Жүктілік, бала босану және зорлық-зомбылық. ДДСҰ Орталық Азиядағы әйел өлімінің басты себептерін атады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
2018-2022 жылдары жүктілік пен босануға байланысты себептерден өңірде 3,5 мыңнан астам әйел қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа мен Орталық Азиядағы әйелдер өлімінің негізгі себептерін талдап, денсаулық сақтау жүйелерінде әйелдердің денсаулығына қатысты елеулі дерек тапшылығы бар екенін анықтады. Бұл туралы БҰҰ ресми сайтында жазылған. 

Соңғы 20 жылда Еуропа және Орталық Азия елдерінде ана өлімі жалпы төмендеген. Өңірдегі босанулардың 98%-дан астамы медициналық мекемелерде өтсе, шамамен 99 пайызында білікті медицина мамандарының көмегі көрсетіледі.

Соған қарамастан, 2018-2022 жылдары жүктілік пен босануға байланысты себептерден өңірде 3,5 мыңнан астам әйел қайтыс болған. ДДCҰ мәліметінше, бұл өлім жағдайларының басым бөлігінің алдын алуға болатын еді.

Алайда әйелдер өлімінің мәселесі тек ана денсаулығымен шектелмейді. ДДСҰ талдауына сәйкес, Еуропа өңірінде зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болатын әйелдердің саны жүктілік пен босануға байланысты себептерден көз жұматын әйелдер санынан көп. Бұл ретте зорлық-зомбылықтың нақты ауқымы ресми статистикада толық көрінбеуі мүмкін.

Зорлық-зомбылық көбіне жас әйелдер мен қыздарға қатысты мәселе ретінде қарастырылады. Алайда егде жастағы әйелдер де интимдік серіктестер тарапынан зорлық-зомбылыққа, психологиялық қысымға және оның басқа да түрлеріне ұшырайды.

Сондай-ақ фемицид, яғни әйелді жынысына байланысты қасақана өлтіру қаупі өмір бойы сақталады.

"Жалпы алғанда, негізгі аурулардың көпшілігінен ер адамдардың өлім көрсеткіші әйелдерге қарағанда жоғары. Дегенмен 45 жастан асқан әйелдерге қатысты статистикаға тереңірек үңілгенде басқа мәселе байқалады. Бұл жаста әйелдердің өлім себебі ер адамдарға қарағанда "нақты көрсетілмеген өлім себептері" санатына жиірек енгізіледі. Оған кәрілік әлсіздігі, жүректің тоқтауы, жүрек жеткіліксіздігі, нақтыланбаған деменция немесе белгісіз себеп сияқты тұжырымдар жатады. Осының салдарынан әйелдердің шын мәнінде қандай себептерден қайтыс болатынын анықтау қиындай түседі. Бұл айырмашылықтың бір себебі әйелдердің ер адамдарға қарағанда ұзақ өмір сүруімен байланысты болуы мүмкін. Егде жаста бірнеше созылмалы аурудың қатар жүруі өлімнің нақты себебін анықтауды қиындатады", – делінген хабарламада.

Алайда ДДCҰ бұл жағдайды тек осы факторлармен түсіндіруге болмайтынын мәлімдейді. Әйелдерге диагноздың кеш қойылатыны, қосымша медициналық тексерулерге сирек жіберілетіні туралы деректер көбейіп келеді. Сонымен қатар клиникалық зерттеулерге, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты зерттеулерге әйелдер жеткілікті деңгейде қамтылмайды.

Жас ұлғайған сайын әйелдер созылмалы аурулармен, мүгедектікпен және өзге адамдардың көмегіне тәуелділікпен жиі бетпе-бет келеді. Олардың қатарында тірек-қимыл аппаратының аурулары, деменция және басқа да жүйке-психикалық бұзылыстар бар. Бұл аурулар әйелдердің өмір сапасына, күнделікті тұрмысына және күтімге деген қажеттілігіне айтарлықтай әсер етеді. 

 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау