Тікелей эфир

Тегін үй беріп, жұмысқа орналастырады. "Береке City" әлеуметтік жобасынан көмек алу үшін не істеу керек?

"Береке City" жобасынан көмек алу үшін анкетаны толтырмас бұрын 7 құжатты түгендеп алу қажет.

Алматы қаласындағы "Береке City" әлеуметтік жобасы мұқтаж азаматтарға бірнеше жылға тегін үй ұсынады. Басты шарт – бенефициарлардың осы уақыт аралығында жағдайын жақсартуға ұмтылуы. Сондай-ақ, жоба оларға жұмысқа орналасуға көмектеседі. 

Тұрғын үйде қазір 65 пәтер бар. Онда 50-ге жуық отбасы, шамамен 240 адам тұрады. Пәтер босай салысымен, ол тізімде тұрған келесі бір мұқтаж азаматқа беріледі. 

"Мамандарымыз бенефициарларға психологиялық консультация ұсынып, жаңа мамандықты игеруге көмектеседі. Олардың өздері де жағдайын жасауға ұмтылып, бір-екі жыл ішінде өз бетінше өмір сүре алатындай жағдайға жетуі тиіс", – деді "Береке" ҚҚ құрушысы Бағдаш Сүлейменов. 

"Береке City" тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында әйелдерге арналған тігін және тағам пісіру цехы орналасқан. Осы екеуі арқылы әйелдер тапсырыс қабылдап, табыс тауып отыр. Бұдан өзге тұрақты түрде өзін-өзі дамыту, құқық пен қаржы тақырыптарында түрлі тренинг өткізіледі. Балаларға арналған білім орталығы мен дзюдо, бокс секциялары бар.

Көмек алу үшін не істеу керек?

Ол үшін электронды анкета толтыру қажет. Бірақ анкетаны толтырмас бұрын төмендегі құжаттарды түгендеп аласыз. Олар сұхбатқа шақырылған жағдайда ғана сұралады:

  • әр ересек адамның жеке куәлік көшірмесі;
  • әр баланың туу туралы куәлік көшірмесі;
  • жылжымайтын мүлік жоқтығын растайтын анықтама куәлік;
  • әр ересек азаматтың сотталмағанын растайтын куәлік;
  • нарко-, псих- және туб- диспансерлерден әр ересекке анықтама куәлік;
  • жеке тұлғаның заңды тұлғаларға, филиалдар мен өкілдіктерге қатысуы туралы анықтама;
  • табыстар туралы анықтама (АӘК, жәрдемақылар, төлемдер, айлық, жалақылар, алимент). 
  1. Осы құжаттар түгел болған жағдайда жобаның Instagram парақшасына кіріп, Taplink гиперсілтемесінің үстін басасыз.
  2. Тізімде үшінші тұрған "Көмек сұрау" батырмасын таңдайсыз.
  3. Сол жердегі үш бет сұраққа жауап бересіз.
  4. Анкетаны толтырған азаматтың расымен де көмекке зәру екені анықталған жағдайда сұхбатқа шақырылады. Сол жерде жоғарыдағы құжаттарды ұсыну қажет болады.

Кейін әлеуметтік жоба аясында бенефициарға бірнеше жылға тегін үй ұсынылып, сол жерге ресми тіркеуге тұрады. Сондай-ақ, жоба қызметкерлері азаматтарға белгілі бір мамандықты игеріп, жұмысқа тұрып кетуге көмектеседі. 

Жуырда осыған ұқсас Halyk Berekesi атты жобаның тұсауы кесіледі. Ол Түркістан, Тараз, Қызылорда, Талдықорған және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары