Тікелей эфир

Жұтпен күреске бөлінген бюджеттің 700 миллион теңгесі әлі игерілмеген

Маңғыстаулық шаруалар малдарын жаппай сойып сатуға мәжбүр.

Маңғыстау облысындағы жұт шаруаларды тығырыққа тіреді. Мал бағып отырған азаматтар ауылдың айналасы өлексеге толды деп дабыл қағып отыр. Жем-шөптің жоқтығынан биыл мал көтерем, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арна тілшілеріне хабарласқан маңғыстаулық шаруалар  малдарын жаппай союға мәжбүр болып отырғанын айтқан.

"Маңғыстау шаруаларының жағдайы ушығып бара жатыр. Оған себеп – қуаңшылық, жерде шөптің болмауы. Малымыз топырақ жеп, әр жерде өлексе саны көбейді. Қазіргі таңда малымыздың басын аман-есен ұстап отырмыз. Бірақ, жем-шөптің бағасы қымбат", – деді шаруа Әбді-Уәли Игібай.

Шаруалардың кейбірі кейбірі үкіметтен берілетін бір реттік көмекті толықтай алмаған. Олар санаулы малға да жем тауып берудің өзі ауырлап кеткенін айтса, өңір басшылығы базалар жасақталып, қыстық мал азығы дайын тұрғанын мәлімдеді. Дегенмен, үкіметтен бір реттік көмекке бөлінген 1 миллиард 900 миллион теңге қаражаттың әлі 700 миллион теңгесі игерілмеген. Өйткені, бірдейлендіру базасына тіркелмеген малға қаражат берілмейді.

"Тіркелмей қалған малдарды тіркеуге 10 тамыздан 10 қазанға дейін уақыт беріліп, бүгінгі таңда 71 мың 343 мал басы тағы тіркелді. Оның 67 мыңы – аналық бас. Соларға қаражат бөлуге үкіметке хат берілді", – деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсағали Нұғманов.

Серіктестер жаңалықтары