Тікелей эфир

Дәрігерге терапевт жолдамасынсыз қалай тікелей жазылуға болады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
ЛОР, тіс дәрігері, травматолог, психолог, онколог, дерматолог, кардиолог, невропатолог және хирургтың қабылдауына тікелей жазылуға болады.

1 сәуірден бері Қазақстан азаматтары бейінді дәрігерлерге терапевтің жолдамасын алмай-ақ қарала береді. Осылайша дәрігерге кезек күту уақыты анағұрлым қысқарады. Алайда бұл жаңашылдық барлық пациентті қамтымайды. Әрі бейінді дәрігерлердің санаты да шектеулі. ЛОР, тіс дәрігері, травматолог, психолог, онколог, дерматолог, кардиолог, невропатолог және хирургтың қабылдауына тікелей жазылу үшін не істеу қажет? Мұны Информбюро порталы түсіндіреді.

Денсаулық сақтау министрлігі мамандандырылған медициналық көмек беру ережелерін бекіту туралы бұйрықты 2022 жылы әзірленгенімен, құжат енді ғана ресми күшіне еніп отыр. Министрліктегі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы Әсел Қыдырәлиеваның сөзінше, содан бері азаматтар мен дәрігерлердің шағымдарын есепке ала отырып ақпараттық жүйелерді жетелдіру жұмыстары жүргізілген.

Қай кезде бейінді дәрігерге тікелей жазылуға болады?

Келесі жағдайларда арнайы мамандарға тікелей жазылуға болады:

  • шұғыл жағдайда және жарақат алғанда: тревмотологқа ғана емес, сондай-ақ офтальмолог не отоларинголог (ЛОР-дәрігер) секілді дәрігерлерге жазылуға болады;
  • шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек: балалар мен жүкті әйелдер тіс дәрігеріне жоспарлы көмек үшін, ал шұғыл көмек үшін мүгедектігі бар адамдар, ҰОС ардагерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар,"Алтын алқа" және "Күміс алқа" медалімен наградталған кқөп балалы аналар, зейнеткерлер, ВИЧ жұқтырғандар, онкологиялық аурулармен немесе туберкулезбен ауыратындар, мүгедектігі бар балаларға күтім жасап отырған жұмыссыз адамдар жүгіне алады.
  • акушер-гинекологқа жүгіну: аяғы ауыр әйелдерді тіркеу қажет болған жағдайларды қоспағанда, бұл терапевт арқылы жүзеге асырылады;
  • психологқа жүгіну;
  • онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған жағдайда: растайтын анализдер мен құжаттар (мысалы, КТ немесе УЗИ) болған кезде;
  • емханаларда ашылған жастар денсаулық орталықтарына жүгінген кезде: 14-29 жас аралығындағылар жастар денсаулық орталықтарының мамандарына тікелей қабылдауға жазыла алады. Онда уролог, акушер-гинеколог, психолог, психиатр жұмыс істейді;
  • дерматовенерологиялық бейіндегі аурулар;
  • белгілі бір уақыт ішінде динамикалық бақылауда (тіркеуде) болатын науқастар: мысалы, жүрек патологиясы бар науқастар кардиологқа тікелей жүгіне алады;
  • медициналық пойыздар және жылжымалы медициналық кешендер (жабдықталған автобустар мен жүк көліктері) арқылы медициналық көмекке жүгінген кезде: олар наурыздан қарашаға дейін шалғай елді мекендерге қатынайды.

Қалай жазылуға болады?

Бейінді мамандарға медицина қосымшасында (Damumed) немесе call-орталыққа хабарласып жазылуға болады. Call-орталықтар аймақтарда енді қосылады. Осылайша дәрігердің қабылдауына емханаға немесе Астанадағы 109 call-орталығы секілді арнайы нөмірге хабарласу арқылы жазылуға болады.

"Әр емхананың өзіндік механизмі, ақпараттық қосымшалары, түрлі медициналық ақпараттық жүйелері әзірленді. Сол арқылы онлайн немесе тіркеу бөлімі арқылы жазылуға болады. Кейбір емханада әлі күнге дейін кезекке тұру ұажет. Сондықтан әр емхананың маманға жазылу механизмі әртүрлі", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Кардиолог, ревматолог, эндокринолог секілді бейінді маманның диспансерлік есебінде тұрған пациенттер аталған мамандарға терапевт жолдамасынсыз call-орталық арқылы хабарласып немесе Damumed қосымшасы арқылы жазыла алады.

Бұған дейін дәрігерге жазылу кестесі екі күннен бір аптаға дейін ашық болса, қазіргі таңда – кем дегенде 15 күнге ашық. Мұны бір айға жеткізу жоспарланып отыр.

Ал терапевтке eGov порталы және eGov mobile қосымшасы, Damumed сайты және мобильді қосымшасы арқылы онлайн жазылуға болады.

Серіктестер жаңалықтары