Тікелей эфир

"Нұрлы жер" триллионы кімге бұйырады, үйді кім салады?

Үкімет қазақстандықтардың үй салып алуына жағдай жасау үшін 2 триллион ақша бөлді. Енді үйі жоқ қазақ баспаналы бола ала ма? Мөлдір Бақытқызының сараптамасы.

Баспанаға жол Ақтөбе мен Қызылжардан басталады

Қазір бұрынғыдай емес, Үкімет сізге тиесілі 10 сотық жерге жарық пен су тартып, ауданы 100-200 шаршы метрден кем түспейтін зәулім үйді өзі салып береді. Су жаңа "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қазынадан бөлінетін 2 трлн-ға жуық қаражат осы игілікті іске бағытталмақ. Сіз, тек уыс-уыс теңгеңізден шытырлатып, санап берсеңіз болғаны.

Атауы айтып тұрғандай, өзіне тиесілі, заңды 10 сотық жерін алған кез келген азаматтың үй салуына "Нұрлы жер" басымдық береді. Бағдарлама инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақтарды қамтиды. Бастамасы – сынама (пилоттық) жоба биыл Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстанда қолға алынды. Онда ауданы 100-200 шаршы метрлік болатын коттедж қалашықтары бой көтеруі керек. Шаршы метрі – 120 мың теңге. Есептей беріңіз, 100 шаршы метрлік үйіңіздің салу құны шамамен 12 млн теңгеге жуықтайды.



Үй салғың келсе, қолыңда жарнаң болсын

Еліміздің Инвестициялар және даму вице-министрі ("Нұрлы жер" бағдарламасының жетекшісі) Роман Скляр баспаналы болу ретін түсіндіреді.

"Мәселен, кезекке тұрған азаматтың жылдар бойы күткен мерзімі келді делік. Оған әкімдік арқылы шақырту жіберіліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, салынып біткен үр жаңа үй ұсынылады. Әлгі азамат үйді қолма-қол ақшаға сатып алады немесе "Тұрғын үй жинақ банкі" АҚ арқылы несиеге рәсімдейді. Банктің дәл осы бағдарламаға негізделген арнайы бағыты бар. Яғни, он бес жылға 5 пайыздық үстемемен қарызға береді. Ал, бастапқы жарнасы – 20%".

Оның айтуынша, егер кезегі келген тұрғынның қолында 20 процент жарнасы болмаса, банк тәуекелге бармайды. Бұған қоса, банк азаматтың төлеу қабілеті мен бұрын несие алған-алмағанын егжей-тегжейлі тексереді. Бұнымен қатар ескі жүйе қатар жүреді. Яғни, кез келген азамат жер алып, өз күшімен үй сала алады. Бірақ қаражат жергілікті билік өкілдері арқылы бөлінетіндіктен, инфрақұрылым тартылған аймақтарда жоғарыда айтқан пилоттық жоба аясындағы үйлердің құрылысын салуға көбірек басымдық беріледі. Қаланың келбетін сақтау үшін, бір проектімен, бірдей үйлер салынуы керек деген талап та қойылады.

Баспанасыз қазақтың дені Оңтүстік пен Маңғыстау облыстарында тұрады



Тендерге түскен триллион "тентіреп" кетпесін

Қазіргі кезде министрліктегілер аталмыш пилоттық жобаны іске асыруды жергілікті әкімдіктердің мойнына жүктеп отыр. Жыл сайын инфрақұрылым жүргізу үшін бөлінген қаражаттың 30 млрд теңгесі ауыл-аймақтық өңірлерге жөнелтілсе, қалған 50 млрд теңге қалалық жердегі баспана мәселесін шешуге бағытталады. Бұған 2015 жылы Ұлттық қор мен мемлекет бюджетінен тек қана үйдің құрылысына бөлінген 277 млрд теңгені қосыңыз.

Екі жыл бұрын Үкімет бұл қаражат Ұлттық компаниялар ("Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ – 97 млрд теңге, "Бәйтерек" ҰХ" АҚ – 180 млрд теңге) арқылы игеріледі десе, биыл миллиардтар әкімдіктердің мойнында. Олар қызметтерді сатып алу (тендер) жүйесі бойынша қаржыны құрылыс компанияларына үлестіреді.

Жалпы Үкімет осы бағдарламаны іске асыру үшін 15 жылға 1 трлн 800 млрд теңге қаражат бөлмек. Соның ішінде, 1 трлн 200 млрд теңге инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Демек, ендігі жауапкершілік пен жобаны тиянақты аяқтау міндеті жергілікті әкімдіктерге жүктеледі деген сөз.

Естеріңізде болса, өткен жылғы тұрғын-үй құрылысына бөлінген қаражатты талан-таражға салды деген айыппен "Бәйтерек" ұлттық холдингінің топ-менеджменті тұтқындалған болатын. Осы кезекте заңды сауал туындайды, "Нұрлы жер" бағдарламасының әр тиыны саналатынына, ұстағанның қолында, тістегенің аузында кетпесіне кім кепіл? Әзірше үкіметтегілер "мемлекеттік сатып алу жүйесі талаптарына сай барлық процедуралар заңды түрде өтеді" деп сендіреді.

Жанар Жандосова, "Сандж" зерттеу орталығының президенті:
- Негізінен орталықтандыру жүйесі арқылы бюджеттік қаражаттарды өңірлерге бағыттау – құптарлық іс. Алайда, жергілікті билік тағайындалады, сайланбайды. Сол себепті, олар халық алдында бәлендей жауапкершіліктерін сезінбейді. Тек жоғарыдағылардың көңілін аулауға тырысады. Сондықтан, тендерлік және қабылдау комиссияларына қоғам өкілдерін қосуды талап ету қажет. Әйтпесе, құрылыс нысандарын қандай күйде қабылдап алатыны бәрімізге белгілі. Тым болмаса, осындай бақылау тетігін қолға алуымыз керек.

Инфрақұрылымы тартылса, баспана салуға болады

Азамат Кеңесұлы Астанадан 25-30 шақырымдай ғана қашық орналасқан Қажымұқан ауылынан 2012 жылы 10 сотық жер сатып алған. Екінші нарықтағы құны 750 мың теңге. Арзан болғанымен Астанадан алыстау. Көңілге демеуі елордадағы "Астана Триумфі" мен "Қазақстан Темір Жолы" сынды зәулім ғимараттардың сағым көріністері менмұндалап көрініп тұрады. Ауылда жеке үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.


Қажымұқан ауылы. Астанадан алыс та болса жақын, жақын да болса алыс..

Қажымұқан ауылы. Астанадан алыс та болса жақын, жақын да болса алыс... / informburo.kz


Бірақ инфрақұрылым тартылмағандықтан көше батпақ, тоң жібісе, аяқ аттам жерге жету мұң.


Қажымұқан ауылы. Жол жоқ, тоң түскенде аттам жерге жету мұң

Қажымұқан ауылы. Жол жоқ, тоң жібісе аттам жерге жету мұң / informburo.kz


Әр көшенің бойынан жартылай салынған, бітуге жақындаған не іргесі енді қаланып жатқан кем дегенде 4-5 үйдің құрылысын кездестіресің.


Қажымұқан ауылы. Жеке меншік үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қажымұқан ауылы. Жаңадан салынып жатқан үйлер көп / informburo.kz


Азамат та екі қабатты, 200 шаршы метрлік жеке меншік үйді өз күшімен салып алды. Үйдің іргетасын құю, дайын блоктарды тұрғызу, кірпіш қалау жұмыстарына бас-аяғы екі апта уақыты кеткен.


Азамат Кеңесұлы, Қажымұқан ауылының тұрынғы

Азамат Кеңесұлы, Қажымұқан ауылының тұрғыны / informburo.kz


Сол кездегі есеппен құрылыс жұмыстарына 5 млн. теңге жұмсаған. Демек, 10 сотық жердің құнын қосқанда 200 шаршы метр баспана соғуға 6,5 млн. теңгеге шықты деп есептей беріңіз. Бір әттеген-айы, ауылда инфрақұрылым жоқ. Жарық пен суды бірнеше отбасы бірігіп, өз күштерімен тартып алған.


Инфрақұрылым жүргізілсе үй салу жеңілдейді

Инфрақұрылым жүргізілсе, үй салу жеңілдейді / informburo.kz


Азамат Кеңесұлы, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
- Қазіргі уақытта қос қабатты, жып-жинақы 10х8, яғни, 160 шаршы метр үйді 6,5 млн. (суреттегі үй) теңгеге салып алуға болады. Баспана мәселесін түбегейлі шешу үшін Үкімет тиісті 10 соттық жерге жарық пен суыңды жеткізіп берсе болғаны. Ал үйлердің сәулетін, дизайнерлік безендірілуін бірізділікке келтіру түк те қиын емес, ол үшін құрылысқа рұқсатты рәсімдеу барысында баспананың бекітілген нобайы міндеттелуі тиіс.

Тегін берілетін баспана деген енді болмайды

Үкіметтің аталған бағдарламаға банктерді әрі жекелеген компанияларды тартуы, қаржы жүйесі мен құрылыс секторын қолдауға бағытталған қадам болуы ықтимал. Өйткені, "Нұрлы жер" жобасының бір тармағы өзге де банктер арқылы 10 пайыздық ипотека рәсімдеуге рұқсат береді. Оның 7% мемлекет қаржыландырады. Үкімет "банктер 17% пайыздық ипотекаға "көнді", инфляция, басқа да қаржылық өзгерістерге қарамастан, аталған үстемақы мөлшері 15 жыл бойы өзгермейді" деп мәлімдеп отыр. Дәл осылай құрылыс команияларының алған қарызының 7 пайызы да мемлекет тарапынан қаржыландырылады (субсидия).

Назар аударатын жайт, меншікке өтетін тегін баспана деген түсінік жойылады. Олар күні бүгінге дейін әлеуметтік әлжуаз топтарға берілетін. Бұдан былай, кезектерге тұрған жас отбасы, мемлекеттік қызметкерлер деген санаттарға бөлінбейді, барлық азаматтарға үй тең дәрежеде кредиттік жүйе арқылы рәсімделеді.

Тоқ етері, бәрібір баспана – кез келгеннің бақшасында пісе бермейтін олжа болып қала береді. Бағдарлама аясында салынатын көпқабатты және қосқабатты үйлерді ақшаңыз болса – қолма-қол, болмаса – "Тұрғын үй жинақ банкі" АҚ арқылы несиеге аласыз. Оның өзінде сіздің төлеу қабілетіңіз бен алашақ-берешек тарихыңыз тексеру "тезінен" өтеді. Сол себепті, қазірден бастап арнайы шот ашып, тиын-тебендеріңізді жинап, қамдану қажет.

10 сотық жер алуға кезекте миллион жарым қазақ тұр. Триллион оларға жете ме?

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Құрылыс және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан бойынша қазір 2 млн 400 мың адам баспана кезегінде тұр. Ал 10 сотық жер телімін алуға тіркелгендер саны 1 млн 312 мың 831 адам. 700 мың қазақ пәтер алуға тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінде салымшы. 400 мың адам – әкімдіктерде кезекте.



Болжам бойынша, "Нұрлы жер" бағдарламасына бөлінген триллион қаражатты игеруге арналған 15 жылда 1,5 млн адам түгел баспаналы болады. Бұл болжам шындыққа жанаса ма? Әзірге үміттен күдік басым.

Серіктестер жаңалықтары