Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров ел парламентінің төрағасы Нұрланбек Шакиевтің қырғыз әнұранын өзгертуге қатысты ұсынысына пікір білдірді. Президенттің пікірінше, әнұранды жаңарту – орынды бастама.
"Оны өзгертсек жақсы болады. Қазіргі әнұранымыз осыдан 33 жыл бұрын тәуелсіздік алған жылдары жазылған. Оны жазғандар "азат, тәуелсіз ел болдық, Қырғыз елі, тағдырың өз қолыңда, алға баса бер" деген сарында қуанышпен, толқыныспен жазған. Ал қазір мемлекет ретінде толық қалыптастық. Бізді бүкіл әлем таниды. Жүз жыл өтсе де, азаттық алдық, тәуелсіз ел болдық деп жырлай береміз бе?" – деді Садыр Жапаров.
Оқи отырыңыз: Қырғызстан парламенті елдің әнұранын жаңартпақ. Қырғыз халқы бұған қалай қарайды
Оның айтуынша, елдің қазіргі әнұраны ұмытылмайды, алғашқы әнұран ретінде мұрағатта тарих болып қала бермек. Ал жаңа мемлекеттік Әнұранның мазмұны мемлекетті ұлықтау, азаматтарды отансүйгіштікке, бірлікке, келісімге шақыруға негізделіп, "мемлекетімізді мәңгілік сақтаймыз" деген ұранды қамтуы керек.
Парламентінің төрағасының ұсынысын құптамайтындарға қатысты президенттің ойынша, әрбір бастамаға қарсы келетіндер болатыны – заңдылық. Бұл ретте ол Қырғызстанның туын өзгерту кезінде де қарсы пікір айтқандар болғанын еске салды.
"Кейбір демократтар мен популистер туды бекіту идеясына қарсылық білдірді. Қазіргі туымыз жаман ба? Ол бұрынғы тудан бір саты жоғары тұр. Ескі туымыздағы күн не күнбағыс емес, не ағаш кесетін ара емес, түсініксіз бірдеңе болатын. Қазіргі туды көрген адам оның күн нұры екенін бірден түсінеді. Ол жарқырап тұр", – деді Садыр Жапаров.
Еске салайық, қырғызстандық 24.kg басылымы ұйымдастырған сауалнамаға сайт оқырмандары белсенді жауап беріп жатыр. Әзірге жауап бергендердің басым бөлігі – 44 пайызы әнұранды өзгертуге қарсы. Олардың пікірінше, қазіргі әнұран елдің рухы мен мәдениетін айқын көрсетеді.