Жол апатына кінәлі болсаңыз да өтемақы алуға болады. КАСКО автосақтандыруға қатысты 7 cұраққа жауап

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
КАСКО полисін онлайн рәсімдеуге болады.

Қазақстанда көлікті сақтандырудың екі түрі бар: бірі – міндетті, ал екіншісі – ерікті. Ерікті сақтандырудың бір түрі КАСКО-ның артықшылығы туралы көп адам біле бермейді.

Осы орайда Информбюро тілшісі КАСКО автосақтандырудың артықшылығы, рәсімдеу жолы мен өтемақыны қалай алуға болатынын және сақтандыру компаниясы қандай шығындарды өтейтінін түсіндіреді. 

№1. КАСКО дегеніміз не?

КАСКО – көлікті ұсақ сызаттардан бастап ірі жол-көлік оқиғаларына дейінгі түрлі қауіп-қатерден қорғайтын ерікті сақтандыру түрі. Міндетті сақтандырудан айырмашылығы, КАСКО – көлік құралы иесінің мүдделерін қорғайтын ерікті сақтандыру. Тіпті автокөлік иесінің өзі апатқа кінәлі болса да, тіпті өзінің көлігі бүлінсе де КАСКО залалды өтейді. Көлік иесі өз көлігін сақтандыру компаниясының төлемі есебінен жөндейді.

№2. КАСКО-ның міндетті сақтандырудан қандай айырмасы бар?

Біріншіден, бұл – ерікті сақтандыру, міндеттелмейді. Екіншіден, міндетті сақтандыру зақымдалған автокөлікті жөндеуге кеткен шығынды өтейді. Мұндайда көлігіңіз басқа көлікті соқса, онда сақтандыру компаниясы өтемақыны тек екінші зақымдалған көлікке төлейді. Ал өз көлігіңізге зақым келсе оны өзіңіз реттеуіңізге тура келеді. Ал КАСКО – сіздің өз көлігіңізге келген залалды өтейді, тіпті жол апатына сіз кінәлі болсаңыз да, КАСКО сақтандыру шартына сәйкес залалды сақтандыру компаниясы өтейді.

№3. КАСКО қандай шығындарды өтейді?

КАСКО сақтандыру шартына байланысты келесі шығындарды өтеуі мүмкін:

  • Жол-көлік оқиғасы;
  • Көлікті ұрлау не айдап әкету, тонау, бөлшектерін ұрлау;
  • Өрт, жарылыс, найзағай соғуы;
  • Табиғи апаттар (дауыл, бұршақ, су тасқыны, жер сілкінісі, көшкін);
  • Үшінші тұлғалардың әрекеті (вандализм);
  • Көліктің аударылып кетуі, үстіне қандай да бір заттың құлауы, мұз үстіне түсіп кетуі;
  • Жануармен соқтығысу және тағы басқалар.

№4. КАСКО сақтандыру сомасы қалай есептеледі?

Сақтандыру сомасына келесі факторлар әсер етеді:

  • Көлік құны;
  • Шыққан жылы;
  • Жүргізушінің тәжірибесі;
  • Бұрын болған апаттар;
  • Сақтандыру мерзімі мен бағдарламасы.

Сақтандыру төлемдерінің сомасы сақтандыру шарттарына байланысты. 

№5. КАСКО арқылы өтемақы алу үшін не істеу қажет?

КАСКО сақтандыруыңыз болса жол-көлік оқиғасы немесе басқа жағдайдан соң сақтандыру төлемін алу үшін алдымен полиция қызметкерлерін шақыру қажет. Егер зардап шеккендер болса, міндетті түрді жедел жәрдем шақырыңыз. Оқиға болған жерді, зақым келген көліктерді фотосуретке түсіріп, жол полициясынан анықтама мен хаттама алу қажет. Содан кейін сақтандыру компаниясына жүгініп, қажет құжаттар мен дәлелді ұсынған соң көлікті бағалау жүргізіледі. Компания жөндеу ақысын төлейді немесе жөндеу орталығына жібереді. 

Ал табиғи апат салдарынан көлікке зақым келсе фото не видеоға түсіріп, сақтандыру компаниясына хабарласып, Төтенше жағдай министрлігінен немесе Қазгидрометтен анықтама алу қажет. 

Сақтандыру компаниясына үш-бес жұмыс күні ішінде жүгіну қажет, себебі уақытылы хабарламаса өтемақы төлеуден бас тартуы мүмкін. Сол себепті шарт талаптарын сақтаңыз.

№6. КАСКО-ны онлайн рәсімдеуге бола ма?

Иә. Қазір сақтандыру компаниялар онлайн КАСКО рәсімдеуді ұсынады. Көліктің деректерін енгізіп, бағасын есептеп, келісімшартқа онлайн қол қойып, онлайн төлем жасап, электронды түрде полис алуға болады.

Мысалы, "Евразия" сақтандыру компаниясы арқылы КАСКО полисін алу үшін бар-жоғы үш әрекет жасау жеткілікті:

  • Компания сайтында көлік пен жеке тұлғаның деректерін енгізіп, сақтандыру сомасын есептеу;
  • Төлем жасау; 
  • Бейне рәсімдеу.

№7. Сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тарта ала ма?

Сақтандыру компаниясы келесідей жағдайлар орын алса төлем жасаудан бас тартуға құқылы:

  • шарт талаптарын бұзу: клиент мас күйде болса немесе көлікті сақтандыру полисінде жазылмаған адам айдаса;
  • сақтандыру компаниясына кеш жүгінсе: жоғарыда атап өткеніміздей клиент болған жайтты сақтандыру компаниясына 3-5 жұмыс күні ішінде хабарлауға тиіс;
  • қажет құжаттар болмаса: полиция хаттамасы болмаса, табиғи апат болса ТЖМ не Қазгидромет анықтамасы болмаса, зардап шеккен тараптар полиция шақырмай өзара келіссе;
  • көлікті бөтен біреу емес көліктің иесі әдейі зақымдаса.

Сондықтан келісімшартқа қол қоймас бұрын шарттарын оқып алыңыз.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары