Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін айтты.
"Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшылар келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа нейрожелілер сұранысқа ие бірегей контент өндіру үшін қажет ақпаратты іздеп, талдай алатын пайдалы құралға айналды. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Сіздердің жаңа технология мүмкіндіктерін толығымен пайдаланатындарыңызға сенімдімін. Бүгінде елімізде медиасаланың, соның ішінде блогосфераның қанат жаюына барлық жағдай жасалған. Оқиға ортасынан шынайы ақпарат таратуда өздеріңізге мол жауапкершілік жүктелген. Мұны сезіне білу өте маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.
"Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бесаспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді", – деді мемлекет басшысы.
Шара аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың арасында "Информбюро" порталының бас редакторы Гүлжан Мұқышева да бар.
Сондай-ақ, БАҚ саласының бірқатар қызметкері президенттің БАҚ саласындағы сыйлығы мен грантына ие болды.
Қазақстан Республикасы президентінің БАҚ саласындағы сыйлығы:
- "Egemen Qazaqstan" газеті бас редакторының орынбасары – Талғат Садықұлы Батырханға;
- "АЙҚЫН-ЛИТЕР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры – Талғат Ешенұлы Қырықбаевқа;
- "Казахстанская правда" газетінің бөлім редакторы – Юлия Дмитриевна Магерге;
- "Qazaqstan" ұлттық телеарнасының шеф-редакторы – Армангүл Тоқтамұратқа берілді.
Қазақстан Республикасы президентінің БАҚ саласындағы гранты:
- "Kokshe" телеарнасының шеф-редакторы – Зарина Өмірғалиқызы Бекқалиеваға;
- "Jibek Joly / Silk Way" телеарнасының тілшісі – Күнсая Құрмет-Рахимоваға;
- "Abay Live" YouTube арнасының авторы және жүргізушісі – Абай Сейфуллаұлы Тіленшиевке;
- "Тengrinewskz" сайтының тілшісі – Алина Александровна Шашкинаға тапсырылды.
Қазақстан Республикасы президентінің БАҚ саласындағы Алғысы:
- "Ana tili" газетінің шығармашылық ұжымына;
- "BALAPAN" телеарнасының шығармашылық ұжымына;
- "Soltustik Qazaqstan" газетінің шығармашылық ұжымына;
- "Хабар" агенттігі" акционерлік қоғамының ұжымына жарияланды.
USD:
506.1 / 508.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63