Тікелей эфир

Премьер-министрдің баспасөз қызметі Үкімет мүшелерін тасымалдау құны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды

Ведомство мәліметінше, 2020 жылы үкімет мүшелерінің ұшу сапарларына 275,6 миллион теңге жұмсалған.

Қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисті әлеуметтік желілерде жыл сайын Премьер-министр мен оның орынбасарларының, сондай-ақ Парламент сенаты мен мәжіліс төрағаларының ұшақпен ұшуына 15-20 миллиард теңге көлемінде республикалық бюджеттен қаражат жұмсалады деп жазған. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкімет мүшелерінің ұшу шарттары мен оларды тасымалдау қызметтерінің құны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

2021 жылға Премьер-министр мен оның орынбасарлары бастаған қазақстандық делегациялардың аса маңызды ұшу сапарларын (литерлік рейстерді) жүзеге асыруға 578 миллион теңге мөлшерінде шығыс қаражаты қарастырылған. Көрсетілген сома 2021 жылы көлік қызметтерін қамтамасыз етуге есептелген. 

"Төлем қазақстандық делегациялардың орындалған нақты өңірлік және халықаралық ұшу жағдайлары бойынша төленеді. Мысалы, 2020 жылы осы мақсатқа 578 миллион теңге қарастырылса, іс жүзінде 275,6 миллион теңге жұмсалды", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Премьер-министр мен оның орынбасарларында оларға ғана бекітілген жеке ұшақтар жоқ. Ұшақ арқылы жүзеге асырылатын сапарлар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу үшін республика ішінде, сондай-ақ Мемлекет басшысының шет елдермен, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және басқа да бірлестіктер аясында экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында таяу және алыс шетел мемлекеттеріне тек қызметтік мақсаттарда орындалады.

Ал "кестесіз жолаушыларды тасымалдау бойынша әуе көлігі қызметтерін (ішкі және халықаралық)" ҚР ПІБ "Бүркіт" мемлекеттік әуе компаниясы" ШЖҚ РМК көрсетеді. Министрлер бастаған қазақстандық делегациялардың ұшу сапарларын коммерциялық әуе компанияларының рейстік жолаушылар ұшақтары жүзеге асырады.

"Журналистің "ұшақта қызмет көрсетуге қызыл және қара уылдырық, арақ пен виски, экзотикалық жемістер кіреді" деген сөзін де шындыққа жанаспайды. Ұшу ұзақтығы 1 сағатқа дейін болған жағдайда жолаушыларға алкогольсіз салқын сусындар мен снэктер, ұзақтығы 1-3 сағат болған кезде ыстық тамақ пен ыстық сусындар (шай, кофе) беріледі. Бортта тамақтандыру "ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңына, жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұсынылады", – дейді Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, тәуелсіз журналист Ербол Мәндібек Facebook парақшасында Премьер-министр мен оның төрт орынбасарына жеке-жеке ұшақ қарастырылғанын жазған болатын.

"Үкіметтің авиациялық шығындары еш жерде айтылмайды. Президенттің іс басқармасына қарайтын "Беркут" авиакомпаниясының сайтында супер-джеттер туралы бір түйір ақпарат жоқ. "VIP-ұшақтар" ішінде суретке түсуге тыйым салынған. Үкімет басшысы Асқар Маминнің ұшағына артық адам отырмайды, ал вице-премьерлерге өңірлерге жұмыс сапары кезінде бөлек бизнес-ұшақ қарастырылған", – деп жазды журналист. 

Журналист Ербол Мәндібек үкімет мүшелері мінетін ұшақта. Фото Facebook парақшасынан алынды

Оның сөзінше, бейресми дерек бойынша үкімет мүшелері мен сенат және мәжіліс төрағаларын ұшақпен тасымалдау шығындарына жыл сайын республикалық бюджеттен 15-20 миллиард теңге қарастырылады. Ал Үкімет бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

"Мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисі таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Өкінішке қарай, бұл ‒ фактілерді бұрмалаудың және қоғамдық резонанс тудыру үшін жалған ақпарат таратудың тағы бір жағдайы", – делінген Премьер-министр баспасөз қызметінің хабарламасында.  

Серіктестер жаңалықтары