Алматы облысының жүк көлік жүргізушілері жаппай наразылыққа шықты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Инертті материал таситын азаматтар Көлік министрлігінен белгіленген салмақ нормасын өзгертуді сұрап отыр. Өйткені, жүк салмағы сегіз тоннадан аспау керек деген ережеге көліктеріміз сай келмейді дейді.
Сонымен қатар салынатын айыппұл көлемі де аз емес екенін айтады. Олар көлікке артылатын жүк сегіз тоннадан аспау керек деген төрт жыл бұрынғы ережені өзгерту керек дейді. Өйткені, бекітілген салмақ өте аз және жол шығындарын ақтамайды.
Сондықтан, белгіленген жүктен асырып тиеуге тура келеді екен. Ал ережеге бағынбағандарға кемі 500 мың теңгеден айыппұл салынады.
"760 мың теңге айыппұл мен төлей алмаймын. Мен өзім кредит алып көлікпен жұмыс істеу үшін отырмын. Жеті балам бар. Менде ғана емес, осында тұрған барлық азаматтың отбасысы бар, сондықтан бізге үкіметтен көмек қажет", – деді жүк көлік жүргізушісі Асқар Ермеков.
Дегенмен, табандап талап айтқандар бұнымен тоқтамаймыз дейді. Олар мәселемізді жауапты ведомство қайта қарасын деп отыр.