Тікелей эфир

Qazaq Air Қырғызстан, Ресей, Грузия бағытына ұшақ шығарды. Жаңалықтарға шолу

Қияр, қызанақтар наурызда қымбаттамауы тиіс. Биылғы жылдың алғашқы айында қазақстандықтар дүкен мен базарларда 700 млрд теңгесін қалдырған.

Жаңа жолдар бензин шығынын 15%-ға азайтады

ҚР Премьер-Министрі А.Мәмин "Нұрлы жол" бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Бағдарламаның бірінші кезеңі ішінде 2015 жылдан бастап елімізде 8000 шақырым жол салынып, кейбірі қайта жаңартылды. Үкімет басшысының айтуынша, көлік инфрақұрылымын жақсартудың арқасында бензин шығындары 15%-ға азайып, тұтынушыларға жеткізілетін тауарлардың бағазы да арзандайды. 2025 жылға қарай республикадағы 35 мың шақырым жол жөнделіп, жолдардың 95 пайызы қалпына келтіріледі.

Коммуналдық қызмет ақысын төлеу жүйесі өзгертіледі

Астана қаласының Бірыңғай есептеу орталығынан хабарлағандай, елордалықтарға 2019 жылдан бастап коммуналдық қызмет ақысы пәтерде тіркелген адам санына сәйкес есептеледі. Орталық директоры Б.Көпбаевтың айтуынша, жаңа жүйені екі айдың ішінде енгізу жоспарланған.

Мысалы, электр энергиясына қатысты ешқандай мəселе туындамайды. Электр энергиясын есептегіш құрал арқылы дифферинциалды тарифпен төлейді. Айталық, тіркеудегі бір адам 90 кв/сағатқа дейін электр энергиясын тұтынса, 8,68 теңгемен төлейді. Одан да көп болса тариф – 13.89 теңге, яғни есептегіш құралмен төленетін төлемдердің бағасы бұрынғы. Ал қалған қоқыс шығару қызметіне бір адамға 246 теңге төленсе, жаңа жүйе бойынша пəтерде тіркелген 10 адам болса, онда 2460 теңге төлейді.

Алматыдағы сабаннан жасалған алып тиінге Наурызға таман тақия кигізеді

Атакент көрме орталығының алдында 22 наурызда NowRyz рart өтеді. Алаңға мейрамға орай киіз үйлер тігіледі. Олардың біреуінде үш сағат бойына халыққа тегін бауырсақтар таратылады. Кейбірінде әр түрлі шеберлік сағаттары өткізіледі.

Qazaq Air Қырғызстанға, Ресейге, Грузияға ұшатын болды

Азаматтық авиация комитетінен хабарлағандай, әуе компаниясы алдағы уақытта Алматы – Бішкек – Алматы; Алматы – Ош – Алматы; Атырау – Астрахан – Атырау; Атырау – Минеральные Воды – Атырау; Атырау – Тбилиси – Атырау; Ақтау – Тбилиси – Ақтау; Ақтау – Грозный – Ақтау; Өскемен – Новосібір – Өскемен бағыттарына жолаушы тасымалдайды. Компанияның халықаралық Алматы – Бішкек бағытындағы бірінші рейсі 21 наурызға жоспарланған. Рейс аптасына екі рет.

Қияр, қызанақ наурызда қымбаттамауы тиіс

ҚР Ұлттық экономика министрі Д.Дәленов осылай деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, сауда шарттары өзгермегендіктен көктемгі мерекелерде жаңа піскен көкөністердің бағасын өсіруге негіз жоқ. Министрдің тапсырмасымен монополияға қарсы комитет қияр мен қызанақтың бағаларына талдау жасайды. Мамандар базарлардағы көкөніс бағаларын келісіп қымбаттатып отырған сатушыларға ескерту жариялайды, ескертуге құлақ аспағандарға айыппұл салады.

Араққа тойып алып, көлік оқиғасын жасаған полицей қызметінен қуылды

Алматының Жансүгіров көшесінде 23 ақпан күні болған жол-көлік оқиғасынан ешкім зардап шекпеген. Ащы суға сылқия тойып алып, рөлге отырған полиция қызметкерінің кінәсінен болған оқиғаның бейнеролигі әлеуметтік желіге тарап кетіп, халықтың наразылығын туғызған еді. Департамент басшысының бұйрығымен жұмыстан босатылған.

Стати ісі бойынша Италия соты Қазақстанның шағымын кері қайтарды

Рим соты Қазақстанның шағымын негізсіз деп тауыпты. Осылайша Қазақстан Габриэль мен Анатолий Статиға 500 млн АҚШ долларын төлеп беруі керек деген сот шешімі күшінде қалды. Өз кезегінде ҚР Әділет министрлігі бұдан біз зардап шекпейміз деп отыр. Себебі Италия аумағында Қазақстанның активтері аз, яғни оларды өндіріп алу мүмкін емес көрінеді. Әзірге Молдовалық бизнесмендерінің алаяқтық жасағандығы туралы Қазақстан ұсынған фактілерді тек Ағылшын соты бағалаған.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстандықтар қанша ақшасын дүкен-базарларда қалдырады? 2019 жылдың алғашқы айында қазақстандықтар дүкен мен базарларда 700 млрд теңгесін қалдырған. Ал ауыл тұрғындары бар-жоғы 50 млрд теңге жұмсаған. Көтерме сауда көлемі бойынша Алматы көш бастап тұр. Екінші орынға 270 млрд теңге көрсеткішпен Астана тұрақтады. Үздіктер үштігін Атырау облысы тұйықтайды.

Baq.kz: Елімізде ең төменге күнкөріс деңгейі өсті. 2019 жылғы ақпанда ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 27 111 теңгені құрады. Бұл туралы Статистика комитеті хабарлады. 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2,5%-ға жоғарылады.

24.kz: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударудан елордалықтар екінші орында. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 28 ақпаны аралығындағы Астана бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 18,6 млрд теңге шамасында. Бұл республика бойынша түскен 149,2 млрд теңге көлеміндегі сақтандыру жарнасы мен аударымдарының 12,5%-ын құрайды. Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, Астана медициналық сақтандыру жарналары аударымдары бойынша Алматы қаласынан (21%) кейін екінші орында, ал үшінші орында – Қарағанды облысы (8,2%).

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары