Қазақстандықтардың жалақысы 3,4%-ға өскен
ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов бүгін осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында орташа айлық көлемі 159,5 мың теңгеге дейін, яғни 2,2%-ға өскен.
Министрдің сөзіне сенсек, еліміздің еңбек нарығында жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 468,6 мың адам жұмысқа орналасқан. 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандықтардың нақты табысы 3,4%-ға артқан.
Алматыдағы шыршалардың бәрі ұлттық нақышта безендіріледі
"Астана" алаңындағы бас шыршадан бастап, қаланың басқа да аудандарындағы алты үлкен шыршаға Сақ, Берел қорғандарынан табылған алтын құймаға ұқсас ойыншықтар ілінеді. Қаланы жаңажылдық безендіру жұмыстары Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күнінен соң басталады. Биыл әкімдік қаланы безендіруге бюджеттен 175 млн теңге бөліп отыр.
Жергілікті органдар 28 млрд теңгені игеріп үлгермеген
Мұнша қаражатты игермеудің негізгі себептері ретінде жұмыстар мен қызметтерді кеш орындау, тауарларды уақытында сатып алмау аталды. ҚР Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, бюджет қаражатын игермеген аймақтардың арасында Астана көш бастап тұр (9 млрд). Елордадан кейін Түркістан (4 млрд) және Қызылорда (3 млрд) облыстары тұр. Мемлекет қаражатын игеріп үлгермеген облыстардың қатарында Шымкент, Павлодар және Маңғыстау облыстары (әрқайсысы 2 млрд-тан) да бар.
Биылғы жылдың аяқталуына 12 жұмыс күні қалды. Осы уақыт аралығында орталық және жергілікті органдар 800 млрд теңге қаражатты игеруі керек. Үкіметтің бүгінгі отырысында аймақ басшылары мен министрлер екі аптаның ішінде бюджет қаржысын толықтай игереміз деп уәде берді.
Ұялы телефондарды тіркеудің мерзімі ұзартылмайды
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев қазақстандықтарды телефондарын 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеуге шақырды. Кеше министр телефонын тіркеп үлгермеген азаматтар жаңа жыл түні байланыстан ажыратылмайды деп мәлімдеген болатын.
"Мереке күндері халықты байланыссыз қалдырып әуреге салмаймыз. Қазір телефондарды тіркеуге қатысты ешқандай проблема жоқ. 1 қаңтарға дейін халық түгелдей бұл рәсімді жүзеге асырады деп сенемін. Ұялы телефондарды тіркеудің мерзімі ұзартылмайды", – деді Д.Абаев мәжіліс отырысынан кейін журналистерге берген жауабында.
Атырауда балықтардың жаппай қырылуына байланысты Жайық өзені тексеріліп жатыр
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, өзеннен сынамалар алынып, зерттеулер жүргізілген. Су құрамы таза болып шықты, адамдардың өміріне төнерлік қауіп жоқ. Бүгінгі таңда өзенде 110 балықтың өлгені анықталған. Облыс әкімі Н.Ноғаев уәкілетті органдарға шұғыл түрде балықты неден өлгенін анықтауды тапсырды.
Қытайлық компания Қазақстандағы автокөлік шығаратын ірі кәсіпорынның құрылтайшысы атанды
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Головкиннің бапкері Сауль Альвареспен ("Канело") үшінші айқасты кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Головкиннің Сауль Альвареспен ("Канело") бірінші айқасы да, екінші жекпе-жегі де Лас-Вегастағы (АҚШ) T-Mobile Arena-да өтіп, даулы нәтижелермен аяқталған еді: бірінші жекпе-жекте тең нәтиже болса, екінші айқаста төрешілердің басым дауысымен Сауль Альвареспен ("Канело") жеңіске жеткен. "2019 жылы боксшылардың қайда жұдырықтасатынын промоутерлер шешеді", – деді Абель Санчес.
Baq.kz: "7-20-25": Жеті банк 3400 өтінімді қабылдады. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтың сөзінше, банк қазір халықпен белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдарламаны іске асырудың барысы туралы республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. 4 желтоқсаннан бастап Қазақстан қор биржасы бүкіл мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сауда-саттықты Т+2 есеп айырысу схемасына аударды. Бұл халықаралық стандарт форматы нарыққа шетелдік капитал ағынын ұлғайту үшін оңтайлы жағдайды қамтамасыз етеді.