Арыс тұрғындарынан мүлкінің ұрланғаны туралы 85 арыз түсті
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккер осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, 28 маусымнан бері тұрғындардың шағымдарымен 48 тексеру тобы жұмыс істеп жатыр.
– Үйіне қайтқан тұрғындар жеке мүлкінің жоғалуына қатысты әр түрлі шағым түсірді. Біреулер шкафта 1,8 млн теңгем қалды деп келеді. Түскен шағымдар бойынша полицейлер халықпен әңгімелесіп, кейбірі арыздарын қайтарып алды. Өкінішке қарай, тұрғындар арыздансам, өндіріп аламын деп ойлайды, – дейді В.Беккер. Комитет төрағасы шағымдардың арасында бір адамның көлігінің ұрланғаны туралы арыз бар екенін хабарлады.
Үкімет резервті 72,9 млрд теңгеге ұлғайтылады
Оның бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға бағытталатын болады. Қаржы министрі Ә.Смайылов осылай деп хабарлады.
Екінші бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халықтың 300 мың теңгеге дейін жалпы мөлшерде негізгі борышы және ол бойынша есептелген өсімпұлын төлеуге жұмсалады. Осы мақсаттарға 88,5 млрд сомасында қаражат қарастырылған. Сонымен қатар жұмыспен қамту, аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдауға 138,6 млрд теңге бағытталатын болады.
Ноғаев: Азаматтығына қарамай жалақы тең төленуі керек
Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев өңірде орналасқан алпауыт мұнай компаниялары мен мердігер ұйым басшыларының басын қосып, жиналыс өткізді. Кешегі Теңіз кенішіндегі тәртіпсіздіктердің шығу себебін атап, жұмыс берушілерге қатаң талаптар қойды. Әкімнің айтуынша, Теңіздегі оқиға еңбек жағдайының барлығына бірдей болмауының салдарынан туындаған.
– Көпшілігі жұмыс берушінің заңсыз әрекетін, еңбек кодексінің талабына сәйкессіздікті ашып айтуға қорқады. Өйткені жұмыс беруші қандайда болмасын себеп тауып, жұмыстан шығарып жіберетінін айтып үркітетін жағдайлар да жоқ емес, – деді Нұрлан Ноғаев. Бұл ретте күзет фирмасының өкілдері нысандарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау бойынша тікелей қызметтік міндеттемелерін орындаудың орнына жұмысшыларды қорқытумен айналысқан деректердің тіркелгені туралы айтылды.
Облыс басшысы қазіргі еңбек жағдайы мердігер мекемелердегі жұмысшылардың көпшілігін қанағаттандырмайтынын атап өтті. Президенттің бірдей жұмыс істейтін мамандардың азаматтығына қарамай бір мөлшерде лайықты еңбекақы төлеу туралы тапсырмасының орындалуы тиістігін тілге тиек етті. "Иә, барлығының жалақысын теңестіруге болмайды. Алайда әділдік болуы тиіс. Бір ұжымда бірдей жұмыс істеген екі адамның бірі – 3 жүз доллар, екіншісі – 3 мың доллар алмауы керек" деді әкім.
Мердігер мекеме басшыларына Еңбек кодексінің, еліміздегі барлық заңдардың, соның ішінде көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу міндетін қойды. Барлық жұмысшыға бірдей жұмыс жағдайын жасауды тапсырды.
Шетелдіктер Қазақстанға білікті мамандар тапшы болғасын келіп отыр
Энергетика министрінің орынбасары М.Досмұхамбетов осылай дейді. Айтуынша, Теңіз – өте күрделі жоба. Оны жүзеге асыру үшін Қазақстанда жоқ мыңдаған білікті маман керек.
– Қазір кеніште 40 мыңдай адам жұмыс істеп жатыр. Жағдай талданады, егер қандай да бір жұмысшының жалақысы негізсіз көтерілсе, шара қолданылады, – деді М.Досмұхамедов. Осы орайда министрлік өкілі шетелдіктер мен отандық жұмысшылардың жалақысында жер мен көктей айырмашылықтың барын мойындады.
Елордада "Астана" халықаралық қаржы орталығының соты мен төрелік орталығы ашылды
Салтанатты рәсімге Президент Қ.Тоқаев қатысты.
– Елімізде жүйелік жаңа реформалар жүріп жатыр. Орталықты ағылшын құқығы негізінде құрып, институционалды өзгерістерді жасап болдық, – деді жиында сөз сөйлеген мемлекет басшысы. Президент халықаралық қаржы орталығының ашылуын еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағыталған бір қадам деп атап өтті. Ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін сот пен төрелік орталығы бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің аумағында болмағанын тілге тиек етті.
Көпбалалы отбасыдан шыққандарға грант қашан беріледі?
Бұған дейін қосымша гранттардың иесі тамыз айында анықталатыны туралы хабарлаған болатын. Әуелі жоғары оқу орындары биылға берілген 53 700 грантты бөледі. Егер олардың ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алатын, көпбалалы отбасылардан шыққан түлектер болмаса, олар тамыз айында жергілікті атқарушы органдарға өтініш қалдыруы керек. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың айтуынша, грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге беріледі.
Шілденің жартысы жаңбырлы болады
Синоптиктер жаздың екінші айына қатысты осындай болжам жасады. Таратылған ақпаратқа сүйенсек, айдың басында солтүстік өңірлерге Скандинавия аудандарынан циклон ығысады, онымен бірге дауылды жел соғады, жаңбыр, кей жерде қатты жаңбыр болжанады, сондай-ақ бұршақ, найзағай және дауыл түріндегі конвективті құбылыстар күтіледі. Елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында ауа температурасы күндіз +17 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Екінші және үшінші онкүндіктерде сынап бағаналары солтүстік, орталық пен шығыста түнде +20 градусқа дейін, күндіз +38 градусқа дейін ауытқиды. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батысында түнде +30 градусқа дейін, күндіз 45 градусқа дейін көтеріледі.
Астанада жалдамалы пәтерлерге құжаттар қабылданып жатыр
Елорданың тұрғын үй қоры "Еңбек" бағдарламасы аясында азаматтарға Солтүстік Қазақстан облысынан жалдамалы пәтер беруге құжаттар қабылдауды бастады. Пәтерлер СҚО-ның Ғ.Мүсірепов ауданындағы тұрғын үйлерден беріледі.
Ай сайын 7-9 мың жалдамалы ақысы төленетін пәтерлердің жалпы ауданы 70-90 шаршы метр. Бес жыл өткеннен кейін баспананы жекешелендіріп алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушы әр отбасына 88 375 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек беріледі. Өтінім берушілер Елордада пәтер кезегінде тұруы тиіс. Олардың 3-тен көп баласы болуы, сондай-ақ механизатор, электрші, құрылысшы, металл жонушы, мал дәрігері, малшы, КАМАЗ жүргізушісі не энергетик болуы қажет. Ал, құжат тапсырушыда аталған мамандықтың бірі болмаса, оған тегін оқу ұсынылады.
Елімізде 2 мың жаңа әжетхана орнатылады
Бірінші кезекте олар туристер көп жиналатын қоғамдық орындарға қойылады. "Kazakh Tourism" компаниясының Басқарма басшысы Т.Дүйсенғалиевтің айтуынша, тас жолдардың бойына, жазық дала мен тау бөктеріне орнатылатын туалеттердің біреуі 20 мың доллар тұрады. Төзімді, көп уақыт қызмет көрсетуге шыдайтын әжетханалардың әрқайсысының қойылатын жерін таңдауға мүмкіндік бар. Ол үшін info@qaztourism.kz электронды поштасына ұсыныс тастау керек.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді. Айтуынша, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті беру және оған қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді қосып есептеуге тыйым салынды.
Baq.kz: Елбасының жеке ресми сайты іске қосылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке интернет-ресурсы пайда болады. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Twitter-дегі парақшасында жазды. "Жақын арада біз ресми интернет-ресурсты іске қосамыз. Айта кетейік, бұған Елбасы өз бағасын беріп үлгерді"делінген Айдос Үкібайдың Twitter-дегі парақшасында.
Тengrinews.kz: Жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылады. ҚР ИИДМ деректері бойынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға және салуға қаржы қарастырылды. Республикалық бюджеттен жылына 2 миллиард теңге бөлу жоспарлануда немесе 7 жылда 150 млрд теңгені құрайды. Жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. 7 жылда 40 мың отбасы. Осы жылдың мамыр айынан бастап 1480 көпбалалы отбасыға баспана берілді.