Тікелей эфир

Президент жалдамалы пәтерді мұқтаждарға мамыр айынан беруді тапсырды. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Тоқаев үштілділікке қатысты пікірін білдірді. Қазақстанда наурыздың аяғы жауын-шашынды болады.

Елордадағы жол апаты: дәрігерлер зардап шеккен екі әйелдің аяғын кесті

Кеше 26 наурызда қаланың қақ орталығында болған автобустар апатынан зардап шеккен 13 адам стационарда ем алып жатыр. 8-і түрлі дәрежедегі жарақатпен травмотология бөліміне, 2-і хирургия бөліміне жатқызылған, ал 3-і жан сақтау бөлімінде. Олардың арасындағы Филлипин азаматшасына бүгін шұғыл түрде кеуде қуысына ота жасалды.

№2 аурухананың бас дәрігері Иван Лидің айтуынша, екі әйелдің сынған аяғын аман алып қалу мүмкін болмаған. Ал, екінші аяқтын аман алып қалу үшін бар жағдай жасалып жатыр.

Алматыда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады

Нәтижесінде жүргізушісі мен фельдшер жарақат алды. Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты Наурызбай ауданындағы Қалқаман шағын ауданында болған. Mercedes жүргізуші Байзақ батыр көшесімен келе жатып, басты жолға шығып кетіп жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан. Жедел жәрдем көлігі бір қырына аударылып, Mercedes қатты соққыдан шыр көбелек айналып, арыққа түсіп, жол белгісіне соғылған. Зардап шеккен екі адам жақын маңдағы ауруханаға жеткізілген.

Тоқаев үштілділікке қатысты пікірін білдірді

Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали фейсбуктегі парақшасында жазды. Президенттің пікірінше, балалар үшін ең бірінші – қазақ тілі, содан соң –орыс тілі маңызды. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек.

Президент әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға жалдамалы пәтер беруді жеделдетуді тапсырды

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Құрманғалидің таратқан хабарламасына сәйкес, Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерді беру мәселесін жеделдетуді тапсырды. Және бұл жұмыстарды биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді.

Сонымен қатар, Қ.Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті.

Жыл басынан бері бес алматылық азамат Денге безгегін жұқтырған

Қалалық Қоғамдық Денсаулық сақтау департаментінің хабарлауынша, 2018 жылы Денге безгегін 2 адам, 2019 жылдың үш айында 5 адам жұқтырған. Олардың барлығы саяхаттап, Таиландта болып келген. Оларға ауру маса шаққанда жұққан.

Құтқарушылар балықшыларға қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін айыппұл салынатынын ескертеді

Нұр-Сұлтан қаласында құтқару жилетін кимеген балықшыларға 3-5 АЕК аралығында (7500-12 600 теңге) айыппұл салынады. Қалалық ТЖД бөлім басшысы Э.Раимбеков осылай дейді.

"Күн жылынған сайын Есіл өзенінің бетіндегі мұз жұқарып жатыр. Оның үстіне шығу адам өміріне қауіпті" дейді маман.

Алматыда автобус жүргізушілеріне ақы төлеудің бірыңғай әдісі бекітілді

Аvtopark-almaty.kz. сайтында қоғамдық көлік жүргізушілерін есепке алу тізілімі әзірленді. Базаға 3416 жүргізушінің мәліметтері (жұмыс орны, еңбек өтілі, құқық бұзушылық деректерінің бар-жоқтығы, айыппұлдары, жолаушылар пікірі, автопарк басшылары берген мінездемелері) енгізілген. Осы мәліметтер бойынша жүргізушілердің рейтінгі, сондай-ақ олардың "қаза тізімі" жасалады. Сайтта жолаушылар жүргізушілерге қатысты пікірлерін жазып қалдыра алады.

Қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің бірыңғай жалақысы сағатына 750 теңгеден 1100 теңгеге дейін. Орташа алғанда олардың айлық ақылары 198 мың теңге.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда наурыздың аяғы жауын-шашынды болады. "Қазгидромет" РМК хабарлауынша, Өзбекстан аумағының үстінде тұрған циклонға байланысты белсенді бұлтты массив солтүстік-шығыс бағытымен жылжып келеді. Соған қарай Қазақстанның оңтүстігінде алдағы күндері жаңбыр жауады, күн күркіреп, күшті жел екпіндете соғады. Солтүстік-шығысқа қарай қозғалған циклон республиканың орталық, оңтүстік-шығыс және шығыс аудандарына жауын-шашын, негізінен жаңбыр алып келеді. Батыс және Солтүстік облыстарда да жаңбыр, қар аралас жаңбыр жауып, түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы көп жылдық орташа мәннен 3...5 градусқа жоғары болады.

Baq.kz: Елімізде алтын бұйымдар 6% қымбаттаған. Көктемде алтыннан жасалған әшекей бұйымдардың бағасы өткен жылғымен салыстырғанда, 5,8 пайызға қымбаттап, грамы орташа есеппен 16,3 мың теңгені құраған. Күміс бұйымдардың бағасы бір жыл ішінде 4,7%-ға қымбаттап, грамы 1500 теңгеге бағаланып отыр. Алтын бұйымдар бәрінен де астаналықтарға қымбатқа түскен. Онда алтынның бағасы 0,6% қымбаттап, грамы 23,7 мың теңгеге саудаланған. Ал Атырауда күміс бұйымдардың грамы 2,1 мың теңгеге дейін жеткен.

24.kz: KASE-нің таңғы сессиясы: $1 = 378,02 теңге. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 378,02 теңге болды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары