Жұмыссыз қалған қазақстандықтарға әлеуметтік төлем қалай тағайындалады

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
2025 жылы 354 мың азамат әлеуметтік төлем алды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем алған азаматтардың саны 354,2 мың адамды құрады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы 311,9 мың адамға бұл төлем алғаш рет тағайындалған. Жыл бойы төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 130,4 млрд теңгеге жетті.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем мөлшері жоғалған табыстың 45 пайызына дейін жетеді және МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Әлеуметтік төлем алу үшін азаматтар eGov.kz порталы немесе Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Жұмыс табылмаған жағдайда, үш жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі қашықтан беріледі", – делінген хабарламада.

Министрлік жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға төлемді тағайындау процесі проактивті форматта жүргізілетінін атап өтті. Яғни, МӘСҚ-тан төлем тағайындауға келісу үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жолданып, азаматтың келісімі алынған соң төлем автоматты түрде рәсімделеді.

Айта кетейік, бұл әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан төленеді және азаматтарды жаңа жұмыс тапқанға дейін қолдауға бағытталған.

Серіктестер жаңалықтары