Тікелей эфир

Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы 6 миллион теңге иеленеді

"ЖОО үздік оқытушысы – 2021" байқауына жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады.

Республикалық байқау жеңімпазы 6 млн теңге шамасында сыйақы алады. Байқауға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 қарашадан 15 қарашаға дейін жалғасады, деп мәлімдеді БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Байқауға жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары қатыса алады. Олардың үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл, оқытушылық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері болуы тиіс. Мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және жоғары оқу орындары оқытушыларын кәсіби тұрғыда одан әрі дамуына ынталандыру.

"Конкурс екі кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, алдымен жоғары оқу орнының ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді. "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар БҒМ universitycontest.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта қабылданады. Жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамынан тұратын сарапшылар тобы келіп түскен барлық құжатты тексереді. Сараптау тобының қорытындысы негізінде ЖОО комиссиясы конкурсқа қатысушылардың екінші республикалық кезеңге қатысуы туралы шешім шығарады. Республикалық деңгейде құрылған комиссия құрамына ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының өкілдері мен сарапшылар енгізілді", – деп хабарлады БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Айта кетейік, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауының жеңімпаздары ақшалай ынталандырумен қатар төсбелгіге де ие болады. Байқау ақпараттық жүйе базасында өтеді, сәйкесінше конкурсқа қатысушылар барлық кезеңнің ашық өтуін бақылай алады.

Еске салсақ, Асхат Аймағамбетов 2022 жылы грант көп бөлінетін үш мамандықты атаған еді. Министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі.

Серіктестер жаңалықтары