Тікелей эфир

Жетісу облысының Алакөл ауданында алып қызылша өсірілді

Биыл Алакөл ауданында 20 шаруа қожалығы 500 гектарға қант қызылшасын егіп, Жетісу облысындағы қант өндірісін дамытуға үлес қосып отыр.

Солардың бірі – "Сүлейменов" шаруа қожалығы. Шаруашылық алғаш рет қызылша сеуіп отырғанына қарамастан, егістіктің өнімділігі 500 центнерге дейін жетті, ал жекелеген тәтті түбірдің салмағы 6-8 келіге дейін барып отыр, деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

"Сүлейменов" ШҚ басшысы Жасұлан Сүлейменов биылғы жылы 8 гектар қант қызылшасын еккен. Бірінші бөлігі – 4 гектарда өнімділік 300 ц/га құрайды, ал екінші 4 гектарда бұл көрсеткіш 500 ц/га дейін барды. Осы шаруашылықта өсірілген дақылдың ең үлкенінің салмағы – 8 кг 623 г жетті. 

Жасұлан Сүлейменовтің айтуынша, ол 10 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқанымен, биыл қант қызылшасын алғаш рет отырғызған. Бұған дейін қызылша өсіруді тиімсіз және қиын жұмыс деп санап, тек майбұршақ өсірумен айналысқан екен. Дегенмен биылдан бастап қант қызылшасына төлем зауыттан берілетін сома мен мемлекеттік субсидияны қоса алғанда 40 мың теңгеге өскендіктен тәтті түбір өсірудің табыстылығы артқан. Соған орай биыл шаруашылық қызылшаға ден қойған.

"Биыл Көксу қант зауыты американдық элиталық сорт тұқымымен қамтамасыз етті. 8 гектардан 320 тонна өнім жинадық. Алқаптың бірінші бөлігінде бір тәтті түбірдің орташа салмағы 6 килограмға жетсе, ең ірісі 8 келіден асып отыр. Өнімдерімізді Ақсу қант зауытына өңдеуге тапсырдық. Келесі жылы тәтті түбірдің егіс алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз", – деп атап өтті шаруашылық жетекшісі.

Оның айтуынша, мұндай өнімділікке қол жеткізу үшін тұқымның сорты да, агротехникалық талаптарды сақтау да, баптап өсіру мен суғару да – бәрі маңызды.  

Жалпы облыс бойынша осы жылы 370 мың тонна өнім жинау жоспарланған, бұл ретте 2 қант зауыты 71 мың тонна қант өндірмек. Алакөл ауданына келсек, аудан әкімдігінің мәліметінше, осы кезеңде 52 гектардан 1250 тоннаға жуық өнім жиналды. Қазір Үшарал және Көлбай ауылдық округтерінде қызылша жинау науқаны жалғасып жатыр. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотосуреттерді Алакөл ауданының әкімдігі ұсынды

Серіктестер жаңалықтары