Жаңа жыл қарcаңында балалармен бірге қай елдерде демалуға болады? Маман кеңестері

Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Сарапшы қысқы демалысты 6-7 ай бұрын жоспарлаған жөн дейді, себебі уақыт жақындаған сайын тур қымбаттай түседі.

Қыста адамдар жылы жаққа барғысы келеді. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында шетелде демалғысы келетіндер көп. Алайда мейрам жақындаған сайын тур қымбаттай береді. Әрі арзан тур ұсынып, сан соқтырып кететін алаяқтар да көбейеді.

Отбасымен қай елдерге барған жөн? Тур бағасына не кіреді және сатып аларда нені ескеру керек? Неліктен турды ертерек сатып алу қажет? Осы және өзге де сұрақтарға "Nagyz Sayahat" туристік фирмасының директоры Назерке Ынтымақова жауап берді. Ол туристерді шетелге жіберіп қана қоймай, одан бөлек туризм жайлы блог жүргізеді. Отбасылық саяхат бойынша қалауыңызға қарай маршрут жасап береді.

– Жаңа жылға қарай қай елдерге отбасымен демалуға кеңес бересіз?

– Жаңа жылға қарай отбасылық демалысқа тамағы мен сусыны, шоу бағдарламасы қосылған мұсылман елдерін ұсынуға тырысамыз. Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде су тасқыны, табиғи апаттар болып жатқан соң туристерге Катар, БАӘ, Мысыр, Мальдив аралдарына тур ұсынып жатырмыз.

Мысалы, Біріккен Араб әмірліктері десе тек Дубайды ғана айтып жатады. Бірақ қыста Дубайдың өзінде де салқын болған соң басқа әмірлікті, яғни Фуджейраға баруға кеңес береміз. Неге десеңіз, Фуджейра әмірлігіндегі теңіздің суы Үнді мұхитының суымен шайылады. Сондықтан қыста суы жылы болады және Дубайға қарағанда үш мезгіл тамағы бар тур қолжетімді шығады. Бірақ ол жақта қонақ үй көп болмаған соң ертерек қамданған дұрыс. 

Кейбір туристер бір шыққанда бірнеше ел, бірнеше қала көріп қайтқысы келеді. Уақыт жағынан ертерек айтса біз тікелей туроператордың круиздік сапарын ұсынамыз. Круизде тамақ, сусын, ойын-сауық кештері көп болған соң туристердің, әсіресе балалардың көңілінен барынша шығады. Ұшақ билетін қосқанда адам басына 550-600 мыңнан басталады. Бірнеше ел мен қалаға саяхаттағысы келетіндерге таптырмас мүмкіндік.

Назерке Ынтымақованың жеке архивінен

Еуропадағы Чехия елін (санаторий) дайын визасымен ұсынып жатырмыз. Адам басына 850 мың теңгеден басталады. Бұл сомаға ұшақ, трансфер, үш мезгіл тамақ пен емі кіреді. Астанадан тікелей рейс қатынайды.

Шри-Ланка аралын да ұсынып жатырмыз. Ол жаққа да тікелей рейс ұшады. Тамағын қосқанда адам басына 1 млн теңгенің үстінде шығады.

– Турды қай кезде сатып алған дұрыс?

– Жаңа жылға қарай шетелде демаламын деушілер 6-7 ай бұрын қамданғаны жөн. Былтыр туристдің көбі кешірек хабарласқан соң тур броньдаған кезде біресе қонақ үйде, біресе ұшақта орын болмай әбден әбігерге түстік. Бұл жолы жаңа жылға тур броньдау жаздан басталды. Турды ертерек алса үш мезгіл тамағы мен сусыны бар бес жұлдызды қонақ үйлердің бағасы 380 мың теңгеден басталды. Ал қазір уақыт таяған сайын тур құны – 600 мыңнан жоғары.

Сол үшін жаңа жыл мейрамын ертерек жоспарлап, бронь жасап, барлығын алдын ала ұйымдастырып алған жөн. Уақыт таяғанда саяхат жайлы ойласа бағасы, қонақ үйдің жағдайы ойдағыдай болмауы мүмкін.

– Тур аламын деп алданып қалып жатқандар бар. Әсіресе, жаңа жылға қарай алаяқтардың айласы қыза түседі. Сол себепті тур сатып алар кезде неге мән берген жөн? 

– Иә, қазір алаяқтар көп. Арзан тур ұсынған соң бағасына қызығып, алданып қалып жатыр. Тур алғалы жатқан фирманың атауын туристердің құқығын қорғайтын "Туристік Қамқор" орталығы арқылы тексере аласыз. Турфирма "Туристік Қамқор" тізімінде болса алаңсыз тур броньдай бересіз. Кейде алаяқтар сенімді компанияның атын жамылады.  Ондай кезде ақшаны тек заңды шотқа салған дұрыс.

– Өзіңіз де балалармен жиі саяхаттайсыз. Шетелде баламен жүрген кезде не нәрсеге көңіл бөлген жөн? Оларға да, өзіңізге де қызық әрі жайлы болуы үшін саяхатты қалай жоспарлаған дұрыс?

– Баламен саяхаттағанда біріншіден баланың жасы, мінез-құлқы рөл атқарады. Балалар кішкентай болғанда тамағы мен сусыны дайын, ауа райы қолайлы, ұшағы жайлы, балаларға арналған ойын-сауық орталығы бар қонақ үйлердің тур пакеттеріне көңіл бөлетінбіз. Балалар 7 жастан асқа соң бір шыққанда бірнеше елді, түрлі қаланы көретіндей күрделі маршрутарды таңдадық. Ол кезде қолайлы жағдайға көп көңіл бермедік. Бірақ балалар өз сөмкесін өзі көтеріп, өз ойын, қалауын  анық айта алатындықтан керісінше жаңа елді зерттеу нағыз қызыққа толы болатын. Олардың таң қалған эмоциясын көру, жан-жағына зерттеп қарауы шыныменде бізге бақыт сыйлайтын.

Баламен шетелге шығарда сақтандыру полисін жасауға кеңес беремін.

– Турпекетке не кіреді? Көбісі "300 мың теңгеге тур сатып алсам бәрі тегін болады" деп ойлайды ғой. Алайда шығындар көп екенін біле бермейді.

– Турпакетке барып-қайту ұшақ билеті, әуежайдан қонақ үйге апару, алып келу трансфері, таңғы ас, туркод, сақтандыру полисі кіреді. Туристер қалауына қарай түскі ас, кешкі ас қоса алады.

Барған елде экскурсия алса, бір жерден екінші жерге жетуге, жаңа дүниені көруге ақша керек болады. Кейбір елдерде қонақ үйлер Al Inclusive ұсынады, яғни ішіне бәрі кіреді деген сөз. Бұл кезде тамақ, сусын (кейде ішімдік те кіреді) балаларға беретін балмұздақ, балалар ішетін сусындар тегін болады. Қонақ үйде жатып, теңізге шомылып қана демалуды жөн көретіндерге өте ыңғайлы.

– Тур алғанда балаларға жеңілдік бола ма, әлде оларға да үлкендердікімен бірдей төлеу қажет пе?

– Тур алғанда балаларға, көбінесе 12 жасқа толмағандарға жеңілдік жасалады. Оны бізде базаның өзі автоматты түрде есептейді. Кейде қонақ үйлер балалардың орналасуына жеңілдік береді. Ал өзіміздің Қазақстан ішінде жазғы демалыстарда Kids go free бағдарламасы арқылы балалар тегін ұша алады. Мысалы, Rixos Water World Aktau қонақ үйіне екі үлкен адамға және екі балаға есептесек, басқа кезге қарағанда арзан шығады, өйткені билетті мемлекет субсидиялайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары