Тікелей эфир

Жол ережесін 195 рет бұзған: Алматыда 7 миллион теңге айыппұлы бар көлік жүргізушісі ұсталды

Полицейлер құқық бұзушыны Достық даңғылында ұстады.

Алматының 19 жастағы тұрғыны жол ережесін өрескел бұзған болып шықты, деп хабарлайды Полиция департаменті.

Оны полицейлер қаланың Медеу ауданындағы Достық даңғылы бойында ұстады.

"Бұл жолы да "Қорғау – қауіпті жүргізуші" автоматтандырылған жүйесі тиімді пайдаланылды. Аз уақыт ішінде көлік жүргізушісі 195 рет жол ережесін бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 7 миллион теңге болған. Оның үстіне кей жағдайда, жүргізуші жалған нөмірді пайдаланып, көліктің жылдамдығын 200 шақырымға дейін үдеткен. Көліктің өзі көрші Қырғызстанда тіркелген. Сот қаулысымен көлік жүргізушісі әкімшілік қамаққа алынды, оның көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Жүргізуші барлық айыппұлдарын толығымен төлеуге міндетті болады", – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Аманбек.

Алматы полициясы жазаның бұлтартпастығы қағидасын тағы да еске салып, жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Серіктестер жаңалықтары