Тікелей эфир

Омырауын өсірем деп ота жасатып, отыз жасында көз жұмды. Жаңалықтарға шолу

Сурет inforeactor.ru сайтынан алынды
Сурет inforeactor.ru сайтынан алынды
Биыл қыс қандай болады? Сәби өлімінің жиілеуіне не себеп? Қай ел туристерге жаңа салық салады?

Бірқатар ел 2019 жылдан бастап туристерге жаңа салық салмақшы

Салықтан түскен қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Жапония келесі жылдың 7 қаңтарынан бастап елге келушілерге – 1000 иен, шамамен 9 АҚШ доллары көлемінде жаңа салық салады. Бөлек төлем жасаудың қажеті жоқ, салық бірден билет құнына қосылады. Екі жасқа дейінгі балалар мен бір тәуліктен аспайтын мерзімге ғана елге кіретін транзиттік жолаушылар бұл салықтан босатылған. Хорватия демалу маусымы қызған шақта күн сайынғы туристік салығының көлемін 25% арттыруды жоспарлап отыр. Жаңа Зеландияның шекарасына кірген бойда қонақтардың бәрі 35 АҚШ доллары көлемінде салық төлейтін болады.

Омырауына ота жасатқан алматылық көз жұмды

30 жастағы әйел отаны "NAO Пластикалық және лазерлік косметология орталығында" жасатыпты. Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті мамандарының айтуынша, істің мән-жайы сараптама нәтижелерінен соң белгілі болады. Әзірге анестезиологиялық дәрі-дәрмекке аллергия болу мүмкін деген болжам бар. Қалалық ІІД ресми өкілі С.Әзірбек полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.

Астанада мектеп асханаларына бейнебақылау орнату ұсынылды

Ата-аналар мектептегі тамақ сапасын бақылайтын комиссиялардың жұмысын сынға алды. Балаларға берілетін тамақты дайындау барысынан онлайн-бақылау қажет деп есептейді қалалық ата-аналар қоғамдастығының төрайымы Татьяна Коршунова. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ә.Жанғозин асханаларға бейнебақылау орнату мәселесін келер жылы шешу қарастырылып жатыр деп сендірді.

Биыл қыс қандай болады?

"Қазгидромедтің" болжауы бойынша, қыс биыл суық, жауын-шашын нормаға сай түседі. Алғашқы аяз қарашаның бірінші, екінші, үшінші онкүндіктерінде сезіле бастайды: елдің солтүстігінде түнде 10-20 градус, күндіз 5-10 градусқа дейінгі аяз, ал оңтүстік жақта түнгі ауа температурасы 5-10 градусқа дейін суытады деп күтілуде. Желтоқсанда, қаңтарда, ақпанда суық болады болжанғанымен, көктем кешікпейді дейді Қазгидрометтіктер.

Зейнеткер таксиге қалдырып кеткен 6,5 млн теңгесін тауып алды

70 жастағы Астаналық зейнеткер банктердің бірінен 6,5 млн қаржысын шешіп алып, жол бойынан такси тоқтатады. Межелі жеріне жеткенде әжей көліктің артқы орындығына қойған ақша салынған пакетті тастап, түсіп қалады. Полиция қызметкерлері зейнеткер түскен көлікті бейнебақылау арқылы анықтап, жүргізушісін полиция бөлімшесіне жеткізеді. Зейнеткерге қаржысы қайтарылды.

Алматыдағы жартылай марафон кезінде студент ажал құшты

Марафондық жүгіру кезінде Санкт Петербург гуманитарлық университеті Алматы филиалының студенті 18 жасар Максим Королевтің жағдайы нашарлап кетті. Дәрігерлер жеткенше көз жұмды.

Курстастарының айтуынша, М.Королев – "Күрес және самбо күресі" бойынша ҚР спорт шеберіне үміткер, жаяу жарыс бойынша қалалық спартакиаданың жеңімпазы. Бозбала өлімінің себебі жақын арада сот-медициналық сараптама қорытындысымен анықталады.

Астанада Қытай мемлекеттік даму банкінің өкілдігі ашылды

Өкілдіктің ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты куәландырады, сондай-ақ экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты нығайтуға, қаржы институттарын дамытуға, банкаралық өзара іс-қимыл арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ықпал ететін болады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Qamshy.kz: Қайрат Боранбаев "Қайраттың" бапкерін отставкаға жіберді. Параолимпиадалық комитеттің президенті және «Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қ.Боранбаев Карлос Алосты бапкерліктен босатты. "Ол негізгі міндетін орындай алмады. Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз бола алмадық және Еуропа лигасының топтық кезеңінен шыға алмадық", – деді ол. Әзірге жаттықтырушылық қызметті алып жүру клубтың бұрынғы ойыншысы Андрей Карповичке жүктелді.

Baq.kz: Биыл Қазақстанда 2117 сәби шетінеп кеткен. Ал, былтыр қаңтар-тамыз айлары аралығында елімізде 2140 сәби шетінеген. Сәби өлімінің негізгі себебі – перинаталды кезеңде пайда болған жағдай. Дәл осы себеппен қаңтар-тамыз айларында 1078 нәресте шетінеген. Туабітті ауытқу себебінен шетінеген нәресте саны – 418, ал тыныс алу жолдары ауруы салдарынан шетінегендер саны – 140. Оқыс оқиға, улану және жарақат алу салдарынан шетінеген сәбилер саңы – 95.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары