Elorda Zhastary тұрғын үй бағдарламасы – Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен жобасы. Өтінімдерді қабылдау 14 қазанда басталып, бағдарлама порталында жүзеге асырылады. Бағдарлама бойынша қарыз алушыларға несие беру үшін 3,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат бағдарламаның 200-ге жуық қатысушысын несиелендіруге көмектеседі.
№1. Негізгі шарттары қандай?
- Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
- Бастапқы жарна – 10%;
- Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
- Несиені қайтару мерзімі – 25 жылға дейін.
№2. Кімдер қатыса алады?
- мұғалімдер;
- дәрігерлер;
- журналистер;
- мәдениет саласының қызметкерлері;
- спортшылар;
- әлеуметтік қызметкерлер;
- коммуналдық сала қызметкерлері;
- полиция департаменті қызметкерлері;
- ТЖҚ қызметкерлері;
- жетім балалар.
№3. Қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс.
- Қатысушы және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтанда үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет.
- Үміткердің Отбасы банкінде сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнасын бар депозиті болуы тиіс (салымның бар екені туралы анықтама немесе шот бойынша үзінді көшірме).
- Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.
- Қатысушының соңғы бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында таңдалған саласында ресми жұмыс тәжірибесі болуы тиіс (ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады).
- Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 209 826 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушыларды іріктеу басталады. Үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады. Ол еңбек өтілін және өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1,2,3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтынын ескереді.
Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады.
"Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға Отбасы банкі мен 2021-2023 жылдарға арналған Elorda Jastary бағдарламасы көмектеседі. Бағдарлама жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, Elorda Jastary бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу және т.б. бағыттар бар", – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.