына кірген күні тіркеуге тұрулары керек. Қосымша тіркеу процесі Ресей азаматтары мен ел қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Тегін транспорт қызметі
Матчқа кіру билеті мен жанкүйер куәлігі бар адам көлікте тегін жүре алады. Одан бөлек, матч өтетін қала мен оның уақыты да пойыз бағытына сай келуі керек.
Ал транспорт қызметіне арнайы ашылған tickets.transport2018.com сайты арқылы тіркелесіз. Ол үшін өзіңіз туралы жеке мәліметтерді енгізіп, пойыздан орын таңдайсыз.
Қазақстандық жанкүйерлер
Көрші Ресей еліне алдағы бір айда аты әлемге танымал футбол жұлдыздары келеді. Оларды қолдаумен соңында жүретін миллиондаған жанкүйер тағы бар.
FIFA жариялаған ресми ақпаратқа сенсек, бүгінге дейін 1,7 миллион билет сатылған. Билеттердің басым бөлігін ресейліктер сатып алса, тізімді АҚШ, Бразилия, Колумбия, Германия, Мексика, Аргентина, Перу, Қытай, Аустралия және Англия елдерінің жанкүйерлері жалғастырады. Билет алып үлгергендер қатарында 4 500 қазақстандық бар.
Матчтардың басым бөлігі Ресейдің Қазақстанға жақын қалаларында өтеді, бұл – қазақстандық жанкүйерлер үшін таптырмайтын мүмкіндік. Әйтсе де, билетке сұраныс көп болғандықтан, оны көтерме бағамен сататын делдалдар мен "жоқ" билетті ұсынатын алаяқтар көбейген.
Билетті қайдан сатып алу керек?
Халықаралық футбол федерациясы (Fédération Internationale de Football Association, FIFA) билеттерді өткен жылдың қыркүйек айынан өзінің ресми сайты (fifa.com) арқылы онлайн сата бастады. Ал 2018 жылдың 18 сәуірінен бастап билеттерді матч өтетін қалалардағы FIFA билет орталықтарынан да сатып алу мүмкіндігі жолға қойылды.
Билетті сату процесі үш кезеңге бөлінген. Алғашқы екі кезеңі тек онлайн түрде өткен болса, соңғы кезеңде билеттерді онлайн әрі оффлайн тәртіпте сатып алуға болады. Бірақ сатылымда бар билет тек өтініш беру тәртібімен ғана сатылып жатыр.
Өтініш берген соң 10 минут ішінде билетті сатып алу керек. Егер уақытты өткізіп алсаңыз, билет сізден кейінгі кезекте өтініш бергенге ұсынылады.
Өзге сайттар немесе сату орталықтарының ұсыныстарына назар аудармағаныңыз абзал. Себебі билетте сатып алушының жеке мәліметтері жазылады. Ал жанкүйер паспорты мен билеттегі есім сәйкес келмесе, футбол кешіне кіру құқығынан айырылатынын ұмытпаңыз.
"Делдалдарға сенім артпаған жөн"
– Топтық кездесулердің уақыты әлдеқашан белгілі болғандықтан, олардың билеттері қазір сатылымда қалмады. Бүгінде 1/8 кезеңге, ширек және жартылай финал, сонымен қатар, ақтық кездесуге билеттер бар. Бірақ топтық кездесулерден шығатын елдер әзірге белгісіз болғандықтан, оларға билет алуға асықпауға болады, – дейді Setanta Kazakhstan арнасының спорт комментаторы Уалихан Қосанбай Informburo.kz тілшісіне.
Уалиханның айтуынша, FIFA билеттердің біршама бөлігін топтық іріктеуден шыққан елдердің жанкүйерлеріне алып қойған болуы да мүмкін. Оларға сұраныс 1/8-ге өткен елдер қатары белгілі болған кезде артады.
Айта кетсек, Бразилияда өткен әлем біріншілігінде 3,5 миллион билет сатылған. Демек, биылғы біріншілік билеттерінің жартысы әлі сатылымға шықпаған. Шыққандарының өзі әзірге сұранысқа ие емес.
– Делдалдарға сенім артпаған жөн. Біріншіден, олар билет бағасын 10 есеге дейін көтеріп сатады. Екіншіден, билетте сіздің емес, делдалдың аты-жөні жазылатындықтан сіз матчқа кіре алмай қаласыз, – дейді Уалихан Қосанбай.
Демек 30 маусымға дейінгі матчтарға (топтық іріктеу) билеттер қалмаған. Әйтсе де, кері қайтарылған билеттер қайта сатылымға түседі. Сондықтан жіберіп алғыңыз келмейтін футбол кеші топтық кезеңінде болса, оған өтініш беріп қоюға болады, билет алып қалу әлі мүмкіндігі бар.
Ал 30 маусымнан кейін еңбек демалысын алып, Ресейге футбол жанкүйері ретінде баруды жоспарласаңыз, өтінішті бүгіннен қалдырмай беру керек. Себебі 1/8, 1/4, 1/2 және финалға шығатын елдердің реті белгісіз болғандықтан, жанкүйерлер билеттерді сатып алуға асығып жатқан жоқ. Ал сіз ойынын көргіңіз келген команданың шығатын уақытына қарамастан, өтінішті жіберіп қойыңыз.
Қалта көтеретін бағаға әуе билетін қалай іздеу керек?
Ал билетті өтініш жіберу арқылы алып үлгерген болсаңыз, саяхаттау бағытын да алдын ала жоспарлаңыз. Себебі әуе билеттері мен қонақ үйді брондау құны да қымбаттап барады.
Футболдан әлем біріншілігін ұйымдастырушы Ресей қалаларына әуе билеттерін отандық aviapoisk.kz, aviata.kz, tickets.kz, chocotravel.com және орыстың aviasales.ru, avia.tutu.ru, bilatyplus.ru интернет ресурстарынан сатып алуға боларды.
Егер нақты ұшу күнін белгілемеген болсаңыз, аптаның сейсенбі күнін таңдаңыз. Әдетте апта соңына дейін сатылмай қалған және кері қайтарылған билеттер дүйсенбі күні өңдеуге жіберіліп, сейсенбіде қайта сатылымға шығарылады. Кері қайтарылғандардың бағасы айтарлықтай төмен.
Қазақстандық жанкүйерлер үшін Алматы не Астанадан Екатеринбург қаласына ұшып, өзге ұйымдастырушы қалаларға тегін транспорт қызметімен жету тиімді. Себебі Қазақстаннан Ресейдің Екатеринбургтен өзге қалаларына тек Мәскеу және Жаңасібір (Новосибирск) арқылы ұшу жоспарланған. Бірақ бұл бағыттарға уақыт пен көп қаржы кетеді. Ал Екатеринбургке ең арзан әуе билеті 55 мың теңге тұрады.
Темір жолмен жету тиімсіз
Темір жол арқылы Алматыдан Екатеринбург қаласына жетуге 2,5 күн (әуе арқылы 5 сағат) кетеді. Ал бағасы әуе билетінің 3/4 бөлігін құрайды. Үнемдегіңіз келетін соманы жол бойында-ақ жұмсап жібересіз. Сондықтан әуе билетін алған әлдеқайда тиімді.
Тұрақтаудан үнемдеу
Ал қонақ үйді hotels.com, booking.com, expedia.com сайттарынан қарауға болады. Дегенмен аз бюджетпен келген туристке хостел тиімдірек.
Екатерингбургте хостелде бір апта тұруға орта есеппен 78 мың теңге қажет. Ал бұл сомаға Сочиде 5 күн тұрақтасаңыз, Мәскеуде небәрі 3 түн түнеуге мүмкіндік аласыз.
Егер хостелдің өзін қалтаңыз көтермесе, airbnb.com жүйесі арқылы арзан бағаға бөлме жалдауға болады.
Ал жаңа достармен тез достасатын, қоғамдық ортада өзін көрсете алатын адамдар қатарында болсаңыз, couchsurfing.com онлайн қызметін пайдаланып көріңіз. Бұл сайт арқылы әлемнің кез келген жерінен жаңа дос тауып, оның үйінде тегін тұруға келісуге болады.
Ресейге футбол саяхаты
Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі жылдың ең маңызды спорттық жарысына келуші туристерге кешендік бағдарлама дайындап жатыр. Әлем біріншілігі кезінде Ресей қалаларында ұйымдастырылатын әртүрлі мәдени іс-шаралармен welcome2018.com сайты арқылы таныса аласыз.
Бағдарлама күнделігінен Ресейдегі футбол тарихын суреттейтін көрмелер, балет қойылымдары, мәдени фестивальдер мен дәстүрлі ән кештері туралы ақпаратты табасыз.
Онлайн трансляция
Әртүрлі себептермен әлем біріншілігіне бара алмайтын жанкүйерлер "Qazaqstan" және "Qazsport" арналарын дағы трансляция арқылы барлық матчтарды онлайн көре алады.
"Qazaqstan" телерадио корпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қариннің айтуынша, әрбір матч алдында ақпараттық-сараптамалық бағдарлама болады. Онда кездесуге шыққалы жатқан ел командаларының қарқыны сөз болады. Одан бөлек, өткен матчтарға шолу жасалады. Бағдарлама әр апта соңында эфирге шығады.
Матчтардың уақыты мен орыны
Біріншілік маусымның 14-і күні Ресей құрама командасының Сауд Арабиясымен кездесуінен басталады. Матч Мәскеудегі "Лужники" стадионында өтеді. Топтық кезең маусымның 28-і аяқталса, ақтық кездесу шілденің 15-іне жоспарланған. Төмендегі матчтардың уақыты Астана уақыты белдеуі бойынша берілген.
Бейсенбі, 14 маусым, Ресей vs Сауд Арабиясы (A тобы), Мәскеу, 21:00
Жұма, 15 маусым, Египет vs Уругвай (A тобы), Екатеринбург, 18:00
Жұма, 15 маусым, Марокко vs Иран (В тобы), Санкт-Петербург, 21:00
Жұма, 15 маусым, Португалия vs Испания (В тобы), Сочи, 00:00
Сенбі, 16 маусым, Франция vs Аустралия (С тобы), Қазан, 16:00
Сенбі, 16 маусым, Перу vs Дания (С тобы), Саранск, 22:00
Сенбі, 16 маусым, Хорватия vs Нигерия (D тобы), Калининград, 01:00
Жексенбі, 17 маусым, Коста Рика vs Сербия (Е тобы), Самара, 18:00
Жексенбі, 17 маусым, Германия vs Мексика (F тобы), Мәскеу, 21:00
Жексенбі, 17 маусым, Бразилия vs Швейцария (Е тобы), Дондағы Ростов, 00:00
Дүйсенбі, 18 маусым, Швеция vs Оңтүстік Корея (F тобы), Төменгі Новгород, 18:00
Дүйсенбі, 18 маусым, Бельгия vs Панама (G тобы), Сочи, 21:00
Дүйсенбі, 18 маусым, Тунис vs Англия (G тобы), Волгоград, 00:00
Сейсенбі, 19 маусым, Колумбия vs Жапония (H тобы), Саранск, 18:00
Сейсенбі, 19 маусым, Польша vs Сенегал (H тобы), Мәскеу, 21:00
Сейсенбі, 19 маусым, Ресей vs Египет (А тобы), Санкт-Петербург, 00:00
Сәрсенбі, 20 маусым, Португалия vs Марокко (B тобы), Мәскеу, 18:00
Сәрсенбі, 20 маусым, Уругвай vs Сауд Арабиясы (А тобы), Дондағы Ростов, 21:00
Сәрсенбі, 20 маусым, Иран vs Испания (B тобы), Қазан, 00:00
Бейсенбі, 21 маусым, Дания vs Аустралия (С тобы), Самара, 18:00
Бейсенбі, 21 маусым, Франция vs Перу (С тобы), Екатеринбург, 21:00
Бейсенбі, 21 маусым, Аргентина vs Хорватия (D тобы), Төменгі Новгород, 00:00
Жұма, 22 маусым, Бразилия vs Коста Рика (Е тобы), Санкт-Петербург, 18:00
Жұма, 22 маусым, Нигерия vs Исландия (D тобы), Волгоград, 21:00
Жұма, 22 маусым, Сербия vs Швейцария (D тобы), Калининград, 00:00
Сенбі, 23 маусым, Бельгия vs Тунис (G тобы), Мәскеу, 18:00
Сенбі, 23 маусым, Оңтүстік Корея vs Мексика (F тобы), Дондағы Ростов, 21:00
Сенбі, 23 маусым, Германия vs Швеция (F тобы), Сочи, 00:00
Жексенбі, 24 маусым, Англия vs Панама (G тобы), Төменгі Новгород, 18:00
Жексенбі, 24 маусым, Жапония vs Сенегал (H тобы), Екатеринбург, 21:00
Жексенбі, 24 маусым, Польша vs Колумбия (H тобы), Қазан, 00:00
Дүйсенбі, 25 маусым, Уругвай vs Ресей (А тобы), Самара, 20:00
Дүйсенбі, 25 маусым, Сауд Арабиясы vs Египет (А тобы), Волгоград, 20:00
Дүйсенбі, 25 маусым, Испания vs Марокко (В тобы), Калининград, 00:00
Дүйсенбі, 25 маусым, Иран vs Португалия (В тобы), Саранск, 00:00
Сейсенбі, 26 маусым, Дания vs Франция (С тобы), Мәскеу, 20:00
Сейсенбі, 26 маусым, Аустралия vs Перу (С тобы), Сочи, 20:00
Сейсенбі, 26 маусым, Нигерия vs Аргентина (D тобы), Санкт-Петербург, 00:00
Сейсенбі, 26 маусым, Исландия vs Хорватия (D тобы), Дондағы Ростов, 00:00
Сәрсенбі, 27 маусым, Оңтүстік Корея vs Германия (F тобы), Қазан, 20:00
Сәрсенбі, 27 маусым, Мексика vs Швеция (F тобы), Екатеринбург, 20:00
Сәрсенбі, 27 маусым, Сербия vs Бразилия (Е тобы), Мәскеу, 00:00
Сәрсенбі, 27 маусым, Швейцария vs Коста Рика (Е тобы), Төменгі Новгород, 00:00
Бейсенбі, 28 маусым, Жапония vs Польша (Н тобы), Волгоград, 20:00
Бейсенбі, 28 маусым, Сенегал vs Колумбия (Н тобы), Самара, 20:00
Бейсенбі, 28 маусым, Англия vs Бельгия (G тобы), Калиниград, 00:00
Бейсенбі, 28 маусым, Панама vs Тунис (G тобы), Саранск, 00:00
Жүлде қоры
2018 жылғы футболдан әлем біріншілігінің жүлде қоры 400 миллион АҚШ долларына дейін көтерілді. Бұл – футболдан әлем біріншілігі тарихындағы ең үлкен сома болып отыр. Әрбір қатысушы елдің құрама командасына 8 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалған. Егер ел құрамасы топтық сайыстан шықса – $12 миллион, ширек финалға жетсе – $16 миллион алады. Ал төртінші орынға $22 миллион, қола жүлдегеріне $24 миллион тағайындалған. Екінші орын иегерлері $28 миллион АҚШ долларын қанжығасына байласа, жеңімпаз команда $38 миллион мен әлем кубогін алады. Бұл өткен біріншіліктегі сыйақыдан $3 миллионға көп.
Ресей құрама командасы тағайындалған сыйақының 2/3 бөлігін алады. Қалғаны дайындық шығындарын жабуға жұмсалады.
Биылғы әлем чемпионатында футболшылар үшін ең үлкен сыйақыны Бразилия үкіметі тағайындады. Егер Бразилия әлем кубогін жеңіп алса, ұлттық құраманың әрбір футболшысына сонымен қатар, жаттықтырушы құрамының әр мүшесіне $1 миллионнан беріледі.
Испания құрамасының әрбір мүшесіне 800 мың еуродан тағайындалса, француздарды 400 мың еуро күтіп тұр. Ал немістер өздерінің үздік екендерін тағы бір рет дәлелдей алса, 350 мың еуродан сыйақы алады.
Әлемдік деңгейдегі іс-шараның кірісі мен шығыны
McKinsey сарапшыларының есептеуінше, 2018 жылғы әлем біріншілігіне дайындыққа $13,2 миллиард (1,2 триллион рубль) кеткен. Ал осы соманың жартысы (630 миллиард рубль) стадиондар мен әуежайларды салу мен оларды жөндеу құрылыс жұмыстарына жұмсалған.
Бұл ең көп қаржы кеткен футболдан әлем біріншілігі болып отыр. Расында, әр біріншілік бюджеті өзіне дейінгі ұйымдастыруға кеткен қаржыдан асып отыр. Мысалы, 2010 жылы Оңтүстік Африка дайындығына $6 миллиард, ал Бразилияға (2014 жылы) $11 миллиард қаржы кеткен.
Инвестициялық салымның тиімділігіне келсек, соңғы 5 жылдағы Ресей ЖІӨ қаржы есебіндегі өсімі 867 миллиард рубльді құраған. Одан бөлек, сарапшылар туристердің келуі мен инфрақұрылымды дамытудың ұзақ мерзімді экономикалық әсердің болатынын болжап отыр. Оған сенсек, Ресей 2023 жылға дейін жыл сайын 150–210 миллиард рубльден табыс алып отырады.
Қаржы саласына анализ жасаумен айналысатын әлемдегі негізгі үш агенттіктің бірі – Moody’s америкалық McKinsey компаниясының сараптамасымен келіспейтіндерін мәлімдеді. Рейтингтік агенттік жариялаған ақпаратта Ресейдің әлемдік масштабтағы іс-шараны өткізуден қысқа мерзімді ғана экономикалық табыс табатыны айтылады.