Атыраудағы сəбилердің өліміне дəрігерлер кінəлі болып шықты. Алдағы үш күнде еліміздің солтүстігі мен орталығында үсік болады.
Баласын ұрған әке 5 жылға сотталды
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы былтырғы шілде айында Алматыдағы Шығыс айналма жолының маңында баласын соққыға жыққан Мұрат Асқароғлыға қатысты осындай үкім шығарды. Ол ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлімі 3-тармағымен айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемесінде өтейді. Туыстарының сот үкіміне білдірген наразылығына байланысты судья Еркін Майшинов былай түсінік берді. "Алқа билер мен сот көпшілік дауыспен Мұрат Асқароғлыны бала денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп тапты. Оған кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылған болатын, алайда алқа билер мен сот оның іс-әрекетін одан гөрі жеңілдеу қылмыс деп тапты. Мұрат Асқароғлы өлтіремін деп ойламаған. Ауыр дене жарақатын салды деген айып тағылды". Сотталушының жазасын өтеу мерзімі 2018 жылдың 2 тамызынан бастап есептелетін болды. Сот үкімі 15 күннен кейін күшіне енеді, оған дейін шағым түсіруге мүмкіндік бар.
Алматыда Анастасия Галееваны өлтіргендер 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Алматы облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған 22 жастағы Анастасия Галееваның ісіне қатысты нүкте қойылды. 27 жастағы Евгений Степанов пен 25 жастағы Асхат Баржақсин сот алдында жауап берді. Судья Евгений Степановты ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлімі бойынша айыпты деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын қатаң режімдегі түзеу мекемесінде өтейді. Ал Асхат Баржақсин ҚР ҚК 432-бабы бойынша айыпты деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орта деңгейдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Педофилдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін
ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық кодекске түзетулер жобасын əзірледі. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, жаңа құжатта аса ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейтуге қатысты нақты өзгерістер мен толықтырулар бар:
сексуалдық сипаттағы зорлау фактілері ауыр қылмыстардың санатына енгізіледі. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы барлық қылмыс үшін жаза күшейтіледі. Ал жас балаға қатысты зорлау әрекеті үшін өмір бақи бас бостандығынан айыру немесе 20 жылдан кем емес уақытқа бас бостандығынан айыру жазасы болады.
Жаңа жобада сонымен бірге сыбайлас -жемқорлық және терроризм әрекеті туралы хабар бермегені үшін жауапкершілік қарастырылған. Енді кәмелет жасына толмаған баланы зорлау фактісін жасыру және педофилияның ауыр фактілері туралы хабар бермеу үшін жаза беріледі. Ауыр қылмыстар санатына жатқызылатын мұндай заңбұзушылықтар үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Жаңа заң жобасын Үкіметке 2019 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр.
Атыраудағы сəбилердің өліміне дəрігерлер кінəлі болып шықты
Өңірдегі прокурорлар осындай мəлімдеме жасады. "Қызметтік тексеріс нəтижесі мен сарапшылардың қорытындысы бойынша жаңа туған сәбилердің шетінеуіне жол бермеуге дəрігерлердің мүмкіндігі болғанын анықтады. Атырау облыстық прокуратурасы босанған келіншекке медициналық қызмет көрсетуде кəсіби міндеттерін тиісті деңгейде атқармау фактісіне байланысты қаладағы N3 емханаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады" деп хабарлады облыстық прокурордың аға көмекшісі Қанат Қабдолов.
Оның айтуынша, дəл осындай құқық бұзу қаладағы N4 жəне 5 емханаларда да анықталған. Процессуал шешім шығару үшін материалдар қалалық полиция басқармасына жолданды.
Оралда электр қуатының тарифі қымбаттады
Табиғи монополияларды реттеу, бəсекелестікті жəне тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық департаментінің бөлім басшысы Бибігүл Хамидуллинаның айтуынша, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап тұрмыстық тұтынушылар үшін тариф ҚҚС қоса есептегенде 1кВт/с үшін 11,54 теңгеге дейін қымбаттаған. Тариф Елбасы тапсырмасымен қаңтар айынан бері 10%-ға төмендеген.
"Батысэнергоресурсы" ЖШС бюджет ұйымдары мен бизнес-нысандарға тариф бұрынғыша қалғанын, электр қуатының ақысы тек тұрғындар үшін өскенін мəлімдеді. "Бұрынғы тарифке оралу – мəжбүрлі шара. Өйткені қазіргі кəсіпорынның шығындары 700 млн теңгеге дейін жетті" деп түсіндірді тарифтің өсу себебін кəсіпорынның бас директоры Дина Ғалиметденова.
Тоқаев Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды
Мемлекет басшысы Академия профессорлары мен сарапшыларының және қазақстандық студенттердің алдында сөйлеген сөзінде қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық қызметін дәл осы Бейжіңде бастағанын айтып, сол кезде ұлы мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғанын жеткізді. Сонымен бірге Президент қатысушыларды Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Мемлекет басшысы дәрісінің соңында еліміздің ұстанымын айқындап, Қазақстан мен Қытайдың көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде өсіп-өркендеу жолына бірге қадам басуы тиіс деді. Президент Қазақстан мен ҚХР арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа тиімді бағыттарын іздеу екі елдің "маңызды шешімдер қабылдайтын орталықтары" арасындағы іс-қимылдарды одан әрі нығайтуға, бірлескен конференциялар мен қолданбалы зерттеулер жүргізу тәжірибесін кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Дəріс аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев
Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесіп, олармен бірге естелік суретке түсті.
Apple 3 камерасы бар гаджетін таныстырды
IPhone 11 Pro алтын, күміс түстерден бөлек, компания тарихында тұңғыш рет жасыл түсте шығарылды. Айфонда алғаш рет Deep Fusion камерасының қызметі іске қосылып отыр. Бұл – бір басқанда 9 түрлі фото жасай алатын режим. Ал, гаджеттің екі камерасымен бір уақытта видеоға түсіруге болады. Құрастырушылар IPhone 11 Pro секундта 1 трлн операцияны орындай алатынын айтады. Сөздеріне сенсек, бұл телефондардың қуаты iPhone XS-ке қарағанда 4 сағатқа көп қызмет ете алады. IPhone 11 Pro бағасы 999 доллардан, дисплейі үлкендеу IPhone 11 Pro Мах бағасы 1099 доллардан басталады. Жаңа өнімдер 20 қыркүйектен бастап сатылымға шығады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Алдағы үш күнде еліміздің солтүстігі мен орталығында үсік болады. Алдағы тәулікте Ресейдің Еуропадағы бөлігінің орталық аймақтарынан ығысатын антициклонның әсерінен Қазақстанның көптеген облысында жауын-шашын уақытша тоқтайды. Ал республиканың солтүстігі мен орталығында түнде және күндіз 1-3 градус үсік болады. Бірақ 13 қыркүйекте Батыс Сібірден келетін Арктиканың кезекті фронттары Қазақстанның солтүстік аймақтарына, содан соң орталық және шығысына өз әсерін тигізеді. Мұнда да қайтадан жаңбыр басталып, нормадан төмен ауа температурасы сақталады. Қалған аймақтарда жауын-шашын болмайды, күн ашық. Ауа температурасы орташа көпжылдық мәнге жақын.
Baq.kz: Винокуров жарты жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Колобнев пен Винокуров жарыстардың бірінде екеуара келісілген қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Бельгияның прокуратурасы бұрынғы велошабандоздарды алты айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар Еуропаның осы елінің прокуратурасы Винокуровқа 100 мың еуро, Колобневке 50 мың еуро айыппұл салуды, сондай-ақ оның банктік шотынан 150 мың еуроны тәркілеуді талап етеді.
Сот үкімі жария етілетін сот отырысы 8 қазанда өтеді.