Тікелей эфир

Зорлық-зомбылық құрбандары полициядан құпия сөз арқылы көмек сұрай алады

Құпия сөздерді полиция инспекторларынан сұрап білуге болады.

Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары полицияға арнайы құпия сөз арқылы қиын жағдайға тап болғанын хабарлай алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетов мәлімдеді.

"Зорлық-зомбылық құрбаны 102 нөміріне хабарласып, операторға жасырын сөздерді айтады. Ал қоңырауды қабылдаған оператор өз кезегінде дереу тұрғынның қайдан хабарласып тұрғанын анықтап, оқиға болып жатқан жерге тәртіп сақшыларын жіберетін болады", – деді Арман Айтмағамбетов.

Алайда бұл құпия сөздер көпшілікке ашық түрде жария етілмейді. Көмек сұрауға көмектесетін құпия сөздерді азаматтар полиция инспекторларынан сұрап біле алады. Полиция өкілдерінің айтуынша, кейде зорлық-зомбылық құрбандары психолог, дәрігер немесе 103 арнасы арқылы өз жағдайын жеткізеді.


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


"Жуырда әйел адам полицияға хабарласып, құпия сөзді айтты. Жедел жасақ барғанда әйелдің 7 баласының бар екенін анықтады. Әйел бірнеше жылдан бері отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келген. Айыптының ісі қаралып жатыр, ол бес тәулікке қамауға алынған болатын", – деді Нұр-Сұлтан полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шырахметова.

Серіктестер жаңалықтары