Тікелей эфир

"Халық жазушысы" атағы қазақ әдебиетін құтқара ма?

Баспагер Шыңғыс Мұқан жазушылар әлемдік Booker, Pulitzer және "Нобель" сыйлықтарына таласуы керек деп есептейді.

Баспа саласында жүрген соң, шетел баспасы мен әдебиетін зерттеп жүрмін. Мәселен, қазір өтіп жатқан Франкфурт кітап жәрмеңкесін алайық. Әлемнің мен деген жазушылары осындай кездесу өткізіп жүр, себебі баспа саласы – әдебиеттің локомотиві.

Көп елдер бір-бір стенд құрыпты. Түркияны көрдім. Тайваннің баспагерлерінің бұрышы ұнады. Қазақстан болып келсек, не көрсетеміз деп ойланып қалдым. Жоқ болған соң да келмейтін шығармыз.

Қазақ әдебиеті өлмесе де, соған жақын. Заманауи неміз бар? Балалар әдебиеті десек, "Менің атым Қожа" мен "Көксеректі" еске аламыз. Ол қазіргі қазақтардың емес, бұрынғылардың еңбегі. Қазіргі жүйенің емес, сол кезде әдебиетке қанат бітірген бұрынғы жүйенің жемісі. Кітап иллюстраторларынан кімдер бар? Қандай шығарма "Хәрри Поттер" секілді шет тілдеріне аударылып жатыр? Дым жоқ қой. Бас баспалар мемлекеттік тапсырыспен мемлекеттік оқу бағдарламасына кітап шығарумен әлек. Олар шығаратын кітаптарды айтпай-ақ қояйын.


Оқи отырыңыз: Шыңғыс Мұқан: Мені қызметтен кетірген "Қазақстанды дамыту үшін не істеу керек?" деген сұрақтың жауабы


Енді, жақында "Қазақстанның халық жазушысы" деген атақ заңнама негізінде қаралмақшы. Бірақ күні ертең бұл атақ та үлкен проблема болады. Президент әкімшілігінің сол құлағына тыныштық болмайды. Жазушылар екі жылда бір беретін мемсыйлыққа таласып, екі жыл бойы бір-бірімен көріспей жүреді. Алмағандар биліктің тағы да сол құлағын шуылдатады. Әдетте алмай қалғандар көп болады.

Дәл осы атақ қазақ әдебиетін дамытып жібере ме? Бұл Кеңес кезінде қалыптасқан атақ. Бірақ ол кездегі әдебиетті бұл атақ емес, сол жүйенің жазушыларды қолдау тетіктері күшейтті.

Осылай арзан абырой жинауды қою керек қой. Билікке де опа бермейтін, жазушыларға да эгосын қанағаттандырғаннан басқа пайдасы жоқ әдістердің не керегі бар? Қажет болса, түбегейлі өзгеріс әкелетін парадигмалық, жүйелік шешім шығар. Болмаса, косметиканың қажеті қанша?!

Мен үшін біздің жазушылар таласатын атақтар "Халық жазушысы" немесе мемсыйлық иегері емес, Booker Prize бен Pulitzer Prize. "Нобель" сыйлығын да кіл мықтылар алады. Booker – Британияның сыйлығы, Pulitzer – Американың сыйлығы. 


Оқи отырыңыз: "Абайдың қара сөзінен бастап Алхимикке дейін". Шыңғыс Мұқан жастарға оқуға ұсынған 5 кітап


Бізге "Халық жазушысы" дегендей атақтар емес, әдебиет саласында жаһандық бірнәрсе ойлап табу керек. Ең болмағанда түрік не ислам әлемі, ары кетсек Азияны түгел қамтитын, жылда Қазақстанда берілетін бір сыйлық керек. Оны және парламент талқылап, президент әкімшілігі мақұлдап, үкімет бекітетін емес, қоғамдық негізде, Жазушылар одағы бас болатындай, билік қаржылай қолдайтын жоба керек.

Шыңғыс Мұқанның Facebook парақшасынан алынды

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары