Тікелей эфир

Неге базалық ставка маңызды?

Экономикада "базалық ставка" деген ұғым бар. Қарапайым жұрт оның маңызын түсіне бермеуі мүмкін. Бірақ біле жүрген дұрыс.

Қатардағы қарапайым адамға экономика, қаржы саласында "кредит", "депозит", "процент" деген ұғымдар ғана жақсы таныс. Қалғанына терең үңіле бермеуі мүмкін. Өйткені күнделікті өмірде ол терминдер кезіге бермейді.

Бірақ, қаржылық сауат тұрғысынан алып қарасақ, басқа басқа, ал "базалық ставканың" не екенін білу маңызды. Әдетте, жұрт "ертең доллар не болады", "қай валютада ақша жинаған дұрыс" деп нарыққа құлақ күріп, келешегі үшін ойланып жүреді. "Базалық ставка" да сондай маңызды дүние. 

Егер сіз оның рөлін, маңызын, принципін дұрыс түсінетін болсаңыз, өз қаржыңызды дұрыс реттей аласыз, шығыныңыз бен кірісіңізді есептеп, ертеңгі күніңізді жоспарлай аласыз.

Себебі, базалық ставка – еліміздегі кредит пен депозиттердің пайыздық сыйақы мөлшерлемелеріне тікелей әсер етеді.

Базалық ставка – "қатып" қалған проценттік сан емес. Ол нарықта болып жатқан құбылыстарға, инфляцияға, қымбатшылыққа қарай өзгеріп тұратын мәндік көрсеткіш. Оны бекітетін – Ұлттық банк. Соның ішінде Ақша-кредит саясаты комитеті. 

Базалық ставка арқылы Ұлттық Банк инфляцияны реттеп отырады. 2020 жылы орын алған пандемиядан кейін бүкіл әлем бойынша тауар тасылымы тоқтап қалды да, планета масштабында қымбатшылық күрт артып кетті. Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4% болып тұрған. Ал 2022 жылы ол 20,3 пайызға дейін бірден көтерілді. 

Жалпы былтырғы жылды біз үшін инфляциялық шок кезеңі деп айтсақ болады.  Классикалық экономикалық теорияға сай, инфляция тым өршіп тұрғанда орталық банктер базалық ставканы жоғары деңгейде ұстау керек. 

Біздің Ұлттық Банк те былтырғы жылдың соңында ставканы 14 пайыздан бірден 16,75 пайызға көтерді. Оның себебі өте қарапайым. Ақша массасы тауарлар мен қызметтен көбірек болса, бірден қымбатшылық басталады. Яғни, ақша тым көп кезде инфляция күшейеді. Нарықтағы осы ақша массасын қаржыгерлер "өтімділік" деп атайды. 

Ал егер базалық ставка жоғары болса, онда коммерциялық банк депозиттерінің де сыйақысы жоғары қойылады. Мысалы, қазір базалық ставка 16% кезінде, банк депозиттері өз клиенттеріне қысқамерзімді салымдарға орта есеппен 16,8% ұсынуда. 

Осы кезде банк депозиттеріне ақшаны салу, жинау өте тиімді болады. Барлық өтімділік осы депозиттерге (және облигацияларға) ауыса бастайды. Сәлден кейін нарықта басы бос ақша азаяды. Соның нәтижесінде, тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі баяулап, инфляция жоспарланған қалыпқа келеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары