Тікелей эфир

Үйінде не жеке көлігінде балағат сөз айтқандар айыппұл арқалай ма?

Сурет: depositphotos.com
Сурет: depositphotos.com
Полиция өкілі барлығының мән-жайға байланысты екенін айтады.

ҚР ІІМ ӘПК басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынатынын түсіндірді, деп хабарлады Polisia.kz сайты.

– Қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынады?

– Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – бұл қылмыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін азаматқа 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, 120 сағатқа түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін.

Енді құқық бұзушы отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамдарға айқын құрметсіздік білдірсе және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер жасаса, бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік болып саналады. Жаза соттан ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу түрінде болуы мүмкін. 

– Балағат сөздер үшін жауапкершілік қаншалықты күшейді?

– Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан жағдайда, бұл үшін айыппұл 17 250 теңгені құрайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.


Оқи отырыңыз: Кеш сөйлеу кекештікке әкеледі. Бала тілі ерте шығу үшін не істеу керек?


– Егер біреу мені жай ғана балағаттады деп айтса, айыппұл салына ма?

– Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлел жинайды. Бұл – азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио-бейне түсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы. 

– Адам үй, көлік секілді жекеменшігінде отырып балағаттаса, бұл үшін жазалана ма?

– Бәрі мән-жайға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларға құрметсіздік көрсету, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу "міндетті шарт".

– Әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін айыппұлды қалай салады?

– Егер бұл әрекет азаматтардың тыныштығын бұзса, балағат сөздер қоғамдық орында айтылса, онда ол ұсақ бұзақылық бабымен қаралады. 


Оқи отырыңыз: Қазақ баланы қалай тәрбиелеген? Бізге отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң керек пе?


– Қай тілдегі балағат сөздерге айыппұл салынады? 

– Балағаттың қай тілде айтылатыны маңызды емес, барлық жағдайда жазаланады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары